Париж төрінде өтіп жат­­қан Паралимпиада ойында­рын­да ұлттық құрама бес жүл­де еншілеп үлгерді. Оның еке­уі – алтын, екеуі – күміс, қал­ғаны – қола ме­­­­­даль. Өткен до­­­­далармен салыстырғанда көр­­сет­кіш едәуір жақсарған. Төртжылдықты түйіндер бә­се­кенің аяқталмағанын ес­­­кер­сек, ел қоржыны тағы да то­лығуы бек мүмкін.
Қоржында – қос алтын
1,095
оқылды

Жалпы, Қазақстан құрамасының Пара­лимпиададағы жолы қысқы ойындармен байланысты. Себебі алғаш рет 1994 жылы па­ратлеттер Лиллехаммерде өткен қысқы Пара­лимпиада ойындарына қатысады. Жай ғана қатыспай, шаңғы спортынан Любовь Воробьева күміс медаль еншілейді. Осы­лай­ша, параойындар тарихында 2022 жылға де­йін паратлеттер тоғыз жүлде алса, соның же­теуін жазғы, қалған үшеуін қысқы додада алды. 

Ал жазғы Паралимпиада ойындарына келсек, алғаш рет Атлантада (1996) өткен бәйгеге 12 параспортшы аттанды. Сиднейде – екі, Афинада – сегіз, Пекинде – үш, Лон­донда – жеті, Рио-де-Жанейрода – 11, То­кио­да – 26, Парижде 44 паратлетке сенім арт­тық. Алғашында саңлақтар жазғы бәсекеде қатарынан бес рет жүлдесіз оралды. 2016 жы­лы Бразилияда өткен параойындарда асығы­мыз алшысынан түсіп, тарихтағы тұңғыш ал­тын жүлде бұйырды. 100 метрге еркін жүзу­ден Зульфия Габидуллина көк байрақты көкте желбіретті. Одан кейін пара­­­­пауэр­лифтингтен Раушан Қойшыбаева күміс жүлде еншіледі. Осылайша, жалпы есепте 39 орынға табан тіредік. Медаль сыңғырын естіген соң, қай спорт түрі болмасын түрленіп сала бере­тіні белгілі. Сол сияқты Рио паралим­пиа­дасы параспортқа көптің мойнын бұр­ғызды. Қо­ғам спортта шектеу жоғын, жетіс­тікке жетуге боларын түйсінді. Сәйкесінше, келесі Пара­лимпиадаға қатысатын спортшы саны да кө­бейді. Сөйтіп, 2021 жылы Токиода өткен жа­рыста бес жүлде еншіледік. Оның біреуі – алтын, үшеуі – күміс, біреуі – қола. 54 келі салмақта парапауэрлифтингтен Давид Дег­тярев алтын жүлде алды. Үш қола жүл­денің үшеуін де парадзюдошылар әперді. Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет пен Зарина Бай­­батина бапкер сенімін ақтады. 100 метрге брасс әдісімен жүзуде сынға түскен пара­спортшы Нұрдәулет Жұмағали қолаға қол соз­ды. Паратлеттер еңсемізді көтеріп, спорт­шылардың Токиода кеткен есесін қайтарды. Келесі Паралимпиадаға тастүйін дайын­далып, бұдан да жақсы нәтиже көрсетерімізге сен­дірді. Олардың әрбірі жеңістің дәмі бөлек еке­­нін, мұның астарында толассыз күш пен ерік-жігер жатқанын дәлелдеді. Расымен, әр параспортшының спортқа келу тарихы тіпті бөлек әңгіме.

Екі мәрте олимпия чемпионы

Давид Дегтярев Парижде парапауэр­­лифтингтан екі мәрте олимп шыңын ба­ғын­дырды. Кәсіби мансабын 2015 жылы бастаған паратлет үшін тамаша көрсеткіш екені анық. Атбасардың қарапайым жігітіне өзін-өзі дә­лел­деу қиынға түскен жоқ. Өйткені «Жай­­дар­­­ман» ойындарында танылып, қоғамға бейім­­­делуге жол ашқан-ды. Ал спортқа ден­­­­­­сау­­­лығын жақсартып, дене тұрқына өзгеріс жасау үшін келген. Оны залға «сүйреп» келген Дмитрий Харанжук есімді досы еді. Екеуінен бөлек жаттығу залында Ксенья Полукарова ауыратлеттерді дайындайтын. Мықты бапкер Дегтяревтің қыры барын бай­қап, оған нұсқау беріп, қатесін түзетіп жүреді. Кейіннен оны белгілі бапкер Юрий Колес­­никовпен та­­­ныс­тырады. Білікті бапкер Давидті көрген соң оған кәсіби мансабын бастап, жарысқа қаты­суға ұсыныс жасайды. Осылайша, ол Көкше­­тау қаласында өткен облыстық тунирге қаты­­сады. Оның айтуын­ша, мансабының қай ке­зеңі болмасын аталған бәсекені еске алады. Өйткені сондағы жүрек дүрсілі, толқыныс, өзіңді дүниенің бір бөлігі ретінде сезіну – бөлек құбылыс. Содан бері параспортшыға қанат бітіп, талмай еңбектеніп, бірнеше жарысқа қатысады. 2016 жылы Қазақстан чем­­пионатында топ жарып, 2018 жылы Джа­кар­тада өткен Азия ойын­­­­дарында күміс ме­даль алады. Қызығы сол, Давид кәсіби манса­бын бастағанда-ақ Токиода алтыннан алқа тағуды мақсат етеді. Бапкерімен бірге барын­ша биікке жетуге ұмтылады. Расымен,  сенім ақталып, Жапония жұрты параспорт­шының шеберлігіне қайран қалады. Осыдан-ақ Дегтярев атынан ат үркетін паратлет ата­нып шыға келеді. Парижде өтіп жатқан дода­­да да сарапшылар оның қара үзіп келе­­тініне кү­мән­данған жоқ. Сөйтіп, ел атынан екі мәрте олимп шыңын бағындырған тұң­­­ғыш пара­спортшы атанды. Оның сабырлы бол­мысы әлі талай жүлде әкелетінін айқын­дап тұр. Бастысы, атаққа малданбайды, қалай күресу керегін біледі. Тіпті, «Токиодан алған ақша­лай қаржыны қалай жұмсарымды біл­мей­мін» дегенінде де жанкүйерлер жылы жыми­ған. Оның туған қаласына деген махаббаты бөлек. Қан­ша жетістікке жетсе де, орталықтағы жылы орнын тастап кеткен жоқ. Қайта атал­ған қаладағы спортты дамытып, шенділер балалар спортын дамытуға көбірек қаржы бөлгенін қалап жүр.

Арманына адал Ақмарал

Парадзюдодағы жарқын есімнің бірі – Ақмарал Науатбек. Ол күні кеше олимпия ойын­дарының алтынын мойнына тақты. Париж татамиінде жолыққан үш қарсыласын да таза жеңді. Оның дзюдоға жанын салғанын, барын бергенін көпшілік біле бермейді. Ал кешегі күресін көрген сарапшылар егер Ақ­маралдың денсаулығы қалыпта болға­­нын­да, Цунодамен тең белдесер еді дескені анық. Өйт­кені ол параспортқа ауыспай тұрып, осы салмақта олимп шыңын бағындыруды арман­­даған-ды. Бірақ жарақатына байланысты көзінің көруі нашарлап, біраз уақыт дзюдодан қол үзіп қалды. Артынша бапкерлермен кеңесе отырып, парадзюдоға ауысып, J2 са­натын алды. Осы күнге дейін қарсылас шақ кел­тір­­мей келе жатыр. Оның Париж тата­миінде атой салатыны белгілі еді. 2021 жылдан бері қатысқан  бәйгеден бос келген емес. 2022 жылы Бакуде өткен парадзюдодан әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақта (J2 санаты) топ жарды. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия пара ойындарында да дәл осы салмақ дәрежесінде жеңіске жетті. Париждегі Паралимпиада ойындары финалында 2016 жылғы Паралимпиада чемпионы француз қызы Сандрин Мартинені қапы қалдырды. Финалдан соң Мартине Ақмаралды қапсыра құшақтап, құрмет көрсетіп, жанкүйерлерді демеуге шақырды. Ол да Науатбектің бо­йындағы ерекше энергетиканы байқаған болар. Тайсалмайтын қайсар қыз парадзю­додан алтын еншілеген тұңғыш қазақ қызы атанды. Дзюдо үйірмесіне үйдегілерге айтпай қатысып, «тығылып» жарысқа барған қыз бү­гін ел сенімін ақтады. Алғашқы турнирге аттанарда «Анашым, маған мүмкіндік беріңіз, егер осы жарыстан жүлдесіз келсем, дзюдоны қоямын» деп аттанады. Жүлдеге жетпей сүрі­ніп, өкініштен жылайды. Сонда қызының бо­йындағы намыс пен рухтың әлі талай биік­ке жетелейтінін бағамдаған анасы рұқсатын береді. Парадзюдоға ауысқанда да бірінші болып қолдап, әр турнирде жанынан табыла­­ды. Міне, Ақмарал Науатбек – сынбай алға жылжудың, спортта өзін дәлелдеймін дегенге мүмкіндік барын көрсеткен спортшы. Адам­­ды жарақат емес, ішкі үрей мен әрекет жаса­­мау жарға жығатынын көрсетті. Жігердің жең­ген, үмітің ақталған, арманың орындалған күн құтты болсын, Ақмарал!

Жөні бөлек жүлде

Еркін Ғаббасов Париж Паралимпиа­дасында нысана көздеуден күміс медаль ен­ші­леді. Ауыл баласы олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілемін деп армандамаса керек. Ел қатарлы үйленіп, артынша үлкен қалаға келіп, құрылысқа жұмысқа тұрады. Бірақ 12 қабаттан құлап, бел омыртқасын сы­­нады. Ота жасалғанымен, көмегі бол­­май­­ды. Арбаға таңылса да, ел қатарынан қал­май, алға жылжуға тырысады. Тир атуға ебі барын біліп, дамытуға ден қояды. 2017 жы­лы дайын­­дықсыз-ақ жарысқа барып, үшінші орын алады. 2021 жылдан бастап пара нысана көздеу­­­­мен кәсіби түрде айналысып, дайын­­далады.  Сөйтіп, «Паралимпиада ойында­­­рында топ жарсам» дейтін арман пайда бола­­ды. Осылайша, Франция төрінде R1 са­на­­­­­­тында винтовкамен 10 метрге пара ны­­сана көздеуден сынға түсіп, 247.7 ұпай жинап, күміс жүлде жеңіп алды. Елге келгенде «күні-түні тілеуімді тілеген анама, менің аяқ-қо­­лым, жүрегім болып қасымнан табылған жа­рыма рақмет!» деді. Осыдан-ақ шынайы сенім артқанда тау қопарарлық күш пайда боларына риясыз сенесің. 

Ал Нұрдәулет Жұмағали 100 метрге брасс  әдісімен жүзуден күміс медаль жеңіп алды (SB13 санаты). Финалға дейінгі іріктеуде отандасымыз  Азия рекордын орнатқан-ды. Оның үстіне Токио пара ойындарында қола медаль еншілегені бар. Сондықтан тәжірибелі паратлеттің қоржынға жүлде саларын күні бұрын болжадық. Сәтін салып, Нұрдәулет финалда еркін өнер көрсетіп, күміспен күп­телді. 

Тағы бір параспортшымыз Дастан Мұ­қаш­беков ядро лақтырудан F36 санатында қола медаль жеңіп алды. Мұқашбеков мүм­кіндігінде 16 метр қашықтыққа ядро лақ­тырды. Бұл – Азия құрлығындағы жаңа ре­корд. Қарағанды тумасы Паралимпиада ойындарындағы ал­ғашқы жүлдесіне қол жет­­­кізді. Жүлдеге іліккен соң шапан мен бө­рік киіп, көк Ту жамылып, алаңды жүгіріп өтті. Кеудесін мақтаныш кер­­неп, тебіренгені көрініп-ақ тұр.

 

Бет қатталып жатқанда:

Кеше кешкісін Паралимпиада да дзюдо­шыларымыз  Даяна Федосова – қола медаль, Ерғали Шәмей күміс медаль еншіледі. 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ