Зергерлер, люкс заттарын сататын дүкен желілері дабыл қағып жатыр. «Сән-салтанат заттары сатылуды қойды» дейді. Мұндай үрдіс Қазақстанда ға­на емес, бүкіл әлемде тіркелген. Салдарынан көптеген ірі брендтің акция­лары құлдырау үстінде. Бұған не себеп? Шынымен, адамзат атақ-даңқ құ­мар­лықтан кетіп, қанағат атты құндылыққа бой ұра бастады ма?
Сән түбінде мән бар ма?
коллаж: Елдар ҚАБА
581
оқылды

Қанағат пен қайырым қатар жүреді, қос қанат секілді қатар қимылдайды. Бұлар өз кезегінде сабыр мен тыныш­тық­қа, татулық пен бірлікке, қамқор­лық пен мейірімділікке, жанашырлық пен жасампаздыққа бастайды. Мы­салы, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының жұрт­шы­лы­ғы­мен кездескенде қоғамдық сананы тү­бегейлі жаң­ғыртумен айналысуымыз қа­жет екенін атап өтті. 

– Жоғары мәдениет, озық білім жә­не адал еңбек сияқты құн­дылықтар бұл жұ­мыстың өзегіне айналады. «Талап, ең­­бек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой» деген хакім Абай­дың өсиеті жас ұрпаққа басты үлгі-өнеге болуы тиіс. Ұлы ақынның атап көрсеткен бес асыл қасиеті біздің бүгінгі мақ­­­сатымызбен толық үндеседі. Ұлы Абай «Толық адам» де­ген ұғымды қазақ қоғамына ұсынған еді. Толық адам, бұл – болмысы кемел, көз­қарасы терең, көкірегі ояу, еңбекшіл адам деген сөз. Қоғамда жаңа құнды­лық­тар орнықтыру қа­жет­тігі жөнінде үне­мі айтып жүремін. Ұлттық құрыл­тай­да, «Жастар Рухының» съезінде жә­не Түркістанда жұрт­шылықпен кез­дес­кенде бұған арнайы тоқталдым. Жас­тарымыз үш нәрсенің айрықша маңыз­ды екенін түсінуі керек. Бұл – те­рең білім, еңбекқорлық және отаншыл­дық қасиет, – деді Президент.

Осыған орай Мемлекет басшысы Үкі­мет­ке жаңа Салық кодексі аясында сән-сал­танат заттарына жаңа салық енгізуді жүктеді. Ол келесі жылы іске қосылады деп жоспар­ланған.

Нарықтарды талдаумен айналысатын Statista Market Insights менеджері Мередит Алданың түсіндіруінше, Қазақстанда люкс сыныбындағы заттар нарығы қатты құлды­рамағанымен, бүгінде стагнацияға ұшырады.

«Біздің болжауымызша, 2024 жылы Қазақстанда сән-салтанат заттары нарығы 255,90 миллион доллар көлемінде табыс әкеледі. Нарық ойыншылары үшін бұл же­тіл­меген, шағын нарық саналады. Салыс­­­тырғанда, мемлекет емес, бір ғана LVMH Moët Hennessy Louis Vuitton компаниясының 2023 жылғы таза табысы 15,2 миллиард еуроны құрады. Сонымен бірге Қазақстанда люкс кластағы тауарлар нарығы қарқынды өсімінен айырылды. Кейбір сегментінде төмендеу тіркелген. Жылдық шамада 2024–2028 жылдары бұл нарық республикада орта есеппен небәрі 1,8%-бен өседі деп болжанады», – деді сарапшы. 

Қазақстанда сән-салтанат заттарының ең ірі сегменті – «престижді косметика және қымбат парфюмерия секторы». Әңгіме бұ­­­қа­раға қолжетімдісі жөнінде емес, құны әр бірлігі үшін 500 доллардан асатын косме­­­тологиялық заттар мен иіссулар туралы. Бұл сегменттің табысы 2024 жылы 125,80 млн дол­­лар болады деп тұспалданды. Салыстыра кетсек, бұл бағытта әлемде 1-орын алатын АҚШ-та бір жылда 77,3 миллиард доллардың косметикасы мен жұпар су өнімдері саты­лады. 

Statista Market Insights мәліметінше, қа­зақстандықтар иіссу немесе косметиканың бір данасына орта есеппен 12,90 доллар (6,3 мың теңге) ғана жұмсайды. Бұл ретте Қазақ­­стан тұрғындары өзге тауарларға қарағанда, парфюмерия өнімдерін дүкенге, сауда орны­­на өзі барып, сатып алуға үйір. Иіссулардың жалпы санының 7,9%-ы ғана онлайн саты­лады. Сарапшылар республикада бұл өнім­дердің бәрі дерлік – шетелдік өнімдер мен брендтер екеніне назар аудартады. 

Біз елордадағы қымбат зергерлік бұйым­дар сататын бірнеше салонды аралап, сату­шыларды, менеджерлерін сөзге тарттық.

– Қазақстандықтар қымбат әшекейлерді сатып алудан аулақтай бастады. Бұрын клиент­­теріміз алатын ең қымбат өнім 8-10 миллионнан асатын. Қазір біздегі ең қым­баты – 4 миллион теңгедей тұратын ин­крустацияланған алтын алқа. Оған гау­һар-­бриллианттар, топаз сияқты бірнеше асыл тас орнатылған. Біз өз өнімдерімізге кепілдік береміз. «Қазақстанда сатылатын алтынның 90%-ы шын алтын емес» деген пікір кең тараған. Содан қалталы азаматтар қымбат әшекейлерді саяхаттағанда шетелден сатып алады, – деді отандық нарықта жетек­ші орны бар зергерлік премиум-салон қыз­меткері Дариға Жолан.

Қымбат көліктерге сұраныс жоқ

Сән-салтанат заттарының «ең көрнекті өкі­лі» қымбат көліктер екені белгілі. Бәлкім, қазақстандықтар бар жиғанын соған салып жатқан болар? «Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) берген мәлімет бойынша бір ай ішінде 12 032 бірлік жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық көлік сатылған. Сөй­тіп, былтырғыдан 13,2% құлдырады. Жалпы, 2024 жылдың алғашқы бес айында жалпы саны 66 457 автомобиль өткізілген. Ал был­тыр сол уақытта 66 389 бірлік техника сауда­ланды. Өсім бар-жоғы – 0,1%. Мұнда да тоқырау.

ҚАО президенті Анар Мақашева қазір қымбат көліктер өтпейтінін айтады. Негі­зінен, қазақстандықтар бюджеттік нұсқа­ларын таңдайды. Содан қытайлық бренд­терге сұраныс өсті. Олар отандық нарықты он­даған жыл жаулаған елдегі «дәстүрлі бренд­терді» қуып жетіп қалды. 

– 2024 жылғы сауда статистикасы был­­тырғы нәтижеге жақындап қалып еді, алайда біз болжағандай, мамырда сауда бәсеңдей бастады. Биыл 160-165 мың жаңа автомобиль иесін табады деп болжап отырмыз. Өз ке­зегінде ресми дилерлер халық көптеп жаңа көлік алсын деген ниетпен науқан өткізіп, тиімді ұсыныстарын жалғастырып жатыр. Бірақ заңсыз жолмен ескі автомо­­­­бильдер әлі кіріп жатқандықтан, паркте ескі көліктердің де үлесі артып келеді, – деді Анар Мақашева.

Биылғы бес ай қорытындысында ең та­нымал ТОП-5 бренд арасында елімізде құ­растырылатын Hyundai әдеттегідей оқ бойы озық шықты. Бірақ ол клиенттерін ең көп жоғалтқан брендтің біріне айналды: жыл басынан бері 14 760 бірлігін ғана өткізді, бұл былтырғыдан 15% кем. Екінші орында сол бұрынғыдай Kia тұр: бес айда 8 541 бірлігін сатты. Ол да тұтынушыларынан көптеп айы­рылуда, саудасы былтырғы жылдан бері 13,4%-ға кеміді. 

Үштікті Chevrolet тұйықтады, жыл басы­­нан бері 6 159 моделі өткен. Сарапшылар оның сауда статистикасын көріп, шошынды: 2023 жылғы 5 аймен салыстырғанда -65,1% тө­мендеді! Қытайлық Chery дилерлері қазақ­­стандық иелеріне 5 428 автомобильдің кілтін тапсырды. Саудасы қызып тұр және бір­ден +60,9% өсті. Бестікке тағы бір қы­тайлық бренд – Jac (4 022 дана, өсім +165,8%) кірді.

Бәлкім, солардан кейін удай қымбат люкс-көліктер орналасқан шығар? Жоқ, он­дыққа қытайлықтар – Changan, Jetour, Haval және Geely енді. Ондыққа әупірімдеп жапондық Toyota іліге алды.

коллаж: Елдар ҚАБА

«Қазақстанның Автокөлік Одағының» дерегінше, биылғы жыл басынан бері Lexus-тың 1 447 бірлігі ғана өтті, сауда -0,8% кеміді. BMW қымбат нұсқаларының 155 бірлігі ғана сатылған, саудасы -77,8%-ға құлады. Өзге люкс-автомобильдерінің сатылымы тым аз, бірлі-жарым болғандықтан, статистикада егжей-тегжейі келтірілмейді. 

Сәнқойлар қанағат сезіміне бас ұрған ба?

Осы аптада әлемде люкс брендтердің акция­лары жаппай құлады. Соның ішінде кеше, әсіресе, сән-салтанат тауарларын өн­­­дірумен айналысатын ірі еуропалық ком­­паниялар зардап шекті. Reuters сарап­шы­ларының түсіндіруінше, бұған Қытай эко­­­­номикасындағы дағдарыстың жаңа ны­шандарының пайда болуы серпін берген. Шығыс көршімізде қымбат тауарларға деген сұраныс кейінгі кезде қатты төмендеді, мына жағдайда сарапшылар «ҚХР-дағы бұл құлдырау жаңа тереңдіктерге жетеді» деп алаңдайды. Шың елі дәстүрлі түрде сән-салтанат заттарын өткізудің жаһандық шешуші нарығы саналады. 

STOXX Europe Luxury 10 тобына біріккен он аса ірі еуропалық люкс компанияларының акциялары өткен бейсенбіде тағы 3,4%-ға төмендеп, рекордтық минимумға жақын­­­дады. Престиж сегментінде ең қымбат ком­­пания саналатын, Louis Vuitton, Christian Dior сияқты брендтерге ие LVMH акциялары бір күнде 3,5% кеміді. Hermes сән үйінің акциялары 6%-ға, италиялық Brunello Cucinelli 5% құлдырады. 

Reuters құлдыраудың бір себебі ретінде әлемдік экономикаға төніп келе жатқан дағдарысты атады: ҚХР ахуалының нашар­лығына байланысты JPMorgan қытайлық акцияларға Buy рейтингін беруден бас тартып, инвесторларға оны сатып алмауға кеңес берді. Жаһандық алпауыт Американың да жағдайы мәз емес. 5 қарашадағы прези­денттік сайлаудан кейін АҚШ ахуалы тіпті жаман болуы мүмкін. Reuters сайлаудан соң Қытайға қарсы тосқауылдаушы баж алым­дарының «екінші толқынының» енгізілу қаупі бар деп отыр. Еуропаның лидері Гер­мания экономикасында екінші жыл қата­рынан рецессия. Бұл елде Volkswagen авто­концерні бірнеше зауытын жабуға және жұмысшыларын жаппай босатуға ниетті.

Осы ауанда әрбір бикештің арманына айналған Tiffany зергерлік үйі Қытайда, басқа елдерде флагмандық дүкендерінің алаңдарын қысқартуға кірісті. Бұл туралы Bloomberg хабарлады. Мұның бәрі сән-салтанат заттарына маманданған компа­­­­ниялар өсіп-өнген бизнес ортаның қиын­дықтары барған сайын ушыққанын көр­­­­­­­­сетеді. Экономикалық құлдырау мен кризис жағдайында люкс секторының жа­­­­һан­дық алыптары оңтайландыру шараларын қабылдауға мәжбүр. 

Morningstar акциялар бойынша аға ана­литигі Елена Соколованың айтуынша, Tiffany-дің жағдайы – мұқият бақылауға тұрарлық нысана: оның проблемалары люкс заттар нарығында «домино эффектісіне» түрткі болуға қабілетті көрінеді. 

Ал The Business of Fashion басылымының негізін қалаушы Имран Амед апталық ба­ғанасында әлем жұртшылығының сән-сал­танат заттарын тұтынудан бойын аулақ сала бастағанын жазды. 

«Бұл – жай сезім, түйсік деңгейіндегі емес, нақты цифрлардан туындаған түсінік. Kering мен LVMH сияқты гиганттардан бас­­тап, люкс нарығының барлық дерлік бас­ты ойыншысы биылғы жылдың І жар­­тысын теріс нәтижемен қорытындылады. Ferragamo, Hugo Boss – доминода құлаған соңғы тасқа айналды», – деген пікірде сала сарап­шысы Имран Амед.

Сауданың құлдырауының «сәнді трен­діне» Gucci қозғау салды. Bloomberg жаз­ған­дай, биылғы 20 наурызда Gucci, Saint Laurent, Balenciaga, Bottega Veneta және басқа маркалар қожайыны Kering люкс конгло­мератының акциялары өсу орнына 14% күрт арзандады. Бұған Gucci флаг­­ман­дық бренді­нің түсімінің бірінші тоқсан қорытын­дысында 20% төмендеуі себепкер болған. 

Доминоның гүрс етіп құлаған өзге тас­тары қатарында Burberry (саудасы бірінші жартыжылдықта 22% құлады), Ferragamo (41% опе­рациялық табысынан айырылды), Hugo Boss (-42%) және басқасы бар. Бұл жерде сарапшылар соңғы неміс бренді 2021 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш көр­се­тіп отырғанын жеткізді. 

Эксперттер мұндай жағдай тек биыл тір­келіп отырмағанын еске салады. Мысалы, сәнқойлар түгіл, былайғы жұртқа түсіндіруді қажет етпейтін Gucci брендінің түсімі 2023 жылы 9,8 млрд еуроға дейін құлады. 2024 жыл­дың бірінші тоқсанында түсімі тағы 18% кеміді. Yves Saint Laurent-ның сатылымы биылғы бірінші жартыжылдықта 7% түсіп кетті. Өзге люкс брендтердің төмендеуі 6% шамасында. 

«Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» дейді дана қазақ. Сән-салтанат заттарымен шектен тыс әуес­тену, тойымсыздық пен ашкөздік таныту адамзатқа жақсылық әпермейді. Аңыз бо­йынша әлсіреген Рим империя­сының түбіне жібек жеткен деседі. Импе­ратор Тиберийдің тыйым салғанына қара­мастан, сипауға жұм­сақ, тәнге жайлы жібек Римде удай қымбат сән-салтанат затына айналған. Римдік ығай мен сығайдың осы люкс-өнімге шектен тыс ің­кәр болғаны сонша, оның 12 метрден тұратын 1 орамасының құны жоға­ры жала­қылы әскеридің жылдық табысынан асып түскен. Шетсіз-шексіз соғыстар салдарынан Ұлы Жібек жолымен жеткізілетін жібек қат нәрсеге айналады. Оған ие үйлер тонауға ұшырайды, соңы өш алу, қылмыс-қырғынға соқтырады. 

БҰҰ әлемде 281,6 миллион адамның аштықтан зардап шегіп жатқанын айтып дабыл қағып жатқанда кейбір бай-бағы­ланның, блогерлердің әсіре малшашпаққа салынуы абырой, жетістік емес. Қанағатшыл адамның жүрегі тыныш, көңілі тоқ болады. Өйткені ол өзінде барды бағалай біліп, өзін­де жоқ дүние үшін ешуақыт күйінбейді. Мұн­дай ортада әлеуметтік кернеу де өр­шімес.

Айхан ШӘРІП