«Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады». Бұл – дала данасы Асан қайғының Баян тауын көргендегі айтқаны.
Баянауыл Баяны
919
оқылды

AIQYN газеті ұжымының баяны тереңде жатқан Баянауылға сапары жаздың соңғы күндеріне тура келді. Ұзақ жол жүріп, өлкеге кірген мезеттен бастап тұмса табиғаттың құпиясы мен сұлулығы өзіне баурап алды. Расында, Жасыбай көлі, Қоңыр әулие үңгірі, Кемпіртас – сырға толы жұрттың сыйынатын орнына айналған. Баянауыл – барлық ауылдық округтерінің жер-су аттары қазақша аталатын теріскей аймақтардағы бірден-бір аудан. 

Тарихты қойнына басқан Баянауыл

Жасыбай көліне тоқтап, та­­­­­би­ғаттың тамаша көрі­нісіне тамсана қарап, ерек тастар қа­ла­шығы туралы білгенімізше ойы­­мызды ортаға салып, бұй­рат-бұйрат тастарды сонау тас ға­­сы­­­ры­нан пайда болған деп топ­шы­ла­дық. Көл мен тау-тастар та­би­ғатпен ерек­ше үйлесім тапқан. Жасыбай еш­қандай өзен суына қосыл­май­тын тұйық көл болса да, жаз мез­гі­лін­де жағасы керемет демалыс ор­нына ай­на­лады. Мезгілдің соңы болған­дықтан, көл жағасында суға тү­сетіндер азайып, балық аулауға шы­­ғатындар көбейген. Одан кейін­­гі бағыт – Жасыбай көлінен үш шақырым жерде Ба­ян­ауылдың биік шоқыларының бірінде орна­лас­қан Қоңыр әулие үңгірі. Өткен­ге көз салсақ, елі­міздің қай өңірі бол­са да, өзіне тән киесі мен қа­сие­ті барын ұғамыз. Дегенмен Қоңыр әулие үңгірін кейбірі Бая­науылда десе, енді бірі Шыңғыс­тау­да деп ойлайды. Ал біз Бая­науыл­дағы Әу­лиетасқа (Қоңыр әу­лие үңгі­ріне) жол тарттық. 110 метр ұзын­дықтағы баспалдақ­тар­мен үңгірге қарай көтерілдік. Үңгір түк­пірінде 2 метр биіктікте кіш­кентай су толы шұңқыр бар. Бұл су ауырғанға ем, сәби сұраған­дардың тілегін орындаған қа­сиетті орын саналған. Үңгірден бүгінге дейін де мұндай ниет­тілердің ізі суымапты. Үңгірдегі қуысқа кіру үшін кезекке тұрған­дар көп. Тау басындағы үңгір ту­ралы, оның не үшін Қоңыр әу­лие аталғаны баспалдақ бойы­мен көтерілер тұста жол жиегін­дегі тақ­­таға жазылыпты. Онда: «...То­пан су басқанда Нұх пай­ғам­бардың ке­месінде орын болмай, Құлан, Қы­ран, Қоңыр әулиелер ағаштан сал жасап кемеге тіркеледі. Сол­түс­тіктің ағынымен келе жатып, үш әулие­нің салы тау-тасқа соғы­лып, үш жаққа кеткен. Қазіргі үңгірдің ішінде Қоңыр әулие ме­кен­деген. Ол халықтың мұң-мұқ­та­жын ойлап, ауру-сырқаудан аман-есен болуды, еліне денсаулық тілеген» деп жазылған. 

Баянауылдан шыққан фило­соф Мәшһүр Жүсіп бұл жердің киесін «Әулиелердің Алла­дан пәрмен сұрайтын жері» деп атап, дәріптеген. Бір қызығы, осы Қоңыр әулие үңгірінде ака­демик Қаныш Сәтбаев та болған. 

Баянауылды «тастар қала­шы­ғы» деп атауға әбден негіз бар. Бұл тастар қазақ тарихын қойнына жа­­­сырып жатқанын да айта кет­кеніміз жөн болар. AIQYN га­зе­тінің 15 маусымдағы №66 санында «Қайшыға түскен құндылық» та­қырыбында жа­зыл­ған мақалаға та­рихшы Жам­был Артықбаев мы­надай дәйек келтірген-ді: «Кейбір кітаптар­дың өзгеріске ұшырап, қайта жазылған нұсқасы қолымыз­ға тисе де, кейбірі баспаға жетпей, тау мен тастың астында қалды. Қарқаралы, Баянауыл, Көкшет­ауға барған экспедиция кезінде шо­лақ белсенділерден қорқып кітап­тарды жойып жіберген адам­дар­мен кездестім. Баян­ауылда мол­даларға, бірқатар ға­лымға шә­кірт түскен ақсақалмен сөй­лес­ке­нім­де ұстазымен бірге біраз кі­тап­ты таудағы бір үңгірге жасырғанын айт­қан-ды. Қате­леспесем, бұл Қы­рықжыл­дық совхозы еді. Көк­шетаудың Қа­расу ауылында соғыс­қа қатысқан Жанғали төре деген кісі «Шоқан­ның екі арба кітап­тарын көлге тастадық» деді. Мұн­дай көп әңгіме естідім. Әсіресе, араб емлесімен жазылған кітап­тар­дың тағдыры өте аянышты». 

Тарихшының келтірген нақ­ты мысалдары Баянауыл­дың тасын көрген соң бірден ойы­мызға түсті. Мүмкін, тастардың ара­сынан біз білмейтін «жасы­рын­ған тарих» кездейсоқ кез­десіп қа­лар деген үміт болғаны­мен, оның арнайы зерттеуді талап ететінін түсіндік. 

Құпияң неде, Кемпіртас?

Баянауыл ұлттық паркі де­генде бірден әйгілі Кемпіртастың еске тү­сері хақ. Жолсапардың екінші күні жұрттың аузында жүретін сол Кемпіртасқа табан тіредік. Бұл тас туралы аңыздың бірнеше нұсқасы бар екенін естігенбіз. Керекулік бір ақын: 

«Көкжиектен бір сәтте көз аудармай,

Әй, кейуана, кеттің-ау тасқа айналып.

...Жайыңды ұғам, тас кемпір, себебі мен

Сен секілді айырылғам жалғыз ұлдан.

... Кемпіртас-ау, қайғыңды бөлісуге

Тасқа айналап кетейін мен де сендей», – деп жырына қосыпты.  Шын мәнінде, бұл тастың нағыз сыры неде жатқанын бүгінге дейін ешкім дөп басып айта ал­майды. Аңыздардың бірінде Кемпіртас со­ғыстан оралмаған жалғыз бала­сын зарыға күте тасқа айналған ана­ның бейнесі делінсе, енді бір аңыз­да жер­гілікті тұрғындардың ерекше тұқымды жылқысын жер ас­ты­нан шығып тартып алатын мыс­­тан кейпінде сипатталады. Осы жұмбақ мүсіннің жанындағы биік шоқыларға шығып, әр қы­ры­нан бақылап көрсек, аңызда көбіне ана бейнесінде сипаттал­ған Кем­піртас жас қыздың да бейне­сі­не ұқсайтыны байқалды. Кем­пір­тас­ты жағалай жүрген сайын биік­тей түскен тастың үстінен То­рай­ғыр жа­зығы жалпа­ғынан көрініп жа­тыр. Бір қызы­ғы, тас ортасында кі­­шігірім көл­шік бар. Бұл көлшік жаң­быр суы­ның қалдығы ма, не бол­маса табиғаттың тылсымы ма – бізге белгісіз күйде қала берді. 

Ұлылардың мекені

Әңгіме етіп отырған Баян­ауыл қазақ даласындағы ерек­ше табиғатымен ғана емес, ха­лыққа еңбегі сіңген біртуар ұлы тұл­­ғалар шыққан мекен болға­ны­мен де ерекшеленеді. Шежірелі өл­­­­­кеде 40-тан астам тарихи тұлға, би-шешендер, 22 академик шық­қан. Кеңес ғылымының дамуына өл­шеусіз үлес қосқан ака­демикт­ер Ә.Марғұлан, Шапық Шө­кин, ғы­лым докторлары Ә. Бек­тұров, Е.Бек­маханов, С.Бей­сембаевтар болса, Баянауыл же­рі­нен шабыт алып қалам тербеген ақын-жазу­шы­лар  Ж.Ай­мауытов, С.Торай­ғы­ров Қ.Бек­хожин, Қ.Исабаев, З.Шаш­­­кин, кинорежиссер және ак­тер, КСРО халық әртісі Ш.Айма­нов­тар үлкен даңққа ие болды. Бү­гінде Баянауылда Қ.Сәт­баев­­­тың, С.Торайғыров­тың, Мұса Шор­­­­манұлының атына берілген ауылдар бар. Бұл – өлкенің ұлылар алдын­да­ғы құрметі. Баянауылдан шық­қан, өнегеге толы ғұмырында 20 том­­дық еңбек жазып, ұлтымыздың ру­хани пірі болған Мәшһүр Жүсіп­тің аты қазақ үшін қашанда қым­бат. Ділі мен тіліне, ар-ұя­ты­на ара­ша болып, рухани мұрасын тү­ген­деп кеткен ұлы тұлғасын бүгін­де ұлты да қадірлеп, қастер тұтады. Осын­дай дана тұлға­лардың Бая­н­ауыл­дай өлкеден шығуы да заңды де­ген тоқтамға келмеске болмас. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ