Астана қаласына негізгі кіреберіс жолдарында автоматтандырылған өлшеу жүйесі іске қосылды.
Салмақ нормасын сақтамаған жүк көліктеріне айыппұл салынады
Фото: istockphoto.com
969
оқылды

Жүк көліктеріне салмақ нормаларын сақтамағаны үшін шаралар қолданылып, айыппұл салынады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, Астана қаласына негізгі кіреберіс жолдарында автоматтандырылған өлшеу жүйесі іске қосылды. Құрылғы жолдардың бұзылуына жол бермеуге ықпал етеді. Жүк көліктері жүк тасымалдау барысында белгіленген нормадан асқан жағдайда әкімшілік шаралар қарастырылғанын ұмытпаған жөн.

Автоматтандырылған өлшеу жүйелері іске қосылған сәттен бастап инспекция қызметкерлері салмақ параметрлерін ұстанбау және жүргізушілердің заң талаптарына бағынбау фактілерін тіркеп отыр. Мәселен, мұндай оқиға жақында Астананың айналма жолында, нақты айтсақ Қызылсуат ауылының маңында тіркелді. Бірнеше жүк көлігінің жүргізушілері көліктік бақылаудан бас тартып, оқиға орнынан қашып кетіп қалуға тырысқан. Оқиға барысында ауыр жүк көліктерінің бірі инспекцияның қызметтік машинасына механикалық зақым келтірді. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды, ал көлік айыппұл тұрағына жіберілді.

«Ауыр жүк көліктерін жүргізушілерден ережелерді қатаң сақтауға және белгіленген салмақ параметрлерінен аспауға шақырамыз. Бұл нормаларды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады», – деп атап өтті Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әлі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.