Ел дамуына қатысты референдумда айтылғандай, жер бірінші кезекте қоғам мүддесі және ел игілігі үшін қызмет етуге тиісті.
719 мың гектар жер айналымға қосылды
466
оқылды

Осы орайда Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен кейінгі кездері жүргізіле бастаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу, пайдаланылмай жатқан телімдерді мемлекетке қайтарып, қолынан іс келетіндерге беру арқылы пайдасын көру бағытында нақты шаралар қолға алынып, ретімен атқарылуда.

Экономикасының басты тірегі – агро­өнеркәсіптік кешен болып саналатын Жетісу облысы халқының басым бөлігі ауылды жерлерде тірлік етеді. Соған сай ауыл  шаруа­­шы­­­­­­­­лығының дамуына тәуелді. Төрт түлікті түлетуге де, өсімдік шаруашылығын өрістетуге де аса қолайлы өңірде шаруалардың негізгі күнкөріс көзі – қара жер екені ай­­­дан анық. Өйткені қыруар малға шүйгінді жайылым мен шұрайлы шабындық, дәнді-масақты, дәнді-бұршақты, техникалық да­­­­қылдар мен көкөніске, бау-баққа  құнарлы жер  керек. Өкінішке қарай, жекешелендіру жылдары және одан кейінгі қолынан келгендер қоншынан басқан кезеңде ауыл шаруашы лығы мақсатына арналған небір құнарлы, сулы нулы  жерлер жекеменшікке өтіп немесе ұзақ жылдарға жалға беріліп кетті. Олардың көбі арада уақыт өте келе қарау­сыз қалғаны да рас. Не өзі қызығын көр­­мейтін, не басқаға қимайтындар жүздеген гектар алқаптың қарадан қарап тұрып, құнарсыздануына,  сортаңдануына жол бер­­­­ген. Ал ауылдарда  тұратындар азды-көпті егіні мен бау-бақшасын  айтпағанда, қолдарына қараған азын-аулақ малдарын бағатын жайылымға қол жеткізе алмай пұшайман халге түскен. 

Мәселен, облыс құрылған екі жыл барысында ғана өңірде жүйелі түрде жүргізілген тексерулер мен түгендеулер нәтижесінде 1,2 миллион гектар жердің кәдеге аспай жат қанының анықталуы осы сөзімізге нақ­ты дәлел бола алады. Қолданылған қа­­таң шаралар арқасында осынау миллион гектардан асатын алқаптардың 719 мың гектары қазір ауыл шаруа­шылығы айналымына қосылыпты. 488 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл тұр­ғындары арасында бөлніске түскен. Оның бір бөлігі – жайылым. Қараусыз қал­­ған алқаптар бо­йынша конкурстар жа­рияланып, конкурстарда жеңіске жеткен фермерлер өздерінің істерін бастауға немесе кеңейтуге кіріскен. Сонымен бірге инвест­жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алған. Облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпековтың айтуынша, игерілмеген жерлердің барлығы есепке алынуы және оларға қатысты қолға алынған шаралар көпшілікке мәлім жария түрде болуы үшін өңірде арнайы комиссия құрылыпты. 

«Жерлерді түгендеу бағытындағы жұ­­мыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жер ре­­сурс­тары департаменті 69 тексеруді жү­зе­ге асырды. Қазірдің өзінде фермерлер игерусіз қалдырған 46 мың гектар шабындық анықталып, олардың иелеріне тиісті ескертулер жасалды. Егер олар ескертуден қорытынды шығармаса немесе бір  жыл мерзім барысында жерлерін пайдаланбаса, онда барлық телім сот арқылы мемлекет мен­шігіне қайтарылып, конкурс арқылы халыққа беріледі», – дейді Ермек Әпеков.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы