Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту шаралары жөнінде мәлімет берді.
Қостанай облысында биыл диқандар 5 миллион гектар алқапқа егін еккен
1,019
оқылды

Мемлекет басшысы Қостанай ауданының Майкөл ауылдық округіндегі «Надеждинка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті, – деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту шаралары жөнінде мәлімет берді.

Құмар Ақсақаловтың баяндауынша, биыл диқандар 5 миллион гектар алқапқа егін еккен. Элиталық тұқымның үлесі мен минералды тыңайтқыштарды себу көлемін ұлғайту, сондай-ақ машина-трактор паркін жаңарту арқылы егін шаруашылығының өнімділігін арттыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына өңірде мал және құс шаруашылығы салаларын дамыту туралы баяндалды. Атап айтқанда, алдағы үш жылда 14 тауарлы сүт фермасына инвестиция тартылады. Мал шаруашылығына арналған 44 кешен және екі ірі құс фабрикасы салынады. Аталған жобалар есебінен облыстағы сүт және ет өндіру көлемі 1,4 есе, ал құс еті өндірісі 5 есе көбейеді. Бұдан бөлек, бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде үш жыл ішінде терең өңделетін өнімдердің үлесін 70 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған.

Президент «Надеждинка» ЖШС-нің егіс алқабын аралап көріп, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен әңгімелесті.

Мемлекет басшысы егінді уақытылы жинап алу, еңбек өнімділігін арттыру және аграрлық салаға жаңа технологиялар енгізу, ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатқа сай пайдалану маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет отандық фермерлерді қолдауды жалғастыратынын және табысты жобаларды жүзеге асыруға көмек көрсететінін жеткізді.