Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында этноауылда өткен жамбы ату сайысының финалдық кезеңіне арнайы барып, қазақстандық спортшыларға қолдау білдірді.
Сенат төрағасы отандық спортшылармен кездесті
403
оқылды

Палата Спикері Дүниежүзілік көшпен­ділер ойындары ұлттық спортты және тарихи мұраны дәріптеуде айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

«Көшпенділер ойындары – ұлттық спорт түрлерін және көшпенді халықтардың тарихи мұрасын дәріп­тейтін бірегей бастама. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Көшпенділер олимпиадасы деп атаған осындай ауқымды іс-шараны өткізу елімізді танытып, тарихымызды насихаттау тұрғысынан аса маңызды. Бұл жобаны осыдан он жыл бұрын қырғыз ағайындарымыз алғаш рет ұйымдастырған болатын. Содан бері көшпенділер ойындары игі дәстүрге айналды. Биыл Қазақ елінде өтіп жатқан oйындар ұйымдастыру деңгейі, қатысушы елдердің саны және сайыс аясындағы мәдени бағдарламалардың ауқымы жағынан ерекше екені сөзсіз», – деп Мәулен Әшімбаев барлық спортшыға сәттілік тіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Көшпен­ділер ойындарында спортшылар жамбы атудың төрт түрі бойынша сынға түсіп жатыр. Нақты айт­қанда, олар корея, түрік, мажар және қазақ стилі бойынша бақ сынайды. Аталған спорт түрінен 27 елден келген 78 мерген чемпиондық атақты сарапқа салады.

Айта кетейік, жарыстың бірінші күні 8 қыр­күйек­те өтті. Алғашқы алтын және қола медальдарды Фран­ция ұлттық құрамасының спортшылары же­ңіп алды. Ал «күміс» Моңғолия атлетіне бұ­йыр­ды. Аталған сында қазақстандық Абзал Тұлыбеков ал­ғашқы бестікке ілігіп, үздіктер қатарынан кө­рінді.

Жалпы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарына әлемнің 89 елінен келген 2 800 спортшы қатысып жатыр. Жоба қолға алынғалы бері өткен он жылда алғаш рет барлық құрлықтан қатысушы келді. Олардың арасында ең шалғайда орналасқаны Аустралия құрамасы екенін атап өткен жөн. Ойын­дар аясында ғылыми бағдарлама өткізу де көзделген. Оған 12 елден 75 маман қатысады деп жоспарланып отыр.