Республикалық кеңеске қатысушылар бірауыздан алдағы референдумға қатысатындарын жеткізді.
Дамыған елдер алдағы уақытта атом энергетикасы саласына 80 миллиард доллар қаржы салмақ
423
оқылды

«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында орналасқан АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабта партия жанындағы Аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Онда тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі заң жобасына ұсыныстар талқыланды. Жиналғандар сондай-ақ, АЭС құрылысын салу жөніндегі Республикалық референдумға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов төрағалық еткен жиынға Мәжіліс депутаттары, министрліктер мен агенттіктер сынды тағы да басқа мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, Парламентаризм институтының, ауыл шаруашылығы мен сауда саласындағы қауымдастықтар мен одақтардың өкілдері онлайн және оффлайн форматта қатысты.

Республикалық кеңеске қатысушылар бірауыздан алдағы референдумға қатысатындарын жеткізді. Қазақстандықтарды ел өмірі үшін маңызды оқиғадан тыс қалмауға шақырды.

«Біз елімізде электр энергиясы тапшы екенін күнделікті көзімізбен көріп жүрміз. Ал қуат көзі көп болса, экономикамыз да дами түсер еді. Әсіресе, өндіріс саласында жүргендер мұны жақсы түсінеді. Сондықтан да өнеркәсіп саласы АЭС-тың салынғанына мүдделі деп ойлаймын. Өйткені, атом энергиясы таза ғана емес, сонымен бірге арзан екенін білеміз. Қазір пайдаланып жүрген көмір, газ, мазут және тағы басқаларға қарағанда ол көп тиімді. Тіпті судан, желден, күннен алатын электр энергиясының өзі де өте қымбат. Сондықтан да жалпыәлемдік тенденциядан қалмауымыз керек. Бірақ, құрылысын салу кезінде өте мұқият болғанымыз жөн», – дейді Тамақ өнеркәсібінің салалық одақтар альянсының хатшысы Андрей Кукушкин.

Оның айтуынша, еліміз уранды тек өндіріп қана қоймай, одан ядролық отын жасар болса тіпті жақсы болар еді. Бірақ, ядролық қарудан және оны таратудан бас тартқан еліміз үшін бұл әзірге мүмкін емес. Сондықтан да экономикамызды өркендетеміз десек, АЭС құрылысын салуға қол жеткізгеннен кейін, отын шығаруды да қолға алу керек. Келесі пікір білдірген депутат Анас Баққожаев 6 қазанда референдумға қазақстандықтардың барлығы келуге тиіс деп санайды.

«Егер біз дамыған ел болғымыз келсе, дамыған елдердің ізімен жүруіміз керек. Әлемдегі дамыған елдер алдағы уақытта атом энергетика саласына 80 миллиард доллар қаржы салмақшы. Өйткені, олар оның өте тиімді, өзін өзі ақтайтын энергия көзі екендігін біліп отыр. Мәселен, қазір ІІІ буындағы жаңа технологиялар бар. Олар – кіші модульді реакторлар. Үлкен атом электр станцияларындағы реакторлар емес, шағын ғана модульдар. Олардың мүмкіндігі қазір тек жарық шығару емес, сонымен қатар жылу энергиясын беруге де жетеді. Ал бізде қазір қалаларды жылу энергетикасы ақсап тұр. Қазандықтары, құбыр желілері ескірген. Оларды жөндеу жыл сайынғы проблема. Олар жылуды жоғалту мәселесін шеше алмайды. Сондықтан да біз АЭС саламыз дегенде тек бір станциямен ғана емес, әрбір қалада осындай кіші модульді реакторларды пайдалануғы мүдделі болуымыз керек. Ал ол үшін бізде атом энергетикасы кең ауқымда даму керек. Оларға қызмет көрсететін мамандарымыз болу керек. Озық технологияларымыз болу керек. Сонда ғана бізге шет елдер көңіл аударып, кіші модульді реакторларды өндіріске енгізу үшін көмек көрсетуге ынталы болады. Сөйтіп, біз бір АЭС салу арқылы бұл саланың одан әрі дамуына жол ашамыз. Біз одан қорықпауымыз керек. Өйткені, қауіпсіздік мәселесі өте жоғары», – дейді ол.

Ал өз кезегінде аманаттық депутат Нұржан Әшімбетов америкалықтар түсірген Чернобыль туралы фильмді мысалға келтіріп, сол картинадағы түйіннен сабақ алуға үндеді. АЭС салу ол үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтты.

«Мен өзім Павлодар облысының тумасымын. Онда ең ірі ГРЭС-тер орналасқан. Екібастұз-1 және 2, сондай-ақ Ақсудағы кішігірім станциялар елімізде өндірілетін электр эгергиясының 40%-ын береді. Бірақ, бір ГРЭС-те күніне 4 эшалон көмір жағылады. Бір эшалонда 40-50 вагоннан бар десек, бұл дегеніміз қыруар шығын. Көмір карьерлерінде, тасымал жолында қаншама техника, қаншама адам жұмыс істейді. Ол аз десеңіз, ГРЭС-тің қуатын арттыра түсу туралы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Қосымша блок саламыз деп жүргеніне көп болды. Ол күрделі құрылысты қажет етеді. Сондықтан да бүгінге дейін аяқсыз қалып келеді. Ендеше, оның шешімі енді айқындалып келе жатқан сияқты. Ол батыл шешім қабылдап АЭС салу», – деді ол.

Қазақстанда АЭС салу мәселесі қай басқосуда да кеңінен талқыланып жатқаны рас. Әр жиыннан белгілі бір түйін, белгілі бір тұжырым табуға болады. Республикалық кеңестің үндеуінен дұрыс таңдауды бірге жасайтын уақыт келгенін аңғардық.