Әр облыстан арнайы келген өнер ұжымдары додаға жиналған қауымға мерекелік кештерін ұсынып, ерекше көңіл күй сыйлап жатқаны да мәлім.
Этноауылдағы мәдени кеш
598
оқылды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында этноауылдағы концерттік алаңда дүбір басталғалы бері түрлі мәдени бағдарламалар өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қарағанды облысының өнер ұжымы да концерттік бағдарламасын ұсынды. Атап айтсақ, эстрада жұлдыздары, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Мақпал Жүнісова мен Жәмилә Баспақова құлақ құрышын қандырып ән шырқаса, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеп отырды. Сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері арнайы қойылым көрсетті.

«Аққу» фольклорлық хореографиялық ансамблі мен жеке орындаушы солистері де бағдарламадан тыс қалған жоқ.

«Tarlan» этнотобының «Жұмыр қылыш» күйіне дизайнерлер Гүлнұр Жарылханова мен Мүсләм Жұмағалиевтің этнокостюмдерін «Art line» модельдік агенттігі халыққа паш етті. Бұдан бөлек Ақтоғай ауданынан «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі, «Жарқын» халықтық хореографиялық ансамблі мен «Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблі де сахнаға шықты.

Этноауылдағы мәдени думанның көркін айтыс ақындарының шаппа-шап сөз қағысы қыздыра түсті. Ортада айтыс өнеріне жаңадан қадам басып келе жатқан жастар мен елге белгілі аға-буын айтыскер ақындар өнер көрсетті. Қарағанды облысын осы өңірдің тумасы, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Аханов пен Еркеғали Бекболат шарықтата таныстырды.

Сондай-ақ этноауылда апта бойы күн сайын еліміздің ең үздік шебер-қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкесі, олардың жұмыстары мен шеберлік сағаттары көрсетіліп жатыр. Көрмеге Қарағанды облысының он қолөнер шебері қатысып, былғарыдан, киізден, ағаштан жасалған бұйымдар, қыш және зергерлік бұйымдарды ұсынды.

Айта кетейік, этноауылда Қарағанды облысынан үш киіз үй орнатылған. 12 қанатты киіз үйде облыстық өлкетану мұражайының экспонаттары, бірінші сегіз қанатты киіз үйде С.Сейфуллин атындағы театр ұжымы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді бейнелеп көрсетсе, екінші сегіз қанатты киіз үйде Қарағанды облысының экономика, мәдениет және спорттың түрлі салаларындағы жетістіктері ұсынылды. Мәдени бағдарламаға облыстан жалпы саны 200-ге жуық өнерпаз қатысқан.

«Бірлік керуені» театрландырылған шеруге С.Сейфуллин атындағы театрдың актерлері, хореографиялық ансамбльдер, ат спортшылары, бүркітшілер, аңшылар тазысымен қатысты.