Іс материалдарына сәйкес, А. және К. жолдың жүру бөлігінде төбелесіп, сол арқылы өз әрекеттерімен қоғамдық тәртіпті бұзған.
Астанада жолда төбелес шығарған көлік жүргізушінің бірі әскери қызметкер болып шықты
Фото: istockphoto.com
2,864
оқылды

Астанада жол бөлісе алмай, төбелес шығарған көлік жүргізушілерінің бірі әскери қызметкер болып шықты, – деп хабарлады Aikyn.kz Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап. 

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін А. мен К.-ға қатысты іс қаралды (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі).

Іс материалдарына сәйкес, А. және К. жолдың жүру бөлігінде төбелесіп, сол арқылы өз әрекеттерімен қоғамдық тәртіпті бұзған.

Сот отырысы барысында құқық бұзушылар өз кінәсін толық мойындады.

Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары құқық бұзушылық фактісінің бейнежазбасымен, жүргізушілердің жазбаша түсіндірмелерімен расталды.

ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді.

Жаза қолдану барысында сотпен жол қозғалысы қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық тәртіпке қол сұғатын құқық бұзушылық жасағаны, жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескерілді.

Сот құқық бұзушы А.-ны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.

Азамат К. әскери қызметші болып табылады және оқиға қызметтік міндеттерін атқару кезінде болған, осыған байланысты сот оны кінәлі деп танып, тәртіптік жаза қолдану үшін іс материалдарын әскери қызмет өткеру орнына жіберді. Себебі ӘҚБтК-нің 32-бабына сәйкес қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары үшiн тәртiптiк жарғылар бойынша жауаптылықта болады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.