Жолдаудың бесінші бағытында «Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады», - делінген.
Білімді, білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау – маңызды міндет
449
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. 

«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деп хәкім Абай айтқандай, университетіміздің миссиясы озық әдістемелер, ұлттық мұра және әлемдік тәсілдер негізінде заманауи білім беру қажеттіліктерін алдын ала болжайтын педагогтерді даярлау болып саналады. Мемлекет басшысының Жолдауындағы «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады»  демекші, мектептегі білім беру сапасы мұғалімдерді даярлайтын педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы – Абай университетіне де тікелей қатысты. Биыл  6000-ға жуық студент Абай университетін таңдады, оның ішінде 4000-ға жуығы мемлекеттік грант иегері. Университетімізде педагогикалық мамандықтарға ұлттық бірыңғай тестілеуден 80 балдан жоғары жинаған талапты, қабілетті талапкерлер ғана қабылданды. Бұл – саннан сапаға көшудің айқын дәлелі.  

Жолдаудың бесінші бағытында «Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады», - делінген. Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі де өте маңызды рөл атқарып отыр. Ғылым – кез келген елдің тірегі, адамзат дамуының серпіні. Білім мен ғылымның қара шаңырағы Абай университетінің даму бағдарламасына сәйкес 2029 жылға дейін университет педагогикалық зерттеу университетіне трансформациялану жоспарлануда. Университеттің жоғары ғылыми кадрлық әлеуеті осы мақсатқа жету үшін  ғылыми зерттеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Университетте ғылыми жобаларды қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2023 жылы өсім өткен жылмен салыстырғанда 51% болы, ал 2024 жылы қаржыландыру 31% өсті. Бұл ретте профессор оқытушы құрамының жобаларға қатысу үлесі шамамен 47% (317 ПОҚ, оның ішінде 70-тен астамы жас ғалымдар). 2024 жылы ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын жалпы сомасы 1,690 млрд теңгеге 72 ғылыми жоба, оның ішінде 1,3 млрд теңгеге 68 гранттық қаржыландыру жобасы және 478,1 млн теңгеге 4 бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. 

Сонымен қатар жалпы сомасы 350 млн  теңгеге ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша 1 жоба іске асырылып жатыр. Жекеменшік компаниямен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге келісімшарт жасалды. Бұл жоба – Қазақстанда инновациялық өндірісті құру бағытындағы ғылым мен өндірістің табысты интеграциясының жарқын айғағы.  

Жыл сайын университет жас ғалымдарды, профессорлық-оқытушылар құрамын және қызметкерлерді қолдап, олардың перспективалық идеяларын дамытуға өз бюджетінен қаражат бөледі. Жалпы соммасы 145 млн теңге болатын 32 жоба университеттің өз қаражаты есебінен іске асырылуын мақтанышпен айта аламыз (ол жас зерттеушілерге арналған жобалар, халықаралық және республикалық ҒЗИ-мен интеграциялық жобалар). 

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз етуде жоғары тиімділікті көрсететін, сондай-ақ университеттің отандық және халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі имиджін арттыруға ықпал ететін постдокторантура және зерттеуші-профессор бағдарламасы Абай университетінде 2019 жылдан бастап іске асырылып жатыр. Бүгінде бағдарлама өз жемісін беріп жатыр, постдокторанттарымыз бен зерттеуші-профессор ғалымдарымыз ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын ғылыми жобалар мен халықаралық жобалардың жетекшілері мен орындаушылары.   

Абай университетінің ғалымдары өздерін әлемдік деңгейде де сенімді түрде танытуда: халықаралық деңгейдегі ғылыми басылымдардағы жарияланымдарының саны мен сапасы артып келеді.  Бүгінгі таңда университет ұжымы заманауи технологияларды батыл енгізе отырып, білім мен ғылымның өзекті мәселелерін шешуге белсене атсалысып, жаңа міндеттер қойып, оны университет пен ел игілігі үшін жүзеге асырып жатыр.   

Г.БАЙМБЕТОВА,

ҒЗЖ және ғылыми кадрларды даярлау 

басқармасының бастығы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram арнасынан таба аласыз.