V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасында жүйрік жылқының, қырағы бүркіттің қатысуымен болатын спорт түрлері бар. Сондықтан аталмыш ойынға қатысатын спортшылармен қатар оларға серік болған құс пен жануардың да денсаулығына алаңдау маңызды.
Көшпенділер ойынына ветеринарлар да атсалысты
519
оқылды

Қарапайым оқырман спорт­тық жарысқа ветеринар­лардың не қатысы бар деуі әбден мүмкін. Бір қарағанда, тосын естілетіні де рас. Бірақ бұл мамандардың көшпен­ділер ойынына тікелей байланысы бар екен. Өйткені ойын түрінің көбі жылқының жалында өтеді. Бәйгені, аударыспақты, жамбы атуды, көкпарды арғымақтарсыз елестету мүмкін бе? Жоқ, әрине. Мұнда ер-азаматтың білегі мен ептілігі ғана сы­налып қоймайды, астындағы сәйгүліктерге де ерекше күш түседі. Желмен жарысып, ауыздығымен алысқан тұл­пар­ларға да бап та, бақ та қа­жет. Сондықтан жарыстардың дұрыс және ретті ұйымдас­тырылуында жануар денсау­лығы мен жайлылығын вете­ринариялық бақылау өте маңызды. 

Мал дәрігерлері жарыс алдында спорт сәйгүліктерінің физиологиялық және клини­ка­лық жағдайын жан-жақты тексерістен өткізеді. Бұл ойынға қатысатын жануар­лар­дың өмірі мен денсаулы­ғына қауіп жоғына кепілдік береді. Жарыс кезінде жара­қаттар пайда болған жағдайда дәрігерлер жануарларға қа­жетті медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ ойын кезінде жануарларды гуманды пайдалану ережелерінің сақ­талуын бақылау да – ветери­нариялық қызметтің тағы бір маңызды міндеті. Бұл жұмыс спорт малының қауіп­сіздігін қамтумен қатар ойын­дардағы жалпы әділеттік пен спорттық этиканы сақтау негіздерінің бірі саналады.

Осы ойындардың ветери­нариялық қызметін атқару үшін елордамыздағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу уни­верситетінің Ветери­нария­лық медицина кафе­драсы­ның меңгерушісі, «Бо­ла­шақ» президенттік бағ­­дар­ламасы­ның түлегі, ветеринария ғы­лым­дарының кандидаты Жомарт Кемешов бастаған бір топ маман атсалысып жатыр. 

Еске сала кетейік, Аста­нада өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көшпелі халықтардың 21 дәстүрлі ойын түрі бойынша 89 елден 2 500 спортшы бақ сынап жатыр. Дүбірлі дода кеше өз мәресіне жетті.