Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне байланысты референдум өтетіні туралы хабарланғалы белгілі.
Қуат тапшылығынан құтқарады
1,019
оқылды

Қазір атом электр стансасын салу мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Сонымен, атом электр стансасын салудың маңыздылығы не? АЭС салу қандай қажеттіліктен туындап отыр? АЭС құрылысынан келетін қауіп бар ма? Көпшіліктің көкейіндегі осы сұрақтардың жауабын атыраулық ғалымдардан сұраған едік. 

Техника ғылымдарының кан­дидаты, Қазақстанның ең­бек сіңірген энергетигі Влади­мир Яшковтың айтуынша, атом энергетикасын дамыту – бола­шақта болатын энергия тапшы­лығын болдырмау үшін қажет.

– Алдымен  Қазақстанның энер­гетика объектілеріне тоқта­лып өтелік. Бірінші көмір ту­ралы айтар болсақ, Қазақстан­дағы көмір қоры 300 жылға же­теді. Париждің шығарын­ды­лар жөніндегі келісіміне сәйкес, Қазақстан 2060 жылға қарай кө­міртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттеме алды. Сондықтан көмір энергетика­сына инвесторлар болмайды. Дегенмен көмір өндірісі басым бағыттың бірі болып қала береді. Еліміздегі 24,5ГВт белгіленген қуаттылықтың 13,4ГВт көмір генерациясымен ұсынылған. Ол күкірт пен азот оксидтерінің, ауыр металдардың эмиссиясы­мен теріс фактор туғызады, сондай-ақ күлдің көп көлемде болу проблемасы, құрғақ климат және үнемі жел соғып тұруы аумақтың ластануына, экожүйе мен адам денсаулығына кері әсерін тигізеді.

Екінші – газ. Тәуелсіздік ал­ған 30 жыл ішінде елімізде бір­де-бір газ кен орны толық иге­ріл­меді. Қазақстанда газдың жеткілікті көлемі жоқ. Мысалы, Жамбыл МАЭС алты блокта екі-үш блокты режимде жұмыс істейді, себебі газ қымбат және жеткіліксіз. Жаңартылатын энергия көздерінің тиімділігі төмен. Жел 30%-ға дейін, күн  15% ғана қуат көзі бола алады. Сондықтан ЖЭК негізгі гене­рация ретінде қарастырыл­май­ды. Олар тек электр энергиясын сақтау құрылғыларымен  қолда­нылады, –  дейді ғалым Влади­мир Яшков.

Ғалымның айтуынша, Қа­зақ­станда  атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті алғышарт бар. Еліміз қазірдің өзінде ядролық отынды дайын­дап жатыр. Ол – уран таблет­калары. Егер атом электр стан­са­сын салу бойынша оң шешім қабылданса, Үлбі ме­тал­лургия зауыты ядролық отынды әзір­леуге дайын.

– Уран қоры бойынша Қа­зақ­­стан әлемде екінші орын­да. АЭС үшін уран, отын өндіру­дің тиімді технологиясы бар. Уран өнімдерін өндіру бойынша «Үлбі металлургия зауыты» АҚ жұмыс істейді, ҒЗИ бар.

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Ядролық физика институтымен ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойған болатын. Атом электр стансаларының қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына қатысты мәселе жоқ екенін атап өтуге болады. Соны­мен қатар халықаралық класси­фикация бойынша атом электр стансалары «жасыл энергетика» бөліміне енгізілді, бұл олардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын растайды, – дейді ғалым Влади­мир Яшков.

Сондай-ақ В. Яшков Қазақ­станда АЭС салу қажеттілігін туындатып отырған алғы­шарт­тар бар екенін айтады. Еліміздің оңтүстігінде 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшы­лығы шамамен 2 ГВт болады деп күтілуде.

– Қазір Алматы облысында АЭС салу мәселесі қарастыры­лып жатыр. Алматы облысы ұлт­тық электр желісінің топо­графиясы тұрғысынан ең қо­лайлы алаң деп танылды. Қазақ­станда атом энерге­тикасын дамыту 2060 жылға қарай көмір­тегі бейтарап­тылы­ғына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Атом энергетикасын дамытатын мемлекет айтарлық­тай үлкен саяси салмаққа ие болады. Әрі дамыған атом энер­ге­тикасы Қазақстанның эко­номикалық өсу, энергетикалық тұрақтылық пен энергия қауіп­сіздігі ара­сындағы теңгерімге қол жеткізе алады. Қазақстанда атом электр стансаларының пайда болуы әрдайым жоғары технологиялық өнеркәсіп пен ғылым салаларын дамытуды қоса алғанда, кешенді ұлттық дамудың драйвері бола­ды, – деді ғалым.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Дүйсенбек Құл­жанов­тың пікірінше, атом элек­тр стансасын салу   қажеттіліктен туындап отыр.

–  Рас, қазір әркім әртүрлі пікі­рде. Бүгінгі электр энер­гия­сы халықты 100 пайыз қамтып отыр деп айта алмаймыз. Қазір еліміз күннен-күнге дамып, ха­лық саны да көбеюде. Егер де­мо­графиялық ахуал осы қар­қын­да дамитын болса, онда бізге АЭС керек болады. Ол арқылы біз энергия тапшылығын жо­йып, экономикалық жағдайы­мыз бен энергия қауіпсіздігін жақсарта аламыз, –  деді ғалым Дүйсенбек Құлжанов.

Қалай десек те, АЭС салын­ған жағдайда да, техникалық және экологиялық қауіпсіздік мәселесі бірінші кезекте болуы керек. Сондай-ақ Қазақстан үшін қауіпсіз әрі экологиялық тұрақты шешімдерді іздестіру маңызды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА