Биыл қазақ поэзиясының белді өкілі, бірнеше жыр жинағының авторы, ұлт тәрбиесінің жанашыры, «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева 80 жасқа толды.
Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Түбінде ақша мен білімнің таразыға түсетін кезі келеді
9,769
оқылды

Біз құрметті ел анасы Ақұштап апайымыздың осынау мерейлі жасына байланысты өзімен арнайы кездесіп, кеңінен сұхбаттасып қайтқан едік.

– Ақұштап апай, биыл сексеннің сең­гі­рі­не шықтыңыз. Осынау бір ғасырға жуық уа­­қыт ішінде өткеніңізге қалай баға берер еді­­ңіз? Өкінген сәттеріңіз көп болды ма? Ке­ше­гі жас Ақұштап апайымыз бен бүгінде «Ақ­­жайықтың ақ шағаласы» атан­ған ақын қыз­­дың арасында нендей айыр­машылық бар? 

– Сенің көзіңмен қарасаң, сексеннің сеңгірі деген – өте үлкен жас. «Апыр-ай, осыншама өмір сүруге де болады екен-ау» деп ойлап таңғалып отырған шығар­сың. Ал менің көзіммен қарасам, өтіп кеткен уақытта із жоқ. Уақыт сонша тез зулайды. Менің көз алдыма дәл сендей кезімді, сту­­­денттік шағымды, Жазушы­лар ода­ғы­ның есігінен кіре алмай тұрған ұяң кезімді елестетіп отырмын. Алғаш ре­дак­цияларға шығармамды алып келіп, «мұны ақын қа­лай бағалар екен» деп тұрған кезім есіме түседі. Бірақ өткен күн­ге өкініп, оны еске алудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен тағдырыма шүкірлік етем. Өйткені қазақ­қа бір қыз бала болып келіп, тағдыр маған қалам ұстатқан екен. Сол «қазақ қызы «қа­лам» деген үлкен жүкті арқалай ала ма?» деген сауал тұрған кезде біз әде­биет­ке келдік. Біз дегенім – қазақтың аз­­ғантай ғана санаулы топ қызы. Бізге дейін де са­­­­­­­наулы болды. Біздің толқын «Кеңестік дәуір» деп аталамыз. «Қазақ қызының күреспен келген жолында бұл қаламды ар­қалау қалай болады?» деген сауалға жауап беруге белді будық. Олар біздің буын­дағы Фариза бастаған Күләш, Қани­­па, Ақұш­тап сынды санаулы қыздар еді. Соңы­мыздан Ханбибілер бастаған тағы бір толқын келді. Қазақ қыздарының қа­лам деген үлкен жүкті арқалау жолына шық­­­қаны әлі күнге дейін есімнен кет­пей­ді. Ақын қыздарға деген көзқарас қай кез­де де өз деңгейінде болған жоқ. Сол кез­дері «Қыздардың орны – қазан-аяқ, бесік тербеу, бала тәрбиесі, үй шаруасы, олар әдебиетте не бітіреді?» деген көз­қарас ауқымдырақ болған сыңайлы. Сол арпа­лыстың ішінен шыққанымызға өзім де таңғаламын. Біз табиғат талантты бер­ген соң, мұны өлтірмеу керек деген кү­­­рес­пен келе жаттық. Күресіп жүріп заман өз­­­гер­ді, қоғамда түрлі өзгерістер болды. Шын мәнінде, біз ұлттың қызы болған соң, ана тілі мен қазақ қызының тағдырын ойла­дық. Енді өткеніме өкініш айта ал­­­май­мын. Осындай өмір бергеніне тәубе деймін. Ризамын!

– Алматыға табан тірегеніңізге көп уақыт бола қойған жоқ. Қалаға ең алғаш 17 жасыңызда арман қуып келген екенсіз. Араға жылдар салып жастық шағыңыздың қаласына қайта оралуға шешім қабыл­дауыңызға не себеп болды?

– Алматыға он жеті жасымда арман қуып, журналист боламын деп келдім. Одан кейін қырық жыл уақыт зулап өтті. Мұнда алғаш кітабым басылып шықты, қызыл диплом алдым, үйсіз-күйсіз дәу­рен де өткіздім. Жастар алғашында қан­дай қиындықтарды көрсе, мен де сол кезеңді өткердім. Одан кейінгі тәубе дейтінім, «қа­зақтың ақын қызы» деген ат алдым. Түр­лі жиындарға қатысып, әдеби бірлес­тіктерді көрдім, замандас жазушылармен ара­­­ластым. Қырық жыл тұрып, бесігімді тер­­беп, ошағымның отын маздатып, ең­бек еттім. Кейін сонау Ресеймен шек­тескен, шекарасы тиіп тұрған Орал өл­ке­сіне кел­дім. Сол кездері Оралдың жағ­­­­­­­­­­­­­­дайы – тілі жоқ, көшеде бірде-бір қа­зақтың аты жоқ, бір ғана қазақ мектебі бар аймақ еді. Әри­не, егер Оралға отағасы бармаса, өзім жал­­ғыз кете алмас едім. Ота­ғасы қолдады. Екеу­міз сонда барып ең­бектеніп, біраз шаруа­ларға араластық. Алматыға тұрмыс жағ­дайына байланысты бала­ларымыздың қасына көшіп келдік. Балаларымыздан көрген немере-шөбере, жиен-жиен­шар­лардың ортасына келу – мақсатымыз бол­ды. Өзім де Алматымды са­­ғындым. Заман­дастарым өмірден өтке­німен, менің әдеби ортам бар. Өздерің сияқ­ты қаламның тағ­­­­­­дырын ойлап жүрген қыз­дарым, неме­релерім өсіп келе жатыр. Мүм­­кін сендер­мен ой бөлісудің өзі мен үшін бақыт шы­ғар. Сол үшін маған ғұмыр берген болар... 

– Сіз ақ қағаз бетіне түсірген жырлар мен жүрген ортаңызда жиі айтылатын та­қы­рыптардың бірі – қазақ әйелдері тура­сында. «Поэзияда әр қыздың өз дауысы бо­луға тиіс» дейсіз. Ал бүгінгі тәуелсіз елдің поэзиясында өзіндік үнін қалыптастырған ақын қыздардан кімдердің шығармашылығын атар едіңіз?

 – Ақын қыздарға қай кезде де оңай болмайды. Бүгінде еркінбіз, жағдайымыз жақсы дегенмен, ақын қыздарға қамқор­лық аз және оларды түсінетін орта да көп емес дер едім. Өйткені қандай қоғам не­месе қай кезең болсын, ақын қыздың жү­регін тү­­­сіне­тін жағдай болмайды-ау. Сон­дықтан өлең жазған ақын қыздарға қатты жаным ашиды және оларды жақсы түсі­немін. Қазіргі ақын қыздарымыздың, со­ның ішінде Мақпалдың, Сағыныштың, Дина­раның, Ажардың да жазған өлең­дерінің біразын оқимын. Бірақ ақын қыз­дардың өлеңдерінен байқағаным, әрқай­сысының өз дауысы жоқ. Расында, өлең­­­­­­дерін шатастырамын. Егер өлеңнің со­ңында автордың аты-жөні көрсетілмесе, бұл өлеңді кім жазғанын айыра алмай қа­лам. Міне, менің оларға айтарым – осы. Бүгінгі ақын қыздардың мүмкіндігі үлкен, себебі олар әлем әдебиетін орыс тілінен бө­лек, ағылшын тілінде оқи алады. Бізде де осындай кезең болды, бірақ орыс әдебие­­тінен әрі қарай аса алмадық. Оған басты себеп, бізге өзге әдебиеттің бар­лығын орыс тілінде әкеліп ұсынды. Мен келешекте кейінгі қыздарымның да өзіндік қолтаңбасы болса екен деп тілеймін. Қазір көпшілігінде жаппай бір тақырыптағы өлең­дер жазылып жатыр. Бәрінде сол бір сағыныш пен мұң, сәтсіз махаббат. Әзірге осы тақырыптар қазіргі ақындарға ортақ болып тұр. Түсіне­мін, ақын қызда сәтті ма­­хаббат болмайды. Себебі ол – ақын. Ал ақынның түсінігі де, тағдыры да бөлек. Бұл – көрінген қара­­­пайым­дармен салыс­тыруға келмейтін өмір. Мен оларға өмірдің сәттілігін тілеп, өз қол­таңба­­­­ларыңды, ізде­ріңді айқындап алыңдар дер едім. 

– Сізді алаңдататын мәселенің бірі де сол – қазақ қыздарының бағыты мен тәрбиесі. ХХІ ғасырдағы қазақ қызының болмысы қандай болуға тиіс? Замана көшіне ілесеміз деп ата-бабамыз арқылы бойға сіңген құн­дылықтарымызды, қазақы болмы­­­сы­мызды жоғалтып алған жоқпыз ба? 

– Менің талай жерде көтеріп жүрген мәселем де осы. Қай ғасыр болсын, сен қа­зақ­тың қызысың. Егер осы атауды өз­герткің келмесе, «мен қазақтың қызы­мын» деп кеу­­­деңді соғып өмір сүргің келсе, онда ата-баба ізінен тайқымауың тиіс. Еуро­паның, Батыс елдерінің үлгі-өнегесі, әлеуметтік желідегі коуч қыз-келіншектердің ақша алып, аруларды оқытуы – қазақ қызына қа­­­­­­­жет емес. Ұлы даланың қызы қандай бо­луы қажет? Ең алдымен, ол намысты бо­луға, ұлтын, даланың топырағын сүюге тиіс. Ұл­тына сондай қасиеттерді бойына сіңірген намысты ұрпақ сыйлауы қажет. Бұл – қазақ қызының басты міндеті және мақсаты. Егер осыдан аттап өзім үшін өмір сүрем деп, кө­рінгеннің етегінде кетсе, ол – қазақ үшін өлген қыз. Сен ұлы дала үшін күрескен ата-бабаларымыздың өмірін оқы­­­­масаң, онда ұлтың үшін құның тиын тұрмайды. Демек, сен жай әншейін жән­діксің. Жорғалап жүрген жәндік те, ма­­құлық та тіршілік етеді. Өмір осылай өте береді. «Өзімізге жақсы болды» деп қара басыңның қамымен өмір сүрсең, ата-ба­баңның арманына сай болған жоқсың деп айтудан жалыққан емеспін. Ұлтың үшін тым болмаса тамшыдай үлес қос, тым бол­маса өз ұлтыңның балаларын тәрбие­лейтін ұстаз болып өмір сүрші. Мен үшін ұстаздық салада қызмет етіп жүрген бір қыздың өзі шетелге кеткен қазақ қызда­ры­нан әлде­қайда қымбат. 

– Қазір ұл-қыз өсіріп отырған көптеген қазақ отбасы балаларын орыс мектепке беруді құп көреді. Тіпті, тіл, әдебиет май­данында қалам тербеп жүрген тұлғалары­мыздың пер­зенттері де орыстілді мектептің табал­ды­рығын аттағаны жасырын емес. Дегенмен сонау қиын-қыстау заманда өз қыз­дарыңыз қазақ балабақшасына, қала берді, қаладағы жалғыз қазақ мектебіне бар­ды. Өкініштісі, бұл ретте азаттыққа қол жеткізіп, еңсемізді тік­тесек те, ана тіліміздің ахуа­лын құрдымға жіберіп отырған жоқпыз ба деген сауал туын­дайды. Неліктен қазақы отбасыда тәлім алған ата-ана балаларын орыс мектебіне беруге әуес?

– Тарихтың жылжу дөңгелегі қазақ ұл­тының басынан түрлі оқиғаны өткізді. Қазақ талай нәрсені жоғалтып, қайта тапты. Талай рет құрып барып, қайта ті­рілді. «Мың өліп, мың тірілдік» деп Жұбан ақын тектен-текке жазған жоқ. Кезінде со­ғыспен де, аш­тықпен де халық­тың көзін жойып, бүтін даланы құртуға тырысты. Бірақ қазақ ұлты жойылған жоқ. Ендеше қайткен күнде де егемендіктің туы желбі­реп, ұрпағы оянған кезде қазақ жойылмас деп ойлаймын. Қазір кейбір қазақ мек­тептерінің ұйымдастыру жұмысына көңілі толмағандар әлі де орыс мектебінің білім беру жүйесі тереңірек деп ойлайды. Бірақ атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген бі­лім – адам­заттың қас жауы» деген сөзін ұмыт­пауымыз тиіс. Өзім балаларымды, ке­лесі ұрпағымды орыс мектебіне беріп көр­ген жоқпын. Сексен жасыма дейін баланы орыс мек­тебіне тапсырудың соңы немен аяқтал­ғанын көріп, талай сәтсіз оқиғаға куә бол­дым. Орыс мектебінде оқы­ған балалар қазақы мейірімнен, қазақы түсініктен ал­шақтайды. Егер осылай жал­ғаса берсе, бо­ла­шақта үлкендерді қарттар үйіне жинап алатын шығар, бәлкім. Алайда қазақ ті­лінде оқығандардың өзі де әке-шешесін қар­тайған шағында қарттар үйіне тап­сырып жатыр. Бірақ қазақ ұлтының ұрпа­ғын ана сыйлау, баба сыйлау, үлкенді сый­лау деген тәрбиеден шығармау маңызды. Мұндай тәрбиені баланың бойына сіңіруге әрбір ата-ана жауапты. Бала тәрбиесіндегі қа­телікті әрбір ата-ана өз шаңырағынан із­деуі керек. Бүгінде қазақ мектебі көбейді, тіпті басқа ұлттар да баласын қазақша оқы­тып жатыр. Ана тілінде білім алу – анаң­ның, ұл­­тыңның қасиетін бесіктен білу де­ген сөз. Ал өзге тілде әріп тану – ана ті­лің­нен, шық­қан тегіңнен қол үзіп қалу деген сөз. Осы екеуін ажыратып алу қажет. Баласын орыс мектебіне беретін ата-ана­лар әлі де бар, бірақ бұл тұста көп нәрсе тағы да үйдегі тәр­­­биеге байланысты. Егер отбасының ұлт­тық бағыты дұрыс қалып­тасса, тілде тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі уа­қытта балалар ағыл­шын тілінде де білім алып жатыр. Сон­дықтан идеологияны жа­нұя институты, қазақ ұлты­ның өзіндік дәс­түрді сақтауы және пара­сатты тіршілік жайына бұруымыз қажет. 

– Еліміздегі білім ошақтарының кітап­ханашылары еңбектің лайықты түрде баға­ланбайтынын айтып ашынады. Сіз сұхбат­тарыңыздың бірінде ұлттық тәрбиеге үлкен идеология қажет, ал сол идеологияны қа­лып­­­­­­тас­тыру үшін кітапхана мәселесін жолға қою аса маңызды екенін атап өттіңіз. Осы пікі­ріңізді тарқатып өтесіз бе?

– Біз егемендік алған жылдары Түр­кия­да медицинаның кіші қызметкерлері жоқ еді. Ал қазір керісінше Түркияның ме­ди­ци­насы оқ бойы озып шықты. Мем­лекет ме­дицина саласында ғана емес, өзге де ба­ғыттар бойынша алда келе жатыр. Мұның түпкі себебі, түріктер кезінде кітап­хана са­ласына, ғылым мен білімге көбірек көңіл бөлді. Түркия кітапханаларында таңнан кешке дейін ғылыммен айналысып, еңбек жазып отырғандарға түрік рестора­нының тегін тамағын береді. Міне, олар кітапханаға тартудың тағы бір жолын ойластырған. Біз Ғылым академиясын таратып жібердік те, мұрағатта жиналған тарихты шашып алып отырмыз. Ғылым академиясының ғимараты бәзбіреулерге қа­жет болып, нәтижесінде академияны тарату деген барып тұрған көр­генсіздік. Ең үлкен қателік – егемен­дік­тің алғашқы жылдары кітапхананың бәрін са­уық-сайран өткізетін тойханаға сатып жі­бер­ді. Енді оқырманды кітапханаға қайта ба­ғыттай алмай отырмыз. Шынында, қо­ғам­­­дағы көптеген қателік негізінен кітап бе­тін аш­пағаннан орын алып отыр. Иә, кітап оқыған адамға басқа тәрбие жұмысын жүргізудің қажет жоқ еді. Сондықтан кі­тап­ты насихаттау ісіне қайта бұрылмасақ, біз­дегі қателіктер жалғаса береді. Басқару қыз­метінде отырған жас жігіттеріміздің қа­­­телігі – кітап оқымаудың салдары. Кітап оқы­мағандар ұжым басқарып немесе қан­дай да бір жетістікке жете бермейді. Олар қа­шанға дейін бәрін ақша арқылы іске асы­рамыз деп ойлайды? Жоқ, түбінде ақша мен білімнің таразыға түсетін кезі келеді. Адам­заттың аңсайтыны – ақыл-есі дұрыс ұрпақ болса, кітапты әлі де алға шығару қажет. Балаларға кітап оқуды жастайынан үйре­туіміз тиіс. 

– Өзіңіз жайлы көпшілік оқырман біле бермейтін қызықты фактінің бірі – өмірлік жолдасыңызбен талантты ақын Фариза Оң­ғарсынованың шаңырағында танысуыңыз. Онымен қоса, жарық дүние есігін ашқан күн­деріңіз де бір-біріне тұспа-тұс келеді. Ра­сында, сізді Фариза апамызбен көп дүние байланыстыратын сыңайлы...

– Иә, Фариза отағасымен танысуыма себепші болды. Отағасымен Фаризаның үйінде таныстық. Алғашында Фариза өмір­лік жолдасыммен өзі таныстырғысы келді. Өйткені ол отағасының барлық ба­лалық кезеңі мен жастық шағын біледі екен. Ота­ғасы кейде «Мені сенімен таныс­тырған Фа­риза апайға рақмет» деп еске алып күліп отырады. Фариза бүтін өмірін, жастығын, денсаулығын «өлеңді қазақ қызы жаза ала­ды» деген көзқарасты дәлел­деуге арнады. Өйт­кені оның жүрегінің бас­қа қалауы бол­ған жоқ. Фариза екеу­міздің мұңымыз да, арманымыз да бір еді. Орта жолда қаламды тастап кету болмас екен, өзгелерге қазақ қыз­дарының қолы­нан түк келмейді ғой дегізбесек екен деп осы жолда еңбек еттік. Қазақтың ақын қы­зын 85 жасында еске алайықшы деген оймен қолымда қалған суреттер мен хат­тарды жинақтап, «Менің Фаризам» деген атаумен кітап етіп шығар­дым. Рухы риза деп ойлаймын. Кеше ғана ауылдан жеңгесі хабарласып, қуанып отыр­ғанын, екеуміздің жастық шағымыз көз алдынан өткенін жеткізді. Бұл кітап – өзім таныған Фаризам жайлы бір естелік болсын дедім. Қазақ қыздары талантын өлтірмейді және ақын­дықты дәлелдей алады деген тұжы­рымға келу үшін бізге Фаризаны ас­қақ­тату керек. 

– Кітап қазір сатылымда бар ма?

– «Менің Фаризам» кітабын Foliant бас­пасы шығарды. Кітаптың көбін мерейлі жылыма байланысты келісіммен Орал қа­ла­сындағы кітапхана иелері сатып алды. Foliant баспасымен байланысы бар адам­дар кітапты алып жатқан шығар, бәлкім. Мен кітаптың сатылымы қалай жүріп жат­­­қа­нынан бейхабармын. Кітапқа Kaspi қо­сымшасы арқылы тапсырып бе­ретін оқыр­мандар да бар екен. Егер туындының оқыр­­­маны көбейсе, әрі қарай Foliant бас­пасы тағдырын шешетін болар. Мен өзім таныған Фаризамен бірге өткізген жылдар мен арман-тілегімізді жазып шық­тым. Тағ­­­дырымда Фариза отағасымен қосы­луымды іштей қалады. «Мен жалғыз қал­дым-ау, ол менен алыстап кетті-ау» де­ген сынды арпа­лыстар да болғаны рас. Бірақ әлгі біреулер айтып жүргендей қызғаныш сезімі болған жоқ. Әлі күнге дейін Фа­ризаның інілері бізбен көрісіп тұрады. Олар бір-бірімен замандас, құрдас, бірге оқыған. Сондықтан бұл кітап ешкімге еш­қандай сұрақ туғыз­бауға тиіс. «Менің Фа­ризам» – Фаризамен бірге өткерген жыл­дарымнан естелік. 

– Қазақ поэзиясының ақтаңгері, марқұм ақын Қадыр Мырза Әлімен көрші бол­ғаныңыздан хабардармыз. Осынау қаламы қарымды тұлғалармен жақын тұру, өмірде де, өнерде де бағыттас болу шығарма­шы­лы­ғыңызға қалай әсер етті? 

– Шығармашылық жайлы әң­гі­ме­лесуге менің мүлдем уақытым бол­май­тын. Бала­ларды балабақша, мектеп, түрлі үйір­ме­лерге апару, онымен қоса өзімнің Жазу­шылар одағындағы қыз­метім, қала берді сту­дент­тер арасындағы жұмыс, ағайын­­­ның тірлігі бар еді. Сол уақытта басқа да ақын­дармен, көршіл­ермен дастарқан басында отырып, оларға шай құйып жүріп ағадан көп нәрсені тың­дайтынмын. Ағам­ның маған арнап жазған өлеңінен бай­қағаным, «әйел­­ге ақын болу қиын ғой» деп жаны аши­ды екен. Қадыр ағаның «Бай бақытты, балалар да ба­қытты, тек есікте жаутаңдап тұр жетім жыр» деп жазғаны бар. Ол күні бойы бөлмесінде кілттеніп алып кітап оқып, жазу жазып отыратын еді. Ал мен ба­зардан, бала­­бақ­шадан, мектептен сүй­ретіліп келе жа­там. Сол кездері мен «жа­зушы болған соң ер азамат болған дұрыс екен ғой, бұл әйелдің шаруасы емес екен» деп ойлай­тынмын. Қадыр аға сон­дай қамқор көңіл­мен әрқа­шан кітабында жазған авто­графтарында «Мықты қыз­сың!» деп қол­­дап отырды. Егер қолы бо­сай қалса, аз ғана уақытқа «күйеу бала» деп өзімен бірге жолдасымды ертіп әкете­тін. Өкі­ніштісі, мен онымен шығарма­шы­лық турасында әңгіме айта алмадым. 

– Сексен жылдық ғұмырыңызда «әт­теген-ай» деп еске алатын, орындалмай қалған арманыңыз бар ма? 

– «Әттеген-ай» көп қой, қарағым. Уа­қыт тауып оқи алмаған кітаптар, жазылып жоғалған өлеңдер немесе кезінде соңына дейін тындыра алмаған шаруам қаншама?! Әйел заты болғандықтан ойыңда көп нәрсе болса да, барлығы бірдей іске аса бермейді екен. «Әттеген-айларым» толып жатыр. Қазір оған өкінгенмен, кеш. Бәл­кім, орнын толтыратын кезі келер. Менің «әттеген-айым» сол – шығар­ма­шылық мүмкіндігімді толыққанды пайдалана алғаным жоқ. Ойымдағыны оқырманға беріп үлгермедім. Әрине, мен талай нәр­сені жазуым керек еді. Дегенмен уақы­тым жетпеді. Әйелдік тірлік мені басың­қырап кетті...

– Қазір ардақты ана, аяулы жар әрі хал­қы сүйген ұлт перзенттерінің бірісіз. От­басылық өміріңіз де көпке үлгі деуге негіз бар. Сөзіміздің соңында ұрпақ тәрбиелейтін қыз-келіншектерге қандай аналық кеңе­сіңізді айтар едіңіз?

– Сен өмірге келдің бе, алдымен қалай абы­ройлы қыз болам деп ойлауың тиіс. Аузын абайлап ашып, аяғын байқап басуы керек. Көрінген сөзді айтып, көргенсіз болуды «батылдығым» деп ойлап жүр­­гендер, көрінген жерге барып еркіндігім осы екен деген қыздар қателеседі. Қазақ­тың о бастан ата-баба арқылы келе жатқан тәрбиесі – қызды қырық үйден тыю. Қыз­дың жолы – жіңішке. Қыз – ұлттың анасы. Қыз – өмірдің сұлулығы. Әрбір қыз «Мен сұлулыққа жаралдым ғой, ен­деше сол сұлу өмірді бұзбайын» деп осы түсінікті есінен шығармауға тиіс. Ар­пылдап сөйлеу, тарқылдап күлу – қазақ қы­зына, жалпы әйел затына жараспайды. Ұлттық тәрбиенің шеңберінен шығып кетудің соңы жақсылыққа апармайды. Сүрінесің, құлайсың. Ал сүрініп, құла­ғаннан кейін қайта аяққа тұру – қыз балаға үлкен жүк, үлкен соққы. Тіпті, одан кейбір қыздар бойын тіктей ал­майды. Сондықтан сүрінбеудің жолын басынан іздеу қажет. Қазақ қызы өзін намысты, арлы, сұлу, кез келгенінің қолы жете бер­мейтін деңгейде ұстауға тиіс. Тағы бір айтарым, қазақ қызы мейіріммен жеңеді. Ананы сыйлауды білсе, адам баласы қор болмайды. 

– Әңгімеңізге рақмет! Ғұмырлы бо­лыңыз!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ