Кеше ғана аяқталған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 5 этноауыл жұмыс істеді. Этноауылдар «Қазанат» ипподромы, «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» паркі, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумақтарында орналасқан еді.
Этноауыл – ұлттық рух пен мәдениетіміздің символы
1,030
оқылды

«Қазанат» ипподромының жа­нында 10 гектар аумақта ашылған «Көшпенділер Әлемі» ауылына еліміздің әр аймағынан келген ақшаңқан киізүйлер қаз-қатар тігіліпті. Сән-салтанаты жарасып, халқымыздың ұлттық салт-дәстү­рін, мәдениеті мен әдет-ғұрыпын айшықтай түскен ауылға келуші көп. Көшпенділер ойынына қатысушылар мен тамашалауға келген қонақтар қазақ халқының қонақжай ниетіне дән риза. Этно­ауылдың көркі ерекше, тынысы бөлек. Ресми ақпарат бойынша үш күнде ауылға 70 мыңнан астам елорда тұрғындары, туристер және қонақтар келген. Оларға белсенділері мен еріктілері көмек­тесіп жүр. Еріктілердің киім үлгісі ерекше көз тартады. Көшпенділер ойындарының логотипі таңба­ланған киім арнайы тапсырыспен тіктірілген. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жалпы әлем елдері көз тіккен жарысқа атсалысу үшін 4,5 мыңнан астам адам ниет білді­ріпті. Оның ішінде АҚШ, Түркия, Германия, Франция және Гана Республикасының азаматтары да бар. 

– «World Nomad games – бұл қа­зақ елінің тарихын, бұрынғы салт-дәстүрлерін ғана емес, бар­лық түркі елдерінің салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, барша әлемге таныстыру үшін жасалған қадам. Бұл ауқымды шараға атсалысу біз үшін зор қуаныш», –  дейді бір топ ерікті жастар.

Сәні мен салтанаты жарасқан этноауылда қазақтың бай мұрасы мен көшпелі өмір салтын тамаша­лауға барлық жағдай жасалыпты. V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны «Шаттық керуені» шеруі­мен басталып, орталық алаңға орнатылған тайқазанға еліміздің 20 аймағынан жеткізілген киелі су құйылып, ортақ қазанда дәм-тұзы жарасқан халқымыздың ынты­мақ-ырысын салтанатпен паш етті. «Өнер ордасы» басты сахна­сында еліміздің барлық дерлік аймағынан келген өнерпаздар «Думанды дала» концертінде өнер көрсетті.

Эноауыл аумағы ұлттық ойын­дарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арнал­ған шатыры, ашық аспан астын­дағы көшпелі Өркениеттер мұра­жайы, спорттық іс-шаралар мен ұлттық тағамдар, басты сахнасы, аймақтардың этникалық қоныс­тары, қолөнершілері және Шығыс базары бар үлкен қала іспетті.

– Ұлттық нақышта жасақ­талған ауылда тек қазақ халқының ғана емес, түгел түркінің, барша көшпенді халықтардың мәдениеті мен ұлттық әдет-ғұрпын сезінуге болады. Мұндай фестиваль жылда ұйымдастырылса да артық бол­май­ды. Көшпенділер ойынын тамашалауға келген туристер де көп екен. Бәрінің жүзінен ерекше бір жылылық еседі. Қонақжай халқымыздың өнері мен мәде­ниеті оларды қатты қызықтыра­тыны байқалады, – деді Семейден  келген Арман Есіркеп. 

Шығыс базарындағы «Шебер­лер ауылында» еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам қолөнер шеберлері өздерінің бірегей бұйымдарын таныстырып, шеберлік құпияларымен бөлісіп, қонақтарға зергерлік өнер, былға­ры өңдеу және керамикалық мү­сін жасау бойынша шеберлік сабақтарын ұсынды. «Балалар алаңында» балаларға арналған түрлі ойын-сауық және алтыбақан маңында ұлттық сайыстар ұйым­дас­тырылды.  Ән мен биден шашу шашылып, күмбірлеген күй әуе­леп, мерекенің көрігі қыза түскен. Құралайды көзге атқан мерген, аузымен құс тістеген жүйрік, күм­бірлеген күй, шырқалған ән, айтыс, емен-жарқын әңгіме бар­лығы бар. «Көшпенділер Әлемі» этноауылында Шығыс Қазақ­станның облысының киіз үйінде  патшалар жазығы Берел қорғаны­нан, Елеке саздың қазба жұмыс­тарынан табылған құнды жәдігер­лер қойылыпты. Ерекше көз тар­тар көріністі тамашалап, об­лыс­тық өлкетану мұражайының меңгерушісі Альфия Нұрлан­қызын әңгімеге тарттық.

– Берел, Шілікті, Елеке сазы­нан, көшпенділердің мәдени тұр­мысынан көрініс беретін, бірегей алтыннан жасалған дүниелерді алып келдік. Келген қонақтарға шы­ғыс өңірінің тарихы бай, те­рең­де екенінен мол мағлұмат бер­мекпіз, – деді Альфия Нұрлан­қызы.

Сарыарқаның сайын даласын бес күн дүбірге бөлеп, күллі әлем­нің назарын аударған тарихи шараның жабылу салтанатында ашық аспан астында «Ұлы дала үні» гала-концерттері ұйымдас­тырылды. Ізгілік пен мейірімділік, достық пен татулық, ұлттық бол­мыс пен салт-сана, қазақы мәде­ниет пен ұлттық руханияты­мыз­дың мәйегін ұсынып, құндылығын дәріптеген этноауылды қазақ ауылы деп атайықшы дейді жур­налист Көсемәлі Сәттібайұлы.

– «Көшпенділер ойындарын көріп жүріп басыма келген ой, этно – көне грек сөзі. «Ұлт», «тай­па», «нәсіл» деген ұғымды білді­реді. Ендеше біз неге кіл киіз үйлерден тұратын ауылды «қазақ ауылы» демейміз? Неге көне грек тіліндегі «этноға» жабысып қал­дық? Көне грек тілін тірілт­кенше, неге қазіргі қазақ тілін тірілт­пейміз? Дұрысы, тіліміз бен ділі­мізге, жанымызға (рухымызға) жақыны «қазақ ауылы» емес пе?

«Бала кезімде біздің ауылдың адамдары көктемнің соңғы айы­ның ортасынан бастап Талас өзенінің жағасына көшіп, жаздай киіз үйлерде отыратын. Әр үйде бір-бір киіз үй бар болатын. Тұр­мыстары жақсылар, тіпті аппақ киіз үйінің қасынан кішілеу қара киіз үй тігетін. Ол ас үйдің мін­детін атқаратын. Сол жайлаудағы мекенжайымызды біздер «Киіз ауыл» деуші ек. Бұл – 1965-1970 жылдар. Кейін Кеңес өкіметі сол дәстүрді «ескіліктің сарқыншағы» деп құртып тынды. Сондықтан ба маған «этноауыл» дегеннен гөрі «Қазақ ауылы», «Киіз ауыл» деген сөз жаныма сондай жақын есті­леді. Ал «Этноауыл» – көне грек сөзі мен қазіргі қазақ сөзінің қо­сындысы. Оның тілімізді шұбар­лағаннан басқа пайдасы жоқ»,  – дейді журналист.

Бұл да бір есте жүретін есті ескерту сияқты... 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ