Атом электр стансасы – күнделікті өмірде қолданып жүрген электр қуатын алудың ең тиімді жолы.
АЭС – экономикалық өсімнің басты факторы
645
оқылды

"AMANAT" партиясының атсалысуымен құрылған АЭС-ті қолдау жөніндегі Халықтық штаб қазір біраз өңірде жұртшылықпен кездесу өткізіп жатыр. Қазіргі заманауи технологиялар энергияны көп қажет ететіндіктен, бұл саланы зерттеу де маңызды мәселеге айналды. Жасыратыны жоқ, бүгінде қала шаруашылықтарындағы энергетика, көлік инфрақұрылымдарының әбден тозығы жеткен. Оларды жаңартып, жандандыру үшін басты қажеттілік – электр қуаты. Сол үшін елімізде энергия өндіретін әртүрлі станса керек.

Бұл туралы АЭС құрылысын салуды қолдау жөніндегі Атырау облыстық Халықтық штаб өкілдерінің Атырау медицина колледжі ұжымымен кездесуінде айтылды. Басқосуға ақпараттық үгіт-насихат жүргізетін жұмысшы тобының мүшелері Айбар Ерекешов, Түркменбай Нұржігітов, Нұрбол Құрман, Фатима Тулеева қатысып, 6 қазанда өтетін республикалық референдумның маңызына тоқталды.

– Біз әрбір қадамды нақтылап, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Басты мақсат – әрбір азамат, әрбір отбасы реформалардың игілігін сезінуі. Референдум – әр азаматтың өз елінің болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі. Энергетика дамымай, ел экономикасының дамуы мүмкін емес. Бұл – жаңа кәсіпорындар ашылуының, жаңа жұмыс орындары  құрылуының және экономикалық өсудің басты факторы», – деді қалалық мәслихат депутаты Нұрбол Құрман.

Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Фатима Тулееваның айтуынша: 

– Бүгінде  көптеген инвестициялық жобалар бар. Ақша бар, инвесторлар бар. Бірақ энергия жоқ, яғни тұрақты энергия қажет. Тиісінше атом электр стансасының құрылысы елдің индустриализацияға көшуіне, яғни шикізатқа тәуелділігінен арылуға септігін тигізеді. Экономикалық тұрғыдан елдің инвестициялық тартымдылығы арта түседі, – деді.

Кездесуде медицина қызметкерлері «АЭС-тің қандай қауіптілігі болу мүмкін?» «Құрылысы жоспарланған ел мен аймақ үшін АЭС-тің пайдасы қандай?», «Атом электр стансасын салуға қанша уақыт кетеді?» деген сауалдарына тұшымды жауап алды.