Президент Канцлердің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Қазақстанда неміс мектебі ашылады
566
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді, – деп хабарлады Ақорда.
Президент Канцлердің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
– Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқыладық. Сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Атап айтқанда, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселесін қарастырдық. Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға инвестиция салған жетекші елдердің санатына кіреді.
– Былтыр екіжақты тауар айналымы 1,5 еседей өсіп, 4 миллиард долларға жуықтады. Биыл да оң динамика байқалып отыр. Соңғы жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты. 2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржының 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді,– деді Президент.

Өз кезегінде Германияның Федералдық канцлері қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
– Сіздің еліңізге тікелей инвестиция салу және сауда айналымының көлемін арттыру үшін экономикалық байланыстарымызды жақсартуға барлық жағдайды жасаймыз. Әрине, экономикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энергетика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтастық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі. Сондай-ақ біздің алдымызда тұрған халықаралық сын-қатерлер төңірегінде жан-жақты пікір алмасқанымызға қуаныштымыз, – деді Олаф Шольц.
Тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға, әсіресе, энергетика, «жасыл» трансформация, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, климатты қорғау, экология және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты күшейтуге мүдделі екенін растады. Сондай-ақ қазақ-герман мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту перспективасы қарастырылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федералдық канцлер Олаф Шольц Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады.Сонымен қатар ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Дойче Бундесбанк арасындағы Орталық банктер ынтымақтастығының техникалық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанынан Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институтын құру жөніндегі ниет туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры және Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы қазақ-неміс мектебін құру ниеті туралы меморандум.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.