Ынтымақтастықты дамытуға серпін берген сапар

«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қазақ-герман қарым-қатынастарын өркендету маңызды

Қазақстан Президенті мен Германия Федерал­дық канцлері бір-біріне ресми делегация мүше­лерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шо­льц шағын құрамда келіссөз өткізді.

Мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Олаф Шо­льцке ризашылығын білдірді.

– Германия Үкіметінің басшысы соңғы 14 жылда елімізге алғаш рет сапармен келіп отыр. Сон­дықтан бұл қадамыңыздың тарихи мәні зор. Екі­жақты ынтымақтастықты дамытуға және тауар ай­налымының көлемін ұлғайтуға тың серпін береміз деп сенемін. Германия – біздің Еуропадағы, тіпті жаһандағы негізгі серіктесіміз. Бұл – өте маңыз­ды. Біз қарқынды дамып келе жатқан көп­қыр­лы ықпалдастығымызға баса мән береміз. Өза­ра байланыстарымызды одан әрі тереңдетуге жә­не нығайтуға барлық жағдайды жасаймыз, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Германия Канцлері Олаф Шольц қонақжайлық танытқаны үшін Қазақ­стан Президентіне алғыс айтып, қазақ-герман қарым-қатынастарын өркендетудің маңызды екенін жеткізді.

– Еліңізге сапармен келуге шақыр­ғаныңызға, екіжақты байланыстарды талқылауға және ынтымақтастығымызды ілгерілетуге мүмкіндік жасағаныңызға ризашылығымды білдіремін. Менімен бірге іскер топтардың белді өкілдері келді, – деді Федералдық Канцлер.

Әңгімелесу барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, энергетика, «жасыл» трансформация, өнеркәсіп, тау-­кен өндірісі, көлік-логистика, климаттың өзгеруі, экология, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді.

Кездесуде Олаф Шольцтің өтінішімен Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін жеткізді.

– Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді. Өкінішке қарай, Ыстанбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар. Түрлі мемлекеттің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Со­дан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн. Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық. Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүниежүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақ­стан мен Украина арасында ешқандай келіспеу­шілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Екіжақты сауда айналымы өсіп келеді

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.

Президент Канцлердің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ынтымақтас­тығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

– Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқыладық. Сауда-­экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдас­тықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Атап айт­қанда, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселесін қарастырдық. Екіжақты қарым-қатынастар стратегия­лық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі және экономикамыз­ға инвестиция салған жетекші елдердің санатына кіреді.

– Былтыр екіжақты тауар айналымы 1,5 еседей өсіп, 4 миллиард долларға жуықтады. Биыл да оң динамика байқалып отыр. Соңғы жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты. 2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржының 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді,– деді Президент.

Өз кезегінде Германияның Федералдық Канцлері қазақ жерінде көрсе­­­­тілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаев­қа алғыс айтып, екіжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

– Сіздің еліңізге тікелей инвестиция салу және сауда айналымының көлемін арттыру үшін экономикалық байланыс­тарымызды жақсартуға барлық жағдайды жасаймыз. Әрине, экономикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энергетика саласындағы серіктес­тігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтас­тық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі. Сондай-ақ біздің алдымызда тұрған халықаралық сын-қатерлер төңірегінде жан-жақты пікір алмасқанымызға қуаныштымыз, – деді Олаф Шольц.

Тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға, әсіресе, энергетика, «жасыл» трансформация, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, климатты қорғау, экология және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдас­тықты күшейтуге мүдделі екенін растады. Сондай-ақ қазақ-герман мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту перспективасы қарастырылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федералдық Канцлер Олаф Шольц Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады.

Сонымен қатар ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Дойче Бундесбанк арасындағы Орталық банктер ынтымақтастығының техникалық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасының Ғы­лым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанынан Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институтын құру жөніндегі ниет туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры және Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министр­­лігі арасындағы қазақ-неміс мектебін құру ниеті туралы меморандум.

Іскерлік орта өкілдерімен кездесті

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев немістің іскерлік орта өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысының пікірінше, Германияның жетекші компанияларының Қазақстанға келуі екі елдің де экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін көрсетеді.

Президент бизнесмендерге олардың компаниялары инновацияның алдыңғы шебінде келе жатқанын әрі жаһандық тұрақты даму үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтты.

Сонымен қатар Германия Канц­ле­рінің сапары аясында қол қойылған келісімдер мен бірлескен бастамалар Астана мен Берлин арасындағы ұзақ­­­мерзімді стратегиялық серіктестікті нығайта түсетініне сенім білдірді.

Бизнес өкілдерінің алдында Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Олаф Шольц те сөз сөйледі.

Кездесуге Siemens Energy AG компаниясының басқарма төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитеті төрағасының орынбасары Кристиан Брух, CLAAS Group компаниясының басқарма төрағасы Ян-Хендрик Мор, DB E.C.O. Group компаниясының атқарушы кеңесінің төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитетінің Орталық Азия жөніндегі жұмыс тобының өкілі Нико Варбанофф, SVEVIND Energy GmbH компаниясының президенті, Қазақстанның Саксониядағы құрметті консулы Вольфганг Кропп, Aurubis AG компаниясының басқарма төрағасы Торальф Хааг, Siemens Healthineers AG компаниясының басқарма төрағасы Берндт Монтаг, GP Günter Papenburg AG компания­сының басқарма төрағасы Гюнтер Папенбург, HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы Дэннис Швиндт, KfW Bankengruppe компаниясының Халықаралық қаржыландыру жөніндегі басқарма мүшесі Кристиане Лайбах, KNAUF Gruppe компаниясын басқарушы серіктестердің өкілі Александр Кнауф, Herrenknecht AG компаниясының басқарма мүшесі Мартин-Дэвид Херренкнехт, Ernst Klett AG компаниясының бас атқарушы директоры Филипп Хаусманн, Rhenus SE & Co. KG компаниясының бас директоры Тобиас Бартц қатысты.

Экономикалық байланыстарды тереңдететін маңызды қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Германия» бизнес форумына қатысып, сөз сөйледі. Президент өз сөзін Германияның Федералдық Канцлері Олаф Шольц пен осы елдің ірі бизнес өкілдеріне аталған форумға қатысқаны үшін ризашылық білдірумен бастады. Мемлекет басшысының айтуынша, Канцлердің ресми сапары қазақ-герман қатынастарында маңызды кезең басталғанын білдіреді әрі өзара ықпалдастықты тереңдету үшін мол мүмкіндікке жол ашады.

– Елдеріміз арасындағы тығыз дип­ломатиялық қарым-қатынастар кең ауқымды экономикалық байланыстардың дамуына ықпал ететін негізгі фактор саналады. Германия дүниежүзіндегі ірі әрі ең дамыған экономикалардың бірі ретінде өндіріс, технология, жасыл экономика және инновация салаларында әлемдік стандарттарды айқындайды. Неміс өнімі өзінің ерекше сапасымен және сенімділігімен баршаға мәлім, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, былтыр екіжақты тауар айналымы 41 пайызға ұлғайып, 3,9 миллиард долларды құрады. Германиядан келетін тікелей инвестиция да едәуір артқан. Оның мөлшері 64 пайызға өсіп, 770 миллион долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

– Біз жалпы құны 55 миллиард доллар болатын 66 бірлескен инвестициялық жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Германия кәсіпорындары елімізге көбірек келіп, «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» деген ортақ бренд аясында жергілікті өндірісті жолға қояды деп үміттенеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан білім мен инновацияға негізделген жаңа экономикалық парадигманы ілгерілетіп жатқанына назар аударды. Осы мақсатқа жету үшін Қазақстан түбегейлі экономикалық және әлеуметтік реформалар жүргізіп жатыр. Экономиканы либерализациялауды көздейтін мұндай шаралар, ең алдымен, әділ бәсекелестікті және кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Экономикалық өсімге қол жеткізу үшін Қазақстан жаңа инвестициялық циклді бастады. Оның аясында 2029 жылға дейін шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытына тоқталды.

– «Аса маңызды шикізатты инвес­тиция мен технологияға айырбастау» прагматикалық формуласына сай табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу ісін дамытуды ұсынамыз. Біздің минералды-шикізат қорымызда әлі барланбаған бес мыңнан астам кен орны бар. Бұл кеніштердің құны триллиондаған долларға бағаланады. Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін аса маңыз­ды 34 сирек кездесетін материалдың 19 түрін өндіреміз. Осыған орай Минералдық ресурстар жөніндегі неміс агенттігі (DERA) мен қазақ серіктес­тері маңызды шикізат саудасы бойынша консор­циум құрып жатыр. Біз бұл бастаманың таяу арада нақты іске асуын асыға күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстанда литий элементін қайта өңдейтін зауыт салу үшін барлау жұмыс­тарын жүргізу туралы жоспарын құптаймыз. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі – 500 миллион доллар. Еліміздің бай ресурс қоры өнеркәсіп саласындағы ынтымақтас­тығымызды кеңейте түсуге мол мүмкіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы тағы бір перспективті бағыт ретінде энергетика саласына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақ­стан барланған мұнай қорының көлемі жағынан Еуразия құрлығында екінші орында және әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізуші ірі елдердің санатына кіреді. Қазақстан мұнайының 70 пайызы Еуропа Одағына жөнелтілетінін ескерсек, еліміз экспорт мүмкіндіктерін ұлғайтуға, осылайша жаһандағы энергия ресурстары тапшылығының азаюына ықпал етуге дайын.

– Германияның мұнай-газ жабдықтары және қосалқы бөлшектері өндірісін елімізде локализациялау – негізгі басымдық. Бір сөзбен айтқанда, неміс өндірісінің Қазақстанға келгенін қалаймыз. Бұл отан­­дық өнеркәсіп саласына озық технологиялардың енгізілуіне септігін тигізер еді. Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері секторындағы әлеуеті әлі де то­лық пайдаланылмай келеді. Көптеген әлемдік ірі «ойыншылар» бұған көз тігіп отыр. Мысалы, немістің Svevind group компаниясы Қазақстанға 50 миллиард доллар инвестиция салып жатыр. Бұл жобаның мақсаты – «жасыл» сутегін өндіріп, оны Еуропа нарығына сату, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуразияның төрінде стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, ол еліміздің өңір­дегі ең басты сауда және логистика орталығына айналуына мол мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы «Орта дәліз» қазіргі кезде Еуропа бағытындағы ең қысқа әрі сенімді бағдар саналатынына назар аударды. Аталған күрежол арқылы жылына 10 миллион тоннаға дейін жүк жеткізуге болады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-саттықты одан әрі жандандыра түсу үшін «Орта дәлізді» Трансеуропа көлік желісімен және Еуропа Одағының «Жаһан қақпасы» бастамасымен ұштас­тыруды ұсынды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Германиямен фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің келешегі зор деп санайды. Еліміз дәрі-дәрмек пен медицина жабдықтары өндірісін белсенді түрде дамытып келеді. 2025 жылға қарай ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

Президент Қазақстанда ауыл шаруа­шылығын дамытуға да мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп жатқанын айтты. Әлемдегі ірі бидай экспорттаушылардың бірі ретінде еліміз агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға, салаға жоғары технологиялар мен агротехнологиялық инновацияларды енгізуге мүдделі.

– Қазақстан Еуразиядағы жетекші ақпараттық технологиялар орталығына айналуды көздейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанды цифрлық технологияларды енгізу жағынан үздік 30 елдің қатарына қосты. Біз ғылыми-зерттеу жобалары, стартаптар, техникалық білім беру және тренингтер ұйымдастыру, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы жаңа IT-жобаларды жүзеге асыру арқылы ынтымақтастықты барынша кеңейтуге ұмтыламыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы герман компания­ларына жаңа серіктестік құру мүмкіндіктерін іздеуге көмектесе алатынын айтты.

– Қазір АХҚО инвестициялар, инновациялар және қаржы қызметтері тоғысқан бірегей өңірлік орталыққа айналды. Франкфурт, Лондон, Дубай, Нью-Йорк және Сингапурдағы жетекші халықаралық қаржы орталықтарының барлық артықшылығын мұнда да пайдалануға болады. Біздің Орталық инвестиция тарту үшін салық, виза және еңбек саясаты жағынан бұрын-соңды болмаған қолайлы шарттар мен жеңілдіктер ұсынады. Әр инвесторға жеке қолдау көрсетіледі. Британия заңнамасына негізделген әділ сот жүйесі жұмыс істеп тұр. «Астана» халықаралық қаржы орталығында 80 елден үш мыңға жуық компания тіркелген. Соның 20 компания­сы – германиялық. Олардың саны жуық арада тағы да өседі деп үміттенеміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бұл кездесу айтарлықтай нәтиже беріп, Қазақстан мен Германия ара­сындағы экономикалық байланыс­тарды тереңдету үшін маңызды қадам болатынына сенім білдірді.