Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарында іске қосылды. Содан бері бірнеше жыл бойына халықтың жұмыс істейтін бөлігінен МӘМС қоры үшін қаржы ұсталып келеді.
МӘМС мәз қылмай тұр
615
оқылды

Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында аталған жүйені сынға алды.

– Науқастарға мемлекет кепілдік берген қыз­мет­терді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шы­ғын­ның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төлен­у­ге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тап­сырыс алатын медицина мекеме­лерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыт­тағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басымыз ауырып балтырымыз сыздаса, бәрі­мізде дәрігердің алдына барамыз ғой. Айта берсек, жауыр қылғандай боламыз, десек те осы бір меди­ци­на саласындағы қызмет көрсету сапасы бір кө­тер­іл­мей қойды. Жолдауда Президент сынға алғасын бір қуанып қалдық. Серпіліс болар деген жақсы үмітіміз де бар еді. Өкінішке қарай, елдегі МӘМС жүйесін Президент бірінші рет сынап отырған жоқ. Бұған дейін ақпан айынның басын­да өткен Үкімет отырысында да Президент дәл осылай МӘМС жүйесін сынады. 

«Бастама іске қосылған 5 жылдың ішінде меди­циналық қызметтің сапасы артты деуге кел­мейді. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қыз­метін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қа­ра­пайым әрі түсінікті болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

МӘМС жүйесін іске қосқандағы мақсат та сол бюджетке салмақ салмау болатын. Бірақ, өкін­іш­ке қарай, іс жүзінде әлі бюджетке салмақ түсіп келеді. Сонда халықтың МӘМС қорына ау­дар­ған ақшасы қайда кетіп жатыр? 

Сөз реті келгенде айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында бар болғаны 697 мың адам ғана бар. Халық саны облысты түгел қосқанда миллионға жетпейді. Ал МӘМС қорына 2023 жылы 78 млрд 91 млн теңге қаржы түскен. Биылғы жоспар бо­йын­ша бұл қаржы 83 млрд 890 млн теңгеге жетуі керек. Осынша қаржыны салып отырып дұрыс медициналық қызмет ала алмаған халық қапа­ланбағанда кім қапалансын?! Бұдан бөлек, бюд­жеттен түсетін қаржы тағы бар дегендей. 

– Қор жұмысына сын көп. Иә, кеше Президент те сынап жатыр. Негізінен, біздің мақсатымыз –  қаржы бөлу. Біз медициналық қызметті ұйым­дастыра алмаймыз. Ал негізгі сын сол медициналық қыз­мет­тің қолжетімсіздігінен келіп туындайды. Мә­се­лен, БҚО-да бізге биыл 556 арыз-шағым келіп түсті. Арыз-шағымдардың дені негізінен сол ем­ха­на­ларда дұрыс қызмет ала алмағандардан түсіп отыр. Дәрігердің этика сақтамауы, уақытында дәрі­герге кіре алмай, қажетті ем-шараларды ала алмағандар бізге арыз жазады. Біз барлық арызды тіркейміз. Биыл медициналық ұйымдардан 72 350 ақау таптық. Біз мұндай кезде бөлінетін қаржыны азайтып, экономикалық шара қолданамыз, – деп атап өтті «Әлеуметтік медици­налық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының БҚОФ директоры Байтолла Ғазезов. 

Қордан бөлінетін ақшаға негізінен диагности­калық және лабораториялық зерттеулер жүргізіледі. Бұдан бөлек, кардиохирургиялық оталар, нейро­хирургиялық оталар мен ЭКО сынды қымбат мед­ииц­на­лық қызметтерге де қордан қаржы бөлі­неді. Емханаларда КТА, МРТ аппаратарына түсу үшін жолдамалар беріліп келеді. Бір әттеген-айы – мұның бәрі мемлекеттік сатып алулар ар­­қы­­лы жүзеге асады. Сондықтан да барлық меди­циналық ұйым қатыса алатыны бар. «Жеке ұйымдардың қалтасын толтырдыңдар» деп жоғарыда Президенттің сынап отырғаны да осы.

Бір ғана БҚО-да биыл мемлекеттік сатып алулар арқылы қордан ақша алу үшін 56 меди­­циналық ұйым келісімшартқа отырған. Олардың ішінде 37 мекеме мемлекеттік медициналық ұйым болса, қалған 19-ы – жеке. Бұл ұйымдарға жарты жыл­дықтың қорытындысы бойынша 22 млрд тең­геден астам қаржы төленіп қойған. 

– Жекеменшік медициналық ұйымдар стацио­нарлық көмектер, медициналық оңалту жұмыстарын жүргізеді. Лабораториялық диагностика жүргізетін ұйымдар да бар, – деді өз сөзінде қор директоры Бай­толла Зәкарияұлы. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігінің Батыс Қазақстан облысындағы деп­­­­­­ар­таменті денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген. Талдау қорытындысы бойынша, денсаулық сақтау саласында 9 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анық­талған. Бұл жерде МӘМС жүйесі де бар. 

– Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша МӘМС ақшалай қаражатының тиімсіз жұмсалуы, еңбекақы төлеу қорының асып кетуі, сертификатталмаған медициналық техниканы сатып алу, медициналық бұйымдардың құнын асы­ра бағалау, тауарды нақты жеткізбей ақшалай қаражатты аудару, аккредиттелмеген ұйымдардың медициналық жабдыққа қызмет көрсетуі анықталды. Анықталған тәуекелдерді талдау медициналық көмек пен дамуға арналған бюджет қаражатының тиімсіз бөлінуін, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдеріндегі бұзушылықтарды көрсетеді. Бұл медициналық көмектің сапасына, пробле­маларды уақытылы шешуге және ауыр ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігіне тікелей әсер етеді, – деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметі. 

Президент «Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйе­сін жасау керек» деп тапсырма берді. Егер осы бірыңғай ақпарат жүйесі қосылса, мүмкін дәрігердің де хат жазудан қолы босап, науқасты тыңдауға, қарауға уақыты табылар. Ал ол жүйе іске қосылғанша МӘМС қорына қаражат миллиар­дтап түссе де, медициналық қызметтің сапасы арт­пайтын секілді.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы