Алматы облысының полицейлері Шымкент қаласының тұрғынын ұстады.
Шымкент тұрғыны науқас балалардың еміне деген сылтаумен халықтан 32 миллион теңге жинап алған
Фото: видеодан алынды
395
оқылды

Алматы облысының полицейлері Шымкент қаласының тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алматы облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, ол Талғар ауданында тұратын балаларды емдеуге қаражат жинауға көмек көрсету сылтауымен Instagram әлеуметтік желісінде парақша ашқан.

"Күдікті онкологиялық аурумен ауыратын балалардың суреттерін пайдаланып, жалған банк картасының деректемелерін орналастырғаны белгілі болды. Ақша қаражаттарының қозғалысын бақылап, алаяқты анықтауға мүмкіндік туды. Жалған есеп шотқа 6 000-ға жуық ақша аударымы жасалып, жалпы келтірілген залал 32 миллион теңгеден асты", – делінген хабарламада.

Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Оның басқа ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.