Халықтық штаб мүшелерінің бір тобы арнайы Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласына ат басын бұрып, бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандарда болды.
Халықтық штаб өкілі Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті
732
оқылды

"AMANAT" партиясының атсалысуымен құрылған АЭС-ті қолдау жөніндегі Халықтық штаб Ұлытау облысына келді. Штабтың жұмыс бағыты еліміздің барлық аумағын қамтып, халықтың түрлі әлеуметтік топтарына мемлекеттік маңызы бар мәселе бойынша таңдау жасауда ықпал етуді көздейді.

Халықтық штаб мүшелерінің бір тобы арнайы Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласына ат басын бұрып, бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандарда болды. Республикалық штаб мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, Жаңаарқа аудандық мәслихат төрағасы Юржан Беккожин, облыстық халықтық штаб мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары Мердан Атамурат, Бекболат Жарылғапов, Райхан Смагулова, Жұмағали Мұсабеков, Нұрбек Кульжанов, Дәурен Ізтөлеуов, Артем Ким, Айдос Серіков, Зәмзәгүл Оспанова, Гаухан Наурызбаева, аудандық халықтық штаб төрағасы Амангелді Түсіпов, ең алдымен, Жаңаарқа аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерімен кездесті. Алғаш болып Аманжол Әлтай сөз алып, Қазақстанның энергетикалық секторы қазіргі таңда көмір электр станцияларына  тәуелді екенін тілге тиек етті.

- Біріншіден, еліміздегі жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі жоғары, 70% жетеді. Екіншіден, елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3%-ға өсуде. Үшіншіден, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді қоса алғанда, жаһандық экологиялық міндеттемелерді өзіне жүктеді. Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторы белсенді дамып келеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жаңартылатын энергия көздерінің жалпы электр энергиясын өндірудегі үлесі 6,5%-ға жетті. Дегенмен, жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы ілгерілеушіліктерге қарамастан, олардың тұрақсыздығына байланысты энергияның негізгі көзі ретінде қарастыруға мүмкіндік бермейді. Мысалы, күн және жел электр станциялары ауа райы жағдайына тәуелді және тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Сонымен бірге экологиялық стандарттарды нығайту көмір мен газ өндіруді дамытуға шектеулер тудырады. Бұл жағдай жаңа тұрақты және экологиялық таза энергия көзінің қажеттілігін тудырады. Ал атом электр станциясы бұл мәселенің бірден-бір шешімі болуы мүмкін. Атом электр станциясы 60 жылдан астам тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге қабілетті. АЭС пайдалану кезінде парниктік газдар шығарындылары болмайды. Оның құрылысы энергетика мен өнеркәсіп өндірісін әртараптандыруға ықпал етеді. Ол сондай-ақ Қазақстанның энергетика саласына заманауи технологияларды енгізуге әкеледі, – деді Аманжол Дүйсенбайұлы.

Халықтық штаб мүшелерінің үгіт-насихат жұмысы «Қазтрансойл» АҚ Шығыс филиалы Қарағанды мұнай құбыры басқармасы қызметкерлерімен жалғасты. Кездесуге қатысқан облыстық халықтық штаб мүшесі Мердан Атамурат Мемлекет басшысының осындай жауапты да күрделі мәселені жұртшылықпен бірлесіп, референдум арқылы шешуінің өзі пайымды сараптаудың нәтижесі деген ойды ортаға салды.

Штаб жұмысы Жәйрем кентінде орналасқан тау-кен байыту кешенінде жалғасты. Мекеме қызметкерлеріне АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың атқаратын міндетін түсіндірілгеннен кейін, өндірісті арттыру үшін энергияның қажетті көлемде өндірілуі маңызды екеніне назар аударылды. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Атом электр стациясын салу елімізді энергияға деген тәуелділіктен арылтып қана қоймай, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайын да жақсартуға серпін беретінін алға тартты. Облыстық штаб мүшесі Зәмзігүл Оспанова атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етіп, өнеркәсіпті дамыту және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды екенін атап өтті. Осы жиында кешен қызметкерлері АЭС салуды қолдайтындықтарын білдірді.

Одан әрі штаб мүшелері Қаражал қаласының білім беру және медицина саласының өкілдерімен кездесу өткізіп, пікірталас жүргізді. Халықтық штаб мүшелері Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты ғалымдардың, сарапшылардың, сала мамандарының пікірлерін келтіре отырып, бұл бастаманың еліміздің экологиялық қауіпсіздік және экономикалық тиімділігіне, отандық энергетика саласындағы стратегиялық мәніне баса мән беріп, түсіндіріп өтті.