Үйінде су тоқтап қалған соң, әкесі 15 жастағы ұлын ертіп алып үйінің жанындағы құбырды тексермек болыпты.
«Баласын құтқарамын деп, әкесі, көршісі бақилық болды»: Алматы облысында құдықтан үш адамның денесі табылды
Фото: видеодан кадр
720
оқылды

Баласын құтқарамын деп, әкесі көршісімен қоса бақилық болды. Алматы облысы Кеген ауданында құдықтан үш адамның мәйіті шығарылды. Үйінде су тоқтап қалған соң әкесі 15 жастағы ұлын ертіп алып үйінің жанындағы құбырды тексермек болыпты. Қасында көршісі болған. Құдыққа бірінен кейін бірі түсіп, шыға алмай қалған, – деп хабарлайды  Aikyn.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Марқұмдардың туыстары бұл жайтқа асфальт төсеу кезінде коммуналдық желінің дұрыс орнатылуын қадағаламаған жергілікті әкімқараны кінәлап отыр. 

Кеген ауданында екі шаңырақ аза тұтып жатыр. Көңіл айтуға дүйім ауылдың тұрғындары келіп жатыр. Марқұмдардың жақындары көз жасын тия алмай, бауырларын жоқтап отыр. 

"Бірінші інімді алып шықты. Қарасақ, денесі суып кеткен. Бірінші көмектен кейін құсып жіберіп, көзін ашты ... болды. «Жүріп кеткен» деді. Одан кейін Серік деген ағаны шығарды. Үшіншісін де, түбіне жете алмай, су болып тұр іші. Өрт сөндірушілер суды сорғызып, баланы шығарып алды. Ол кезде бала көгеріп кеткен", - дейді марқұмның туысы Дина Айтбаева. 

Үш адамның өмірі қиылған қайғылы оқиға күні кеше болды. Үйінде су тоқтап қалғасын, әкесі мен баласы кешқұрым құбырды тексеруге барады. Жанында көршісі де болыпты. Әу баста құдықты бір қарап шығуға 15 жастағы жасөспірім түскен екен. Бірақ көп ұзамай сонда талып қалады. Әкесі құтқаруға ұмтылғанымен, кері шыға алмай, ес-түссіз құлаған. Артынан 56 жастағы көршісі түсіп, ол да төменде тіл тартпай кетті. Туыстарының шырылдап отырғаны — құдықтың беті көлік жүретін жолдан бір қарыс төмен орналасқан. Топырақпен көміліп жатқанына бір айдан асыпты. Бітеу тұрып, ауа айналымы жүрмегендіктен, ішінде улы газ пайда болуы мүмкін. 

"Су жүргізілгеннен кейін жол салынған кезде технология бойынша құдықтың беті көтеріліп тұру керек. Жол салған мердігер көтеріп, асфальтпен бірдей жасап кету керек болатын. Тұрғындар құдықтың бетін ашып қойған. Соңғы бір жарым айда Кеген ауылында дренажды канал жүргізілді. Сол кезде құдықтың бетін өздерінің топырағымен бекітіп кеткен", - дейді марқұмның туысы Мақпал Шадан. 

Үшеуінің өліміне қатысты екінші болжам — құдықтың ішінде ток ұруы мүмкін, дейді туыстары. Ал шенеуніктер “ескертсе, өзіміз ақ тексеретін едік” деп өзіне шаң жуытпады. Осыдан бір емес, бақандай төрт жыл бұрын үстінен жол төселіп кеткен құдықты ретке келтіруге адам өлімінен кейін ғана кіріскен екен. 

"2020-2021 жылдары жолды қабылдап алған кісі қазір қызметте жоқ. Не себепті дәл судың үстіне жол салып өткенін айта алмаймын. Мынаның бетін көтереді, жұмыстарын жасайды. Көліктер өте алатындай етіп жасаймыз", - дейді Кеген ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасұлан Кәділ. 

Қазір марқұмдардың денесі Қонаев қаласында. Үшеуі метан газына уланды ма, әлде ток ұрып қайтыс болды ма, ол енді сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.