Жылу маусымы басталған сәт­тен сырбойлықтар сарсаңға түседі. Өйткені өңірде жылда жылуға қатысты жағ­дай мәз емес.
Сырды сарсаңға салмасын
677
оқылды

Бірінің үйіне жылу дұрыс берілмесе, енді бірі жылу құбырларынан ақау шыққанын айтып, дабыл қа­­ғады. Сондай сәтте ала жаз-дай жылыту маусымына дайын­дық жүргізіп жатырмыз деп сүйіншілейтін тиісті орындар әуре-сарсаңға түс­еді. Ал биыл­ғы ахуал қалай? Жылдағы олқылықтар қайталанбай ма?

Былтыр  Президенттің кеңесшісі Ернар Баспаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда алдағы  жылу маусымына дайындық бар­ысы пысықталған болатын. Мәжілісте жауапты министрлер мен бірқатар өңір бас­шысының атқарылған жұмыстары баян­далып, нақты тапсырмалар жүктелген еді.

Бұл тұрғыда Қызылорда облысында жылу беру маусымына дайындық бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқаны мәлім болды. Негізінен, биыл өңірде  жылумен қамту нысандарына 12 млрд теңге, оның ішінде жылу-энергия көз­дерін жаңғыртуға 4 млрд 800 млн теңге қаржы бөлінген. Соның негізінде «Қызыл­орда жылу-электр орталығы» Оңтүстік қазандығының «Боно энерджи» маркалы үш бу қазандығы жаңғыртылып,  жергілікті бюджет және кәсіпорын қар­жысы есебінен 2 газотурбиналық қондыр­ғының генераторы мен 11 қазандыққа күрделі, 1 турбина мен 15 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр екен. Қазір  мамандар тиісті жұмыс­тың 95 пайызы орындалып отырғанын алға тартады.

Сонымен қатар биыл жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған 6 жобаны іске асыруға бюджеттен 6 млрд 900 млн теңге бөлініпті. Оған межелі 9,5 шақырым жылу желісінің 7,2 шақырымы жүргізілген. Құзырлы орындар облысқа қарасты 1 067 әлеуметтік нысан жылу маусымына 100 пайыз дайын екенін мәлімдеді. 

Қатты отынға қатысты мәселе де көптің көкейінде тұр. Әсіресе, шалғай ауылдардағы ағайындар мен кейбір әлеуметтік нысанда мұқтаждық басым. 

Қолда бар мәліметке сәйкес, Сыр өңіріне қыс мезгілінде 192,8 мың тонна көмір қажет.  Қатты отынның 164,5 мың тоннасы тұрғындардың үлесіне тисе, 28,3 мың тоннасы әлеуметтік нысандардың қажеттілігіне жаратылатын болады.  Бүгінгі күнге дейін облысқа 34,8 мың тонна көмір әкелінген. Бұған қоса,  қоймаларда өткен маусымнан қалған 37 мың тонна қор бар.

Қызылорда облысы әкімдігінің өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағамбетов те көмір мәселесінде қиындық жоқ екеніне сендіріп отыр.

«Облыс көлемінде 26 өңірлік оператор, нақты айтқанда, 9 ЖШС мен 17 жеке кәсіпкер жұмыс  істеп жатыр. Жалпы, көмір жетіспеушілігі деген мәселе жоқ. Сонымен қатар тұрғындарды қатты отын­мен қамтамасыз ету мақсатында көмірдің бағасы мен қоймалардағы нақты көмір қоры, олардың мекенжайларын ақпараттан­дыру жұмыстары жүргізілуде, –  деді бұл жайында Бауыржан Нұрланұлы.

Жоспарға сәйкес, қыркүйектің аяғына дейін өңірге 44 мың тонна көмір жеткізіледі деп күтілуде. Қатты отынның бағасы маркасына  қарай 17 мың мен 23 мың теңгенің аралығында бағаланып отыр. 

Құзырлы орын тарапынан жылу маусы­мына дайындық жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын айтып, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Алайда тұрғындардың көңілі тоқ емес. Жылда жылуға қатысты жыр  таусылмайтынын айтып, ашынып отыр.

«Үйіміз 2022 жылы пайдалануға берілген. Әуелі жап-жаңа баспанаға қол жеткіздік деп қуанғанбыз. Алайда жылу мәселесіне келгенде жабырқап қаламыз. Негізінен, қалада жылуға қатысты жыр жылда таусыл­майды. Әсіресе, тұрғын үйлерге байланысты түйткіл көп. Көп жағдайда күн суытып, аяз қысқанда ғана мамандар тұрғын үйлер­дің жылу жүйелерін тексеруге көшеді. Соның салдарынан жылу кейде ала құла берілсе, көп жағдайда тексеру, жөндеу жұмыстары аяқталғанша жылусыз қалатын тұрғын үйлер аз емес. Былтыр да жылуға жарымадық. Электр пешімен жан бағып шықтық. Тек батареялардағы суды қатыр­май, ұстап тұратын температурада ғана жылу беріліп тұрды. Биыл да сондай жағдай қайталан­баса екен», – дейді Қызылорда қаласында­ғы сол жағалау тұрғыны Фараби Ержас.

Шындығында,  жылу беру маусымы басталған тұста қала аумағындағы тұрғын­дардың жылуға қатысты өкпе-реніші артады. Жоғарыда айтып өткендей, бірі жылу ала-құла беріліп тұрғанына шағым­данса, енді бірі тұрғын үй өжіресінен су кетіп жатқанын айтып, дабыл қағады. Осыдан кейін жаз бойына тиісті мамандар­дың жылу маусымына дайындық жұмыс­тарын қаншалықты деңгейде жүргізгені байқалып жатады.

Негізінен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшылығын болдырмау тапсырмасына және қолданыстағы орта­лық­тың тозығы жетуіне байланысты Сыр өңірінде жаңа жылу орталығының құрылысы басталғаны мәлім. Түрік инвесторымен бір­­­лесе атқарылып жатқан жобаның  құны 215 млрд теңгені қүрайды. 

Шетелдік инвестиция есебінен  салына­тын бұл жаңа ЖЭО 240МВт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Соған орай мамандар жоба жүзеге асырылғанда Қызылорда об­лысы электр энергиясымен, Қызылорда қаласы жылу энергиясы және ыстық сумен толық қамтылатынын айтып жүр. Орталық 2025 жылы іске қосылады деп межеленген.

Жалпы, жаңа жылу орталығының пайдалануға берілуі арқылы Сыр өңіріндегі жылу­ға қатысты көптеген қордаланған мәселе шешімін табар деген үміт басым.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы