Алматыда Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ-ның ұйымдастыруымен шетелдегі және Қазақстандағы отандас кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған «Отандастар» бизнес-форумы өтті.
Іскерлік байланыстарды нығайтудағы жаңа бастамалар
фото: 24.kz
428
оқылды

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шарға 12 елден 50-ден аса шетелдегі қандас кәсіпкерлер мен 150-ге жуық қазақстандық қатысушы қатысты. Форумға Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті, QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Kazakh Invest АҚ өкілдері қатысып, Қазақстанда бизнес ашу және жүргізу мүмкіндіктері туралы мәліметтермен бөлісті.

Форумның бірінші пленарлық сессиясында DAMU BUSINESS GROUP, TAS FINANCE GROUP, Steppe & World, Hazifa, Kazakh Aru сияқты түрлі отандық кәсіптің негізін қалаушылары Қазақстанда бизнес жүргізу жолдары және мүмкіндіктері туралы баяндамалар жасады.

Екінші пленарлық сессияда әр елден келген қандас кәсіпкерлер өз бизнестерін таныстырып, тәжірибе алмасты және жаңа серіктестермен байланыс орнатты. Іс-шара Қазақстанның экономикалық бағдарламалары мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға, сондай-ақ шетелдік кәсіпкерлерге заңнамалық қолдау көрсетуді талқылауға бағытталды.

Форумның жабылу сессиясында «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров «Шетелдегі және Қазақстандағы отандас кәсіпкерлердің Кеңесін» құруды ұсынды. Бұл кеңес шетелдегі және Қазақстандағы отандас кәсіпкерлердің бизнес белсенділігін арттыруға және олардың мәдени-гуманитарлық құндылықтарын сақтауға бағытталған бастамаларды қолдауды көздейді.