Кеше палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар тауар биржалары мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
Мәжіліс тауар биржалары туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
869
оқылды

Тауар биржалары мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева бұл жоба Мемлекет басшысының биржалық тауарларға ашық баға белгілеуді қалыптастыру және «қалта» биржаларын нарықтан шығару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленгенін атап өтті.

– Бұл заң жобасы бірқатар нақты проблемалық мәселені шешеді. Тауар биржалары шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері ретінде алынып тасталады. Брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау және оларды қаржы мониторингі субъектілері санатына қосу қарастырылады. Стандартты аукцион және стандартталмаған тауарлар биржалық саудадан шығарылып, стандартталмаған тауарлармен сауда электронды сауда алаңдарына ауыстырылады, – деді Е.Смышляева.

Депутаттың айтуынша, мұның нәтижесінде отандық тауар өндірушілер жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алымдарына кедергісіз қол жеткізе алады. Осылайша, осы кәсіпорындардың төңірегінде отандық өндірушілердің белдеуі қалыптастырылады.

Мұның барлығы қаржылық тұрақтылық пен тауар биржалары жұмысының ашықтығына қойылатын талаптарды қатаңдатып, мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Мемлекеттік бақылауды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де кеңейтеді. Ол биржалық саудаға жосықсыз қатысушылардың тізілімін жүргізіп, тауар биржаларын лицензиядан айыруға және оларды тоқтатуға мүмкіндік алады.

Бұл ретте Үкімет конкурстық негізде әлеуметтік маңызы бар биржа тауарларының саудасы жүзеге асырылатын тауар биржаларының тізбесін айқындайды. Тауар биржаларының тізбесін Сауда және интеграция министрлігі бекітеді, оған көмір, бидай, мұнай және бірқатар азық-түлік өнімдері кіреді.

Баяндаманы тыңдаған депутаттар заң жобасын әзірлеушілер мен жауапты Үкімет мүшелеріне заң жобасының нормаларына қатысты сұрақтарын қойды. Талқылау нәтижесінде түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды.

Мәжіліс сондай-ақ 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте жасалған Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Оны депутаттарға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев таныстырды. Ол құжат 1997 жылғы жасалған келісімді өзектендіруге, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталғанын айтты.

– Құжатта бірқатар жаңа бағыт көзделген. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау және оларды жою мәселелері бойынша мемлекеттік бақылау жүргізу қамтылады. Бұған өзбек тарапымен Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар әзірлеу және қоныс аударушы жануарларды қорғау шараларын үйлестіру де кіреді. Сондай-ақ Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан–Өзбекстан бірлескен комиссиясы құрылады, – деді Экология министрі.

Жұмыс тобының жетекшісі Аян Зейнуллин қосымша баяндамасында келісімді ратификациялау екі елдің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдары қызметінің тиімділігін арттыруға, екіжақты экологиялық жобаларды жүзеге асыруға және өзара тиімді ынтымақтастықтың басқа да нысандарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бұдан соң Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Пошта туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Мәжіліс депутаты , «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында спорт мектептеріне көбірек көңіл бөлу мәселесін көтерді. Айтуынша, бүгінде Қазақстанда тек 510 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, бұл 1991 жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз. Депутат жаңа спорт мектептерін құру және спорт секцияларын дамыту маңызды міндет екенін атап өтті.

«Осы жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында дені сау жастарды тәрбиелеудің және бүкіл ұлттың денсаулығын нығайтудың негізгі факторының бірі ретінде бұқаралық спортты дамытудың маңызын атап өтті. Парижде өткен олимпиаданың нәтижелері қазақстандық спорттағы елеулі проблемаларды көрсетті: оқу орындары әкімшілігінің студенттік спортты дамытуға және жастардың жарыстарға қатысуына мотивацияның төмен деңгейі, өңірлерде олимпиадалық спорт түрлерін дамытудың төмен деңгейі және спортшыларды ұлттық құрамалар құрамына беруге мүдделіліктің болмауы.

Елімізде спортты қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 300 млрд теңгені құрайды, алайда бұл қаражат қанағаттанарлық нәтижелерге әкелмей отыр. Қазақстандық спортқа маңызды реформалар қажет. Ол үшін Президенттің спортты одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы Жарлығы шығарылуын, осы Жарлықты іске асыру жөніндегі Үкіметтің Қаулысы қабылдануын, спортты дамытудың 2025-2028 жылдарға арналған бағдарламасы және 2032 жылға дейінгі Даму стратегиясы бекітілуін ұсынамын», – деді Д.Тұрлыханов депутаттық сауалында.

Келесі бір депутат , «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Н.Сәрсенғалиев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдаған депутаттық сауалында қазақ әскеріндегі қазіргі ахуал туралы айтты.

«Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан. Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда?

Жоғарыда айтылған жағдайларды ескеріп, еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды және әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды қолға алып, олардың іске асуын жеделдетуді қолға алуды ұсынамын», – деді депутат Н.Сәрсенғалиев.