Биыл бопсалаудың 400-ден астам дерегі тіркелген.
Бопсалаумен айналысқан 20 қылмыстық топ ұсталды
Фото: polisia.kz
721
оқылды

Республика бойынша бопсалаумен айналысқан жастардан тұратын 20-дан аса топ ұсталды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл бопсалаудың 400-ден астам дерегі тіркелген. Оның 39-ы мектептер мен колледждерде жасалған. Оқу орындарында 60 мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізіліп, онда бопсалау, буллинг және зорлық-зомбылық көрсетумен байланысты мәселелер талқыланды. Мектептер мен колледждерде анонимді сауалнамалар жүргізіліп, оқушылар арасында бопсалаудың 50-ден астам ықтимал фактісі анықталды. Барлық жағдай тексерілетіні атап өтілді.

Сондай-ақ жыл басынан бері бопсалаумен айналысатын жастардан құралған 23 топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.

– Мәселен, қыркүйекте Ақтөбе қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері колледждің кәмелетке толмаған студентін ұстады. Ол 15 жастағы жасөспірімнен 50 мың теңге көлемінде ақша бопсалаған. Күдікті ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген полиция хабарламасында.

Жамбыл облысында жасөспірім жеке деректерді таратамын деп қорқыту арқылы өз қатарластарынан ақша бопсалаған. Осындай 8 факт тіркеліп, қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Петропавлда полиция қызметкерлері қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Олар зорлық-зомбылық пен қорқыту арқылы жәбірленушілерді несие рәсімдеуге мәжбүрлеп, кейіннен оны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Күдіктілер қамауға алынды.

Айта кетсек, қылмыстың бұл түрі үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.