Ләззат Ахатова тергеу тарапы Жанқош Тұраровты күдікті ретінде емес, куәгер ретінде шақырған дейді.
"Сараптаманы сатып алғандай сөздері ірі": адвокат қыз зорлады деп айыпталған Жанқош Тұраровтың ісі туралы тың дерек айтты
Фото: instagram.com/zhankoshturarov/
695
оқылды

Жанқош Тұраровқа қатысты қыз зорлау фактісі бойынша істі жүргізіп жатқан тергеуші де, тергеу бөлімінің бастығы да жұмыстан шығып кеткен. Бұл туралы шағымданушы Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатова жазды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.


Ләззат Ахатова тергеу тарапы Жанқош Тұраровты күдікті ретінде емес, куәгер ретінде шақырған дейді.

«Іс аяқталған жоқ. Ешқандай татуласу туралы әңгіме де, ниет те жоқ. Әлі тергеу жұмысы жалғасып жатыр. Нақтысында тергеу органы сараптама қорытындысын күтіп отыр. Осы жерде тағы да ерекше тоқталып өткім келетіні – сараптама тағайындалғанда, тергеу тарапынан өрескел заңсыздықтарға жол берілген.

Біріншіден, сараптама дәрігер-проктологтың қатысуынсыз өткізілген. Ондай зорлық жағдайында сараптама міндетті түрде дәрігердің қатысуымен жасалуы керек.

Екіншіден, сараптама кеш жасалған. Арыз бергеннен бес күннен кейін жасалған. Яғни, тергеу тарапынан күдікті (күдікті де емес, куәгер етіп өткізген) жаққа жақтасу, тіпті қылмысты жасыру бар есептейміз. Ана жақтың шіреніп жүргені де осы себепті болса керек. Полиция мен ҰҚК-де «плотный» крышалары болса, кім болсын, солай шіренсе керек. Сараптаманы сатып алғандай, сөздері ірі, әйтеуір. Бізде сатылмайтын не қалды өзі?.. Бұл жерде біз барлық вариантқа моральды түрде дайын отырмыз. Сарапшыларды сатылды деуден аулақпын. Өз міндетін адал орындайтын мамандар аз емес қой. Жалпы айтылған сөз», – дейді адвокат.

Жәбірленуші тарап қазір сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.

 «Қазіргі таңда сараптаманың қорытындысына қарап, әліптің артын бағып отырмыз. Бұрмалайтын болса, яғни заңсыз жасалғандықтан, теріс қорытынды шығатын болса, әрине шағым жазып, комиссиямен қайта қарауға талап қоямыз. Сонша ұзатқандарына қарағанда, 28 қыркүйек күні бокстан өтетін бой ма, халықаралық жарыс па, сол өтсін деп отыр ма деген де ой бар... Сосын тағы бір айта кететін жайт, істі жүргізіп жатқан тергеуші де, тергеу бөлімінің бастығы да жұмыстан кетіпті. Таяуда. Бұл кездейсоқтық па, сәйкестік пе, түсінбедік...» , – деп жазды құқық қорғаушы.

Еске салайық, 21 тамызда Жанқош Тұраров "қыз зорлады" деген ақпарат тарады. Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалғанын хабарлады.

Кейінірек боксшының өзі тараған ақпаратқа қатысты жауап берді.

"Үш қыз өсіріп отырған әкемін. Төсектес қыз керек болса, маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар. Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын, қазір мәселенің мән-жайын анықтап, кім қандай жала жауып отырғанын анықтаймын", – деп жазды Instagram парақшасында ол.

Бірнеше күн бұрын "Боксшы Жанқош Тұраров зорлады" деп айып таққан қыз тілшілерге сұхбат берді. Оның сөзінше, спортшы бірнеше жыл бойы "әйелім етіп аламын" деп алдап келген. "Ал соңғы кездесу зорлықпен аяқталды" дейді. Жәбірленуші денесіндегі көгерген жарақаттарына дейін көрсетті.

Бұған дейін Ләззат Ахатова әлеуметтік желідегі парақшасында істі тергеу барысы дұрыс жүргізілмегенін айтқан болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.