Студенттің жұмбақ өліміне қатысты деректер қосымша тағайындалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болмақ.
Жатақханада 16 жастағы қыз көз жұмды: жаңа деректер белгілі болды
Фото: "Информбюро"
12,460
оқылды

Талдықорғанда жатақханада көз жұмған 16 жастағы Зарина Берікованың ісі бойынша тергеу мерзімі ұзартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Студенттің жұмбақ өліміне қатысты деректер қосымша тағайындалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болмақ. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Сондай-ақ тергеушілер жатақхананың бейнежазбасы жоғалып кетті деген ақпаратты жоққа шығарды. Ал марқұмның телефоны мен уатсап мессенджеріне қатысты мәліметтерді тергеу құпиялығына байланысты жариялауға құқығымыз жоқ дейді тәртіп сақшылары.

Айта кетейік, Зарина Берікова 28 ақпанда инновациялық колледждің жатақханасында қайтыс болған еді. Алғашында тағайындалған мемлекеттік медициналық сараптаманың нәтижесі бойынша бойжеткен дәрі ішіп, уланып өлген. Бірақ медициналық препараттың мөлшері белгісіз. Және бұл қорытындыға студенттің жақындары сенбейді. Сондықтан олар істің жан-жақты әрі әділ жүргізілуін талап етіп отыр.

"Кәмелетке толмаған Зарина Берікованың жатақханада қайтыс болу дерегі бойынша Талдықорған қаласының Полиция басқармасы адам өлімі бабымен қылмыстық істі тергеуде. Қазіргі таңда жәбірленушінің заңды өкілінің өтінішімен қосымша сот дәрігерлік сараптама тағайындалды. Іс бойынша тиісті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін заңды процессуалдық шешім қабылданады", – дейді Жетісу облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Арман Сұлтанұлы.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.