Сенат Спикері Мәулен Әшім­баевтың төрағалығымен пала­­та жанындағы Сарапшылар клу­­­­бының отырысы өтті. Онда сарап­шылар Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, эконо­микалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған экономикалық дамудың негізгі басымдықтарын және Президент жүктеген міндеттерді іске асыру жолындағы бірлескен жұмыстың форматын талқылады. Іс-шараға Қазақ­станның Қаржы министрі Мәди Тәкиев қатысты.
«Көрпеге қарай көсілу» – алдағы кезеңге арналған маңызды міндет
525
оқылды

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев биылғы Жолдау Мемлекет басшысы жүр­гізіп отырған реформалардың қи­сынды және дәйекті жалғасы екенін атап өтті.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы эконо­ми­калық рефор­малардың маңызына тоқ­талып, кейінгі бес жылда рес­­публикалық бюджеттің кірісі 80 пайызға артқанын тілге тиек етті. Алайда бұл оң үрдіс бюд­жет шығыстарының өсуімен сәйкес кел­мейді. Яғни, шығыстар кірістерден екі есе көп.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда экономикалық блокқа баса мән берді. Атап айтқанда, мем­лекеттің ақша-несие және фискалды саяса­ты арасындағы үйлесімсіздікті жою мәсе­­­лесіне ерекше тоқталды. Бұл бағытта біз көрпеге қарай көсілуіміз керек. Алдағы ке­зеңге арналған басты месседж осы болу­ға тиіс. Сондықтан бізге кірістер теңге­рімін ұлғайту қажет», – деді палата Спикері.

Мәулен Әшім­баев бюджет шығыстарын Ұлттық қор қаражаты есебінен жабу мәселесіне алаң­даушылық біл­дірді. Сенат Төрағасы салық базасын дамыту және арттыру үшін жаңа ынталандыру шаралары қажет екенін айта келе, палата мен сарапшылардың осы саладағы бір­лескен жұ­мысының басым бағыттарына назар аударды.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев ұлттық экономикалық әлеуетті дамыту, бюджет тапшылығын азайту және қазіргі өзекті проблемаларды еңсеруді көздейтін кешенді шаралар туралы айтты. Сондай-ақ ол Ұлттық қор активтерін ұл­ғай­ту бойынша жүргізіліп жатқан жұ­мыстарға және мемле­кеттік бюджеттің тиімсіз жұмсалуына қарсы күрес жүргізу бағытында қолға алынған тетіктерге тоқ­талып өтті.

Іс-шарада қабыл­данған заңнамалық шаралардың нәти­желері мен қолданыстағы жобалар және қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, басқа елдердің тәжірибесіне назар аудару мәселесі де сөз болды.