Ал онымен сыбайлас болған инспекторларға ірі мөлшерде айыппұл салынды.
Атырау облысында бірнеше рет пара алған шенеунік 7,5 жылға сотталып кетті
Ашық дереккөз
2,352
оқылды

Атырауда Ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы жеке кәсіпкерлік директорынан бірнеше рет пара алған,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Шенеунік сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 7,5 жылға сотталды. 

"Облыс бойынша Ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы лауазымды тұлға бола тұра, бірнеше рет ЖК директорынан 1,4 млн теңге және жалпы қамқорлығы үшін ШҚ басшысынан 500 мың теңге пара алған. Сонымен бірге БҚО инспекциясының бас маманымен және ветеринарлық инспекторымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖК директорынан жалпы қамқорлығы үшін 1,8 млн теңге пара алуды ұйымдастырған.

ЖК директоры және ШҚ басшысы ҚР шекарасында көліктің заңсыз қозғалысы үшін пара ретінде 3,3 млн теңге мен 500 мың теңгені жеке өздері берген. Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, куәлардың айғақтарымен, ақша қаражатын аудару туралы түбіртектермен, тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен, мамандардың қорытындыларымен дәлелденді",  – деп жазды соттан.

Сотталушылардың асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы, кінәларын мойындауы – жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды, ауырлататын мән-жай ретінде қабылдаған антты бұзуы танылды.

Сотталушылар тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Инспекция басшысы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Бас маман мен ветеринарлық инспекторға пара сомасының 60 еселенген мөлшерінде айыппұл тағылды. ЖК және ШҚ басшыларына – пара сомасының 26 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды. Барлығы мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.