Сотталушы жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді.
Бірге ішкен: Шымкентте құрылыс орнында әріптесін өлтірген ер адам 13 жылға қамалды
826
оқылды

Аталған істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша айыпталған, - деп жазады Aikyn.kz.

Сотта белгілі болғандай, сотталушы Шымкент қаласы «Нұршуақ» ықшамауданы Жаңақұрылыс жер телімінде құрылыс объектісінде бірге жұмыс істейтін Н.-мен бірге спирттік ішімдік ішіп, араларында ұрыс-жанжал туындаған.

«Соның салдарынан Н. есімді азамат Э.-нің бетіне жұдырығымен бір рет соққы жасаған. Бұған қатты ашуланған Э. қарсыласы Н.-ның қолындағы асхана пышағын тартып алып, мойнынан пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан жәбірленуші алған ауыр дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза болған», - делінген сот хабарламасында.

Сот сотталушының жасаған қылмыстық әрекеттері ішінара мойындаумен қатар, жәбірленуші өкілі мен куәлердің жауаптарымен, айғақ затты алу хаттамаларымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және де басты сот талқылауында зерттелген басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.

Прокурор Э.-ға 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші өкілі прокурордың осы ұстанымымен келісті.

«Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін ішінара мойындағанын, жасаған қылмысына өкінетінін, ал ауырлататын мән-жайлар бойынша жасаған қылмысы аса ауыр қылмыстар санатына жататынын, Э.-ның іс-әрекетінде қылмыстардың қауіпті қайталануын танығанын және жәбірленуші өкілінің кешірім бермегенін ескерді. Сот Э. есімді азаматқа ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және сотталушының әрекеттерінде қылмыстың қауіпті қайталану белгілері бар деп таныды», - делінген хабарламада.

Жазаны сотталушы қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеуге белгіледі.

 

Үкім заңды күшіне енді.