Nur Otan басшылығы Жамбыл облысының зиялыларымен кездесті
Nur Otan басшылығы Жамбыл облысының зиялыларымен кездесті
290
оқылды
Nur Otan партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек саяси ұйымның аймақтарды аралау жоспарының аясында Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің Жуалы ауданы мен Тараз қаласында болып, өңірдің кәсіпкер әйелдерімен, зиялы тұлғаларымен, этно-мәдени бірлестіктер өкілдерімен және білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Зиялылармен болған кездесуді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, жүргізіп отырды. Бауыржан Байбек зиялы қауым өкілдерімен емен-жарқын сұхбат құрып, сапардың мақсаты, ел жайы, саясат барысы, идеологиялық жұмыстар бағдары, руханият пен мәдени ахуал, жастар тәрбиесі секілді келелі жәйттерге кеңінен тоқталды. Әсіресе, Елбасы бастамасымен партия тарапынан енгізіліп жатқан жаңалықтар – праймериз бен өңірлік даму бағдарламалары, партияның негізгі құндылықтары мен алдағы міндеттері туралы жан-жақты айтып берді.   Nur Otan, Жамбыл, Бауыржан Байбек «Өздеріңіз білесіздер, жылдың басынан бастап Елбасы тапсырмасымен өңірлерді аралай бастадық. Мұндағы мақсатымыз – жергілікті жерлерде болып, тұрғындармен, зиялылармен, ел ағаларымен кездесу, пікірлерін біліп, ұсыныстарын тыңдап, түйткілді мәселелерді бірлесе талқылау, шешу жолдарын қарастыру. Елбасы айтқандай, партияның үш мақсаты бар. Ол, біріншіден, халықтың пікірін білу, халықтың сөзін сөйлеу, оны билікке жеткізу. Екіншіден, билік тарапынан жасалып жатқан дүниелерді халыққа қарапайым тілмен түсіндіріп айту. Үшіншіден, білім мен денсаулық саласының сапасына мән беру. Біздің саяси ұстанымымыз – центризм. Ол – орта жолмен жүру, оңға,солға тартпау. Біздің негізгі құндылықтарымыз – адам, оның бостандығы, Тәуелсіздік, ынтымақшылдық, отбасы, дәстүр, руханият және заңның үстемдігі. Ең бастысы, біз қабылданған заңдарды орындауымыз керек. Партия еліміздегі проблемаларды біліп қана қоймай, оларды шешу үшін қажетті қадамдар жасамақ. Олардың біріншісі – праймериз, яғни ішкі партиялық іріктеу өткізу арқылы қолынан іс келетін, білімді, елге сөзі өтімді, адал да абыройлы азаматтардың билікке, өкілетті органдарға келуіне ықпал ету болса, екіншісі – әрбір өңірдің ерекшеліктерін, нақты қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы даму бағдарламасын әзірлеу. Сондықтан қазір бес жылдық осындай бағдарламаларды талқылап жатырмыз», – деді Бауыржан Байбек. Зиялы қауым өкілдері де өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, ұсыныстары мен ойларын бүкпесіз ортаға салды. Жиынға қатысушылар тарапынан алғаш болып сөз алған Масат Берік елдің тәуелсіздік алғанына 30 жылға жуық уақыт болса да мемлекеттік тілдің өз деңгейінде пайдаланылмай келе жатқанына алаңдаушылығын білдіріп, Тіл туралы заң мен тілді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалуына баса мән беруді, партия тарапынан бақылауды қолға алуды ұсынды. Ал ардагер ұстаз Бәтес Егембердиева жуырда қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң жайында әңгіме өрбітіп, білім саласын дамыту туралы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ «Жамбыл облыстық М.Қашғари атындағы ұйғыр этно-мәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мухаббат Тұрдиева патриотизмді насихаттау, барша ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі, ел халқының тұрақтылығы мен бірлігін нығайту, этносаралық қатынастарды үйлестіру жайын қозғаса, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков қазақтың төл өнері – айтысқа тоқталып, партия қолдауымен өткізіліп жатқан айтыстарды телеарналардан көрсету, айтыскерлерге  партия тарапынан жүйелі түрде кеңестер беріліп отырса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге бас қосуда таяуда орын алған Қордай оқиғасы да сөз болып, енді осындай келеңсіздіктерді болдырмаудың алдын алу шаралары пысықталды. Партия төрағасының Бірінші орынбасары жұртшылық көтеріп отырған мәселелердің барлығы әзірленіп жатқан өңірді дамытудың 5 жылдық бағдарламасына енетінін, ал осы сапар барысында Қордайға  арнайы барып, жергілікті жағдаймен танысатынын жеткізді. Оның айтуынша, халықтың ауызбіршілігі мен қоғамдық келісім ғана – еліміздің өсіп-өркендеуі мен табысты дамуының берік негізі. Сапар аясында партияның кезектен тыс конференциясы өтіп, оның қорытындысы бойынша облысқа жуырда әкім болып тағайындалған Бердібек Сапарбаев Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Еске сала кетейік, таяуда, яғни 5 наурызда Елбасының төрағалығымен өткен Nur Otan партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысында 30 наурыздан 16 мамырға дейін елімізде ашық ішкі партиялық іріктеу - праймериз өткізу туралы шешім қабылданды.