Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары «Қан тапсырып, өмір сыйла!» науқаны аясында Республикалық қан орталығына екі күнде 37 литр қан тапсырды.
Дәрігерлер 37 литр қан тапсырды
451
оқылды

Сауапты шараға дәрігер­лерден бастап мейіргерлер, әкімшілік қызметкерлеріне дейін барлығы 83 маман ерікті түрде үлес қосты. Донорлар қан тапсырмас бұрын медициналық сауалнама толтырып, соның нәтижесі бойынша ғана қан тапсыруға рұқсат алды. Респуб­ликалық қан орталығы тапсы­рыл­ған қан көлемі мен оның сапасына баса назар аударады.

Трансфузиология бөлімінің дәрігері Данияр Әліпбаевтың тұрақты түрде қан тапсырып жүргеніне 5-6 жыл болған. «Қатерлі дертке шалдыққан кішкентай бүлдіршіндерге көмектескім келеді, қан құюға мұқтаж жан көп, бір адамға болсын септігімді тигізуге келіп отырмын», – дейді ол.

Акцияға қатысқан әр қыз­мет­кер 350-450 миллилитрден қан тапсырды. Бұл істі игі дәс­түрге айналдырған ақ халат­тылар кезекті рет бір кісідей акцияға атсалысып, көпке үлгі болуда. Шараның тұрақты ұйым­дастырушысы, клиника­лық трансфузиология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Үмбе­товтің айуынша, Педиатрия орталығында жылына 2-3 рет тұрақты қан өткізіп тұратын 35-тен астам донор бар.

«Орталықтан жылына ша­мамен 130-160 адам қан тап­сырады. Медициналық тексе­ріс­тен өткен адамнан стандарт бойынша 450 миллилитр қан алынады. Жыл сайын донацияға қатысушы қызметкерлер саны артып келеді. Біздің орталықта қан және оның компоненттері осы  орталықта ем алып жатқан науқас балаларға қолданылады. Клиникада қатерлі дертке шал­дық­қан, жүрек ақауларымен ту­ған балалар, ауыр хирургия­лық ота қажет болған науқас ба­лалар мен жаңа туған нәрес­телер ем алады. Ота кезінде, сү­йек кемігінің қатерлі ісік­терін­де, оған қоса сүйектің ке­мік майын трансплантациялау кезінде және басқа да жағдай­ларда дәрігерлердің тағайын­дауымен қан және оның құрамдас бөліктері құйылады. Науқастарға қолданылатын барлық медициналық құрылғы бірреттік. Бұл бұйымның бар­лығы балалардың ата-ана­лары­ның қатысуымен ашылады. Қан құю барлық медициналық та­лапқа сай жүргізіледі», – дейді Қ.Үмбетов.

Дәрігердің пікірінше, қан тапсыру ағзаға пайдалы. «Қан тапсырудың пайдасы мен зияны қоғамда көп талқылана­ды. Медицина маманы ретінде қан тапсырудың негізгі пайда­ларын атап өткім келеді. Бірін­шіден, ең бастысы – қан тап­сырған әр адам үш адамның өмірін сақтап қалуға тікелей көмегін тигізеді. Екіншіден, ағ­заңыз­дың қан құрамы жаңа­ра­ды, қан құрамының жаңаруы теріге өте пайдалы. Үшіншіден, қан тапсыру арқылы адам бойындағы қан қысымы рет­те­леді. Төртінші­ден, қан тапсыру­дың семіздіктің алдын алуға септігі бар. Бе­сіншіден, адам өмірін ұзартады. Сонымен қатар сіз қан тапсыра отыра, ағзаңыз туралы ақпарат аласыз. Қан тапсырудың ағзаға еш зияны жоқ. Үлкен адам ағзасын­да шамамен 4,5-5 ли­трдей қан болады, қан тапсыру барысында әр адам 450 мил­лилитрден аспайтын қан тап­сырады. Бұл ағзаға зиянын тигізбейді», – дейді Қ.Үмбетов.

Елімізде жасы 18-ден асқан, медициналық көрсеткіші нәти­желі кез келген азамат донор бола алады. Ерлер жылына 6 рет, әйелдер 4 рет қан тапсыруға мүмкіндігі бар.  

Асыл ТҰМАР