Қасиетті Абай еліне келген әр адамның бойында осы елге, осы жерге деген ерекше бір жылы сезім болады.
Киелі білім ордасы
2,336
оқылды

М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне – 120 жыл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық.

Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шық­қан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. 

Дүниежүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаcын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдік­тердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәре­же­ге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық» деген болатын.  

Қай уақытта болса да жас ұрпаққа са­на­лы тәрбие, сапалы білім беру мәселесі күн тәртібінен түсетін мәселе емес. Алдағы уақыттарда да тарихи тағлымы мол, заман көшіне ере дамыған алдыңғы қатарлы оқу орындарының бай мұрасы үлгі болары хақ. Осындай оқу орындарының қатарына, біз толық сеніммен, бүгінгі той иесі – М.Әуез­ов атындағы педагогикалық коллед­жін қоя аламыз.

Колледжді елімізге кеңінен танымал, білім беру саласының көрнекті қайраткері, ұлт жанашыры, ел мақтанышы, үлкен жүректі ұстаз, ғалым, Қазақстан Педагоги­калық Ғылымдар Академиясының кор­рес­пондент-мүшесі  Шағангүл Алдам­жарқызы басқарып келеді.

Қысқаша ғана колледж тарихына көз жүгіртсек. Ол 1903 жылы далалық өлкеге ғана емес /солай көрсетілген/, Батыс Сібірдің көптеген аймағына бастауыш мектептер үшін мұғалімдер дайындау мақсатында ашылған. Сол кезден оған Том, Тобыл, Воронеж, Орел губерния­ларынан және Семей мен Жетісу облыс­тарынан оқуға түскісі келген талап­керлер өтініш берген.  

1905 жылы 1 шілдеде Семей мұғалімдер семинариясына қырғыз (қазақ) тілі оқы­ту­шысының қызметі енгізіліп, 1 тамызында бұл қызметке Нұрғали Құлжанов қабыл­данған. Осы кезеңнің өзінде мұғалімдер семинариясы оқушыларға жан-жақты білім берумен бірге, оларға отаншылдық рухта рухани-адамгершілік тәрбие беруге ден қойған, олар қаладағы көптеген мә­де­ни шара, ұлттық ойын-сауық ұйым­дастырған.

Мұғалімдер семинариясында еңбек еткен, білім алған көптеген жастар өзд­ерінің қайраткерлік, ағартушылық, жазу­­шылық, ғалымдық қадамдарын осы кезеңде бастап, алашшыл ұлт зиялы­ларының қатарына қосылған. Олардың қатарынан Әбікей Сәтбаевты, Мұхтар Әуезовті, Жүсіпбек Аймауытовты, Қаныш Сәтбаевты, Әлкей Марғұланды, Мұсатай Ахынжановты, Әбдіхамит Сембаевты, Шырақбек Қабылбаевты, Жақия Шәй­жүнісовты және тағы басқа атап айтуға болады.

1912-1919 жылдар семинария тарихын­дағы ерекше бір айшықты жылдар болды. Осы кезеңде заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытов, Қазақ КСР Ғылым Академия­сының тұңғыш президенті, академик Қ.Сәтбаев білім алды.  

Мұтар Әуезов өзінің алғашқы шығар­ма­шылық-ағартушылық ізденістерін осы кезеңде бастады. Ол еліміздегі тұңғыш «Ярыш» футбол командасының белсенді мүшесі болды. Ж.Аймауытовпен бірге 1918 жылы «Абай» журналын шығарып,  халқымыздың тағдырына қатысты кемел ой айтып, ұлттық сананы оятуға жетелейтін көптеген мақала жазды. 

Бұл кезең Жүсіпбек Аймауытовтың да шығармашылық дарынының ашылған кезеңі болды. Ол 1915 жылы Семейде өт­кен қазақтардың әдеби кешінде «Біржан мен Сара» айтысын сахналады. Өзінің өлеңдерін, алғашқы ойлы публицистік сын мақалаларын осы кезде жазды.

ХХ ғасырдың заңғар ғалымы, академик Қ.Сәтбаев 1914-1919 жылдары семинарияда үздік оқып, оқуын бітіргеннен кейін қазақ мұғалімдеріне арналған екі жылдық пед­курста жаратылыстану пәнінен сабақ берді. Осы кезеңде қазақ мектептеріне арналған алғашқы математика оқулық­тарының бірі алгебра оқулығын жаза бастады. 

Мұғалімдер семинариясы 1920 жылы Халыққа білім беру институты болып қай­та құрылды. 1922 жылы оның құ­рамы­­нан екі педагогикалық техникум (қазақ, орыс) ашылады. 1924 жылы ол Семей пед­а­гогикалық техникумына берілді.

Техникум директоры Әбікей Сәтбаев 1924 жылы Ленинград университетінде оқып жүрген М.Әуезовті шақырып, ол қазақ әдебиеті тарихы, әдебиет теориясы пәндерінен сабақ берді.  

Қаныш Сәтбаев осы техникумда оқып жүрген кезін еске алып: «Алған біл­ім­ім үшін немере ағам, интеллигент Ә.Сәтбаевқа өзімді өмір бойы борыштымын деп санай­мын» деп жазды. 

Біз бұдан сол кездің өзінде техникум­ның педагогикалық әлеуетінің жоғары бол­ғанын, шәкірттеріне рухани-адамгер­шілік мол тәрбие, сапалы білім бергенін байқаймыз. 

Бүгінде М.Әуезов атындағы педагоги­ка­лық колледжі – Қазақстан Республика­сының жетекші техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының бірі. Заманауи инновациялық технологияларды оқу-тәр­бие үрдісіне енгізе отырып, студенттерге сапалы білім, рухани бай адами қасиет беріп отырған еліміздің беделді оқу орын­дарының бірі. 12 мамандық бойынша бастауыш мектеп мұғалімдері мен бала­бақша тәрбиешілерін дайындайды. 

Колледжде 75 оқытушы жұмыс істейді, олардың 36 %-ның, яғни 27 оқытушының ғылым кандидаты, магистр деген ғылыми-академиялық дәрежесі, ал 28 оқытушының жоғары педагогикалық құзыретін көрсете­тін педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы деген лауазымы бар. 

Көптеген оқытушы республикалық құзырлы мекемелердің штаттан тыс тренерлері, білім мазмұнын бағалау жұ­мыс­ы­на тартылған – сарапшы, түрлі рес­публикалық конкурстардың жеңімпазд­ары немесе лауреаттар болып табылады. Бұл колледждің оқытушылар құрамының кәсіби әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

2023-2024 жылдары бітірген түлектердің  99,9 %  жұмысқа орналасқан, бұл кол­ледждің нарық сұранысына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлап отырғанын дәлелдейді.  

Колледжде студенттердің жақсы білім алуына бар жағдай жасалған. 4 оқу ғи­мараты мен білім алушыларға арналған 300 орындық 5 қабатты жатақхана бар. 

Оқу ғимараттарында ІТ құзыреттілік орталығы, Абайтану, Әуезовтану орта­лық­тары, қазіргі заманғы техникалық құрал­дармен жабдықталған электронды кітапхана, интернет залы,  тігін кабинеті, слесарьлық шеберхана, спорт, ритмика, гимнастика және тренажер залдары бар. Колледжде білім алған түлектерге арналған 38 атаулы кабинет жасақталған, оларда шағын ғылыми зерттеу орталығы құрылып, студенттер зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Білім ордасында М.Әуезовтің өмірі мен шығарма­шылығына және колледж тари­хы­на арналған мұражай жұмыс істейді. Шағангүл Алдамжарқызының басшы­лығымен колледж тарихына арналған 3 том­дық  «Алаштың білім ордасы» атты таным­дық-ғылыми сипаттағы көлемді еңбек жарық көрді.

2023 жылы «Кіші сыныптарда оқыту»,  «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзы­реттілігі бойынша Құзыреттілік орталығы ашылған. Мұны біз оқушылардың білім са­па­сын одан әрі көтеру мақсатында жасалған соны қадам деп қабылдауымыз керек.

Оқушылардың білім сапасын көтеру қоғамдағы аса маңызды проблемалардың бірі болып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отыры­сында оқушылардың білім деңгейі дамыған елдерден айталықтай төмен екенін, оны көтеру үшін жүйелі және ойластырылған реформа жүргізу қажеттігін айтқан болатын. 

Біз оқушылардың білім сапасын анық­тайтын Халықаралық PISA зерттеуінің соңғы 18 жылғы нәтижелерін саралай отырып білім сапасы жоғары елдерді анық­тадық. Олар Сингапур, Макао (Қытай), Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай Республикасы, Гонконг (Қытай), Эстония, Канада, Финляндия және Поль­ша елдері. Осы елдердің білімдегі табыстылығын анықтағанымызда, олар екі ұстанымды басшылыққа алады екен: бірі – лайықты адамдар ғана ұстаз болулары керек; ал екіншісі – жастарға ұлттық рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру қажет. 

McKinsey&Соmpanу компаниясының ғалымдары оқушылардың білім сапасы мұғалімдердің құзыретіне қаншалықты тәуелді екенін анықтау мақсатында Амери­каның 3 штатында көлемді зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, 8-11 жас аралы­ғын­да, кәсіби құзыреті жоғары және тө­мен мұғалімдерден білім алған оқушыл­ардың білім сапаларының айырмашылығы 53%-ды құраған. Әрі қарай жүргізілген зерттеудің нәтижесінде, 11 жаста үлгерімі нашар болған  оқушылардың тек 25%-ы ғана, 14 жасқа толғанда, меңгерулері қажетті стандарт талаптарына сай білім ала алған, ал 75%-ы, яғни 4 баланың үш­еуі ондай деңгейде білім ала алмағаны анықталған.

Бұл оқушылардың білім сапасы олардың бастауыш мектепте алған білімдеріне тікелей байланысты екенін көрсетеді. Бұдан біз толық сеніммен, оқу­шылардың білім сапасының кілті – бастауыш мектеп мұғалімдерінің қолында деп қорытынды жасай аламыз. 

Әлемде кең танымал «Сони» корпора­циясының негізін салған, танымал ғалым Масару Ибука ғылымның үлкен жетіс­тіктерін пайдалана отырып, жас баланың психифизиологиялық даму ерекшеліктерін зерттеген. Ол нәресте өмірге келген сәті­нен бастап 3 жасқа толғанша оның миы 80%-ға дейін толығып, оның жұмыс істеу негізі, яғни психофизиологиялық даму ерекшелігі қалыптасатынын анықтап, балаға тәрбие осы жасқа дейін берілуі керек деген қорытынды жасаған. Оның «3 жастан кейін кеш болады» деген еңбегі әлемге кең тарап, үлкен бестселлерге айналды.     

Дана қазақ халқы бала тәрбиесіне қатысты «Балаңды бес жасқа дейін пат­шаң­дай күт; Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса; Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген мақа­лымен Масару Ибуканың жасаған ғылыми тұжырымын екі-ақ ауыз сөзбен кең мағынада айтқанын көреміз. Біз осы мақа­лдың байыбына бара алып жүрміз бе, жоқ, өкініше қарай, әлі бара алмай жүрген сияқтымыз. Оны өмірден, көшедегі балаларымыздың тәрбиесінен көріп, байқап жүрміз. 5 жасқа дейін ата-ананың мол мейрімін бойына сіңіріп өскен бала бойында зор адами қасиеттер қалыптасады, ол мейірімді болып өседі, ер жеткенде басқа адамға қатыгездік жасай алмайды. 

Жапония мен Оңтүстік Корея елдерінде ата-аналарға «Бала тәрбиесіне кім жауапты» деген тақырыпта үлкен сауалнама жүр­гізілген. Сонда 65%-ға жуық респонденттер «Тек ата-аналар ғана жауапты» деп жауап берген. Бұл елдер балаларына ұлттық рухани адамгершілік тәрбие бере отырып, орта білім сапасын жоғары деңгейге көтере білді, соның негізінде адами капиталы өсіп, ғылыми-техникалық әлеуеті жақсы дамыған елдердің қатарына қосылып отыр.

Демек, сіздер мен біздер – ата-аналар, бала тәриесіне ерекше мән беруіміз қажет. Қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдай­ларды естіп жатырсыздар. Сондықтан біздер, ең алдымен, баларымыздың қолдарында жүрген смартфондарын қалай пайдаланып жүргендерін білгеніміз жөн. Әсіре­се, олардың тәрбиелеріне кері әсер ететін хабарларды көрмеулерін жіті қада­ғалау керек. 

Қазір білім беру саласында Жасанды интеллект (ЖИ) кеңінен  қолданыс табуда. Ол жаңа перспективалар ашып, замануи оқыту әдістеріне тың міндеттер қойып отыр. Білім беруде ЖИ пайдалану: оқытуды дербестендіруге, яғни оқу материалдары мен әдістерін әрбір оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімдеуге; мұғалім уақытын автоматтандыру және оңтайлан­дыруға, яғни мұғалімдерге білім сапасын жетілдіруге және оқушылармен өзара қарым-қатынаста көп жұмыс істеуге; интер­активті оқу материалдарын қолдана отырып, оқытуды қызықты және түсінікті етуге мүмкіндік береді.

Алайда ЖИ пайдалану кезінде бірқатар проблема кездеседі, олар: этикалық мәсе­лелер, яғни оқушылар деректерінің құпия­лы­лығын сақтау және ол деректердің таза болуы; мұғалімдер дайындау, олар өз жұ­мысында жасанды интеллект тех­ноло­гияларын тиімді пайдалану үшін кәсіби құзыреттері жоғары болып, жаңа дағды­ларды меңгеруге қабілетті болуға тиіс; технологияға тәуелділік, яғни ЖИ ықпалы­ның өсуі білім беру процесінде адами факторлардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін.  

Сондықтан ЖИ білім беруге енгізудің тиімді әдістерін, ұлттық рухани құндылық­тар мен оқу мақсаттарын сақтай отырып, әзірлеу қажет. Мұндай жұмыстар әлемнің жетекші елдерінде жүргізіліп жатыр. Олардың орындалуы  педагог кадрлардың кәсіби құзыретіне тәуелді болатыны толық дәлелденіп отыр.

Қазіргі алмағайып, ғылым мен техника ғарыштап дамып отырған заман­да қандай болмасын оку орнының қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсуде. Осындай биік жауапкершілікті кәсіби әлеуеті жоғары М.Әуезов атындағы педагогикалық кол­ледж ұжымы алдағы уақыттарда да үлкен абыроймен атқар­атынына мол сенім білдіре отырып, ұрпақ болашағы, ел келе­шегі мақсатында табысты еңбек ете берулеріне тілектестік білдіреміз!

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик