Атырауда қазір дәрігер де, дәрі де тапшы болып жатыр. Әңгіме – аллергия хақында.
Дәрі де, дәрігер де жоқ
786
оқылды

Жаз басталысымен атыраулықтар алысатын аллергия әдетте қа­зан­ға дейін жалғасады. Көзі жасаурап, түш­кіріп, түрлі тамшылармен өз-өзін ем­деп жүрген атыраулықтар аллерголог ма­мандардың жетіспейтініне наразы. 

Асхат Әбдікәрім – аллергиямен алы­сып жүрген атыраулықтың бірі. «На­зи­вин­мен» әбден достасқан ол, бір айда бұл дә­рінің 2-3 құтысын тауысатынын ай­та­ды. «Жылына екі маусым бойы мұрным бі­тіп, құлағым қышып, түшкіре бас­тай­мын. Көзім жасаурағаны – өз алдына. Осы­лай өз-өзіммен алысып жүргенімде жаз­дың да, күздің де қалай өтіп кеткенін байқамай қаламын. Аллергия тұқым қуа­лай­тын ауру болып шық­қаны оңай бол­май тұр. Екі жасқа енді толатын балам бар. Алты айынан бас­тап, ауруханадан көз ашпай келеді. Екі апта сайын, қол­қа­сы бітіп, бүкіл ан­ти­биотикті алып бол­ды. Дәрігерлер оған ал­лергия деп диаг­ноз қойды. Кейін ол ау­ру асқынып, ал­лергия фонындағы брон­хиалды аст­ма­ға ұласты. Осы бала үшін енді қаланы ауыс­тыру керек болып тұр», – дейді атыраулық Асхат Әбдікәрім. 

Атырау облыстық аурухананың штат­тан тыс аллерголог дәрігері Гауһар Сем­бие­ваның айтуынша, аллергия оңай ем­деле салатын дерт емес. Және адам ор­га­низмі сезімтал болса, ауаның құра­мы­на, күннің, тіпті шаң-тозаң, өсімдік пен тағам, дәрі-дәрмек пен бояғыш зат­тар­дан да аллергия пайда бола береді. 

– Аллергияға шалдыққандардың ба­лаларына да бұл ауру «үйір» келеді. Яғни, дерт тұқым қуалайды. Екінші фактор – эко­логиялық ахуал салдарынан жүре пай­да болады. Негізінен, адамға көз, мұ­рын, қолқа арқылы білінгенде өз бе­тімен дертке диагноз қойып, дәрігердің нұ­с­қауынсыз дәрі пайдалану дұрыс емес. Кеселдің өршіп кетуіне көбінесе осы жағ­дай себеп болады. Шілде мен тамызда жу­сан, амброзия сынды табиғи өсім­дік­тер гүлдегенде тозаңы адамның мұрны мен көзіне түсіп, ауру туындатады. Не­ме­се темекі мен химиялық қоспасы бар заттарды қолданғаннан да өршуі мүмкін. Бір байқағаным, Атырауда аллергия кө­бі­несе өсімдіктен жұғады. Өсімдік әбден пі­сетін шілде-қазан айлары аралығында ке­сел де күшейеді. Оның түрі де сан алуан. Мысалы, дәл қазір маусымдық ал­­­­лергиялық ринит немесе аллергиялық ко­нъюктивит өршіп тұр. Одан емделу түрі де әртүрлі. Әуелі науқастың ауыру се­бе­бін, сосын қандай шөпке аллергиясы ба­рын анықтау үшін арнайы лабора­то­рия­ға қан тапсырады. Алайда біздің ау­ру­ханада мұндай құрылғылар бол­ма­ған­дықтан, жекеменшік клиникаларға жі­бе­реміз. Ауру ушығып тұрған дәл қазіргі уа­қытта еш нәтиже бермейтіндіктен, ем-дом көбінесе қыс айларында жүр­гі­зіле­ді. Ал қазір талдау нәтижесі бойынша түш­кіру, мұрын бітелу, көздің жасау­ра­ғанын дәрінің көмегімен тоқтатуға болады. Қыста арнайы терапиядан өткен нау­қас мүлде сауығып кетпегенімен, ке­лесі жылдың осы маусымында аллер­гия­дан жеңіл өтеді. Одан сауығудың тағы бір жолы – климат ауыстыру», – дейді ал­лер­голог дәрігері Гауһар Сембиева.

Мамандар аллергия кезінде «На­зи­вин», «Нафтизин» сынды мұ­рын­ды «ашатын» тамшыларды қол­дан­бау керектігін айтады.

Мамандардың айтуынша, мұндай сұйық дәрілер үнемі қолданғандықтан, мұрын қуысын бітеп, қабыну процесін туын­датады. Уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормоналдық дәрілердің әсерінен ағза одан сайын әлсіреп, ақыры дәріге әб­ден үйреніп кетеді. Атышулы там­шы­лардың басқа керемет пайдасы болмай шық­ты. Сондықтан да мамандар емдеу шараларының барлығын медициналық мекемеде аллергологтардың бақылауы­мен өтуі тиістігін айтады. 

Мұрынның бітелуі, көздің қызаруы не­месе дененің бөрітуі. Аурудың алғашқы бел­гілерін байқасаңыз, дереу дәрігерге кө­рінгеніңіз абзал. Себебі ауырғаннан гөрі, ауырмаудың жолын іздеу әлдеқайда тиімдірек. Ал аллергиясы бар адамдарға ма­мандар күніне бір грамм С дәрумені­мен, құрамында ақуыз, май, көмірсутегі бар тағамдарды қабылдап, бөлмені жел­детіп, ауасын жиі тазартып тұруға, ортақ зат­тарды пайдаланбауға кеңес береді.

Атырау облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасынан білгеніміздей, мем­ле­кеттік медициналық ұйымдарда жалпы 6 ал­лерголог маман бар, бүгінгі күні 2 ал­­­­лерголог бала күтімі демалысында.

6 айдың қорытындысы бойынша, ал­лер­гиямен есепте тұрған 2 928 пациент, оның ішінде 865 бала бар. Яғни, 3 000-ға жуық науқасқа әйдік Атырауда не­бары 4 аллерголог маман қызмет көр­сетіп жатыр.

Бұл аз ба, көп пе, оны өзіңіз бағамдай бе­ріңіз.

Ащы да болса шындық, Атырау облы­сын­­да қазір 100-ден астам дәрігер жет­пей­­ді. Тапшы мамандардың қатарында ба­­лалар невропатологі, балалар кар­дио­хи­рур­гы, анестезиолог, гинеколог, реани­ма­тологтар бар.

Қазақстанда жыл сайын 5 мыңға жуық маман оқу бітіреді. Бірақ олардың өңір­лерге барып жұмыс істеуі үшін әлеу­меттік мәселелері жолға қойылуға тиіс. 

Рас, Атырау облысы әкімдігі меди­циналық оқу орындарымен ме­моран­думға отырып, жас медиктерді өңір­ге тарту үшін белгілі бір әлеуметтік жеңіл­дік пакеттерін жасақтауда. Бірақ ма­ман тапшылығын дер кезінде шешуге бұл қадамдар да жеткіліксіз болып жа­тыр.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы