Бұған дейін журналист Дана Орманбаева әлеуметтік желілерде танымал продюсер Баян Алагөзоваға қатысты бірқатар ақпарат таратқан еді.
Баян Алагөзова Дана Орманбаеваның үстінен шағым түсіріп, сотта жеңіске жетті
Фото: ulysmedia.kz
5,062
оқылды

Алматы қалалық сотында белгілі продюсер, блогер Баян Алагөзованың журналист Дана Орманбаеваның үстінен жазған шағымына қатысты іс қаралды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Журналист Дана Орманбаева әлеуметтік желілерде продюсер Баян Алагөзоваға қатысты бірқатар ақпарат жариялаған болатын.

Баян Алагөзова осыған қатысты Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына журналистің үстінен арыз жазып, Орманбаевадан Instagram және Telegram желісіндегі жеке парақшасында тараған ақпаратты жоққа шығаруды талап етіп жүгінді. Сонымен қатар соттан моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге өндіруді сұрады.

Дана Орманбаева өз жарияланымдарындағы ақпарат шындыққа сәйкес келетінін және пікір түрінде екенін айтып, айыпты мойындамаған.

Сот филологиялық-лингвистикалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, жауапкер ұсынған мәліметтер шындыққа сәйкес келмеген жағдайда талапкердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін деректер санатына жатады.

«Бірінші сатыдағы, сот отырысы барысында тараптар жауапкердің жоғарыда аталған ақпаратты әлеуметтік желілерде таратқанын дауламады. Журналистің ол жариялаған ақпарат блогерге қатысы жоқ деген уәжі расталмады. Осыған байланысты сот істің мән-жайы мен сараптама қорытындысын ескере отырып, блогердің шағымын ішінара қанағаттандырды», - делінген сот хабарладама.

Журналист таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтыны, блогердің ар-намысына, абыройына және іскерлік беделіне нұқсан келтіретіні анықталды.

Сот журналистке деректерді жоққа шығаруға міндеттеп және блогердің пайдасына моральдық шығынды өтеу үшін 500 мың теңге өндірді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.