Аудит ауа жайылғандарды ауыздықтай ала ма?

Жоғары аудиторлық палата дабыл қақты. Қазақстанның даму банкі артықшылыққа ие алпауыт компаниялардың аз шоғырының банкі болуын жалғастырған. Бұл бос байбалам емес, дәлелі бар: тексеріс барысында мемлекеттік аудиторлар анықтаған. Жалпы, мемлекеттік банктің қолынан жүздеген миллиард теңге қаражат өтеді. Оның бәрі қайда кетіп жатыр?

Ұлттық банк жуырда, 9 қыркүйекте «Қазақстанның қар­жылық тұрақтылық туралы есебін» жариялады. Онда алаң­датарлық бір жайт айтылған: несиелерінің басым бөлігі ком­паниялардың таңдаулы тобына ғана ұсынылады. Бұл Қазақ­стандағы қаржылық тұрақтылыққа кері әсер ететін тәуекел факторы саналады.

«Банктер қарыз алушылардың аз тобына ірі қарыз беруді жалғастырды. Оларға негізгі борыш бойынша да, сыйақы бойын­ша да төлемдерді мейлінше кешірек кезеңге қал­дырып, кейін төлеуге мүмкіндік, артықшылық береді. Кор­пора­тивті қарыз алушылардың шектеулі санында борыштың шо­ғырлануы біртіндеп азайды, бірақ әлі де жоғары (41%). Мәселен, корпоративті портфельдегі күмәнді қарыз­дардың негізгі көлемі – 71%-ы 2023 жылдың соңында банк­тердің ең ірі 25 қарыз алушысының қолында шо­ғыр­ланды», – делінген Ұлттық банк есебінде. 

Жоғары аудиторлық палата өз мәлімдемесінде, Қазақ­станның даму банкі (ҚДБ) айналдырған 10 тұлғаға ар­тық­шы­лық беретін банк болып қалғанын айтады. Бұл мем­ле­кеттік банк мемлекеттік бюджеттен кәсіпкерлерді қар­жы­ландыруға және өнеркәсіпті дамытуға деп мол ақша сұра­тады. Алайда аудиторлар әшкерелегендей, ақша негізгі алу­­шыларына жеткенше тым ұзақ уақыт өтеді. Оның өзінде бірен-саранының қолы жетеді.

Бұл жайт Жоғары аудиторлық палата жүргізген «Өңдеу өнеркәсібін мемлекеттік қолдауға талдау» нәтижесінде белгілі болды. Аудиторлар көңілсіз қорытындыға келді. 2019 жылдан бастап, 2023 жыл аралығында банк негізгі үш саланың санаулы салалық жобаларын қаржыландыруға 2,4 триллион теңгені жұмсап жіберген. 

– ҚДБ-ның кредиттік портфелінің жартысынан астамы небәрі 10 ірі, белгілі тұлғаларға тиесілі. Осыған қатысты ел Президенті 2022 жылғы 11 қаңтарда қатаң сын айтқан болатын. Мемлекет басшысы Қазақстанның даму банкі қаржылық-өнеркәсіптік және құрылыс топтарын ұсынатын таңдаулы тұлғалардың жеке банкіне айналып кеткенін айт­қан-тын. Дәл осы 10 тұлғаның тобын басымдықты қаржыландыру саясаты жалғасып жатыр, – деді аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов.

Мемлекеттік аудиторлар ірі бизнес­ті, басқаша айтқанда контрагенттердің айрықша тобын қаржылай қолдаудың жалғасып жатқанына ерекше назар аударды. Смайыловтың айтуынша, «Қазақ­станның даму банкі» АҚ-ның бес жылдағы барлық кредиттік, лизингтік және инвестициялық портфелінің жартысы осы артықшылық берілген топтарға тиді! Мұндай тәсіл жеңілдетілген қаражатқа тең қолже­тімділік және оларды әділ бөлу қа­ғи­даттарын бұзады.

«Қарсы міндеттемелердің заем­шыға ыңғайлы етіп жасалғаны соншалық, қарыз алушылардың экспортты ұлғайтуға ынтасы жоқ. Салдарынан, қолдау көрсетілген кәсіпорындардың жалпы экспорттағы үлесі 2020 жылдан бері екі есеге, яғни 9,1%-дан 4,5%-ға дейін құлдыраған. Ал Қазақстанның даму банкінің миссиясы – өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін ілгерілету», – деді Ә.Смайылов.

Банк неге бас тартады?

Қазақстанның даму банкі бұл айыптауға қатысты әзірге қандай да бір мәлімдеме жасамады. Бірақ оның өкілдерінің айтуынша, ҚДБ іріктелетін жобаларға жоғарғы талап қояды. Биік талаптарға жауап бергендері қаржыландыруға ие болады. ҚДБ экспорттық операциялар бағытындағы банкирі Гүлмира Жұмабае­ваның айтуынша, несиелендіруге ұсынылған әрбір жобаға алдын ала талдау жүргізіледі. Оның барысында жобаның экономикалық қауіпсіздігі, маркетингтік дайындығы, заңнамалық талаптарға және ҚДБ нормаларына сәйкестігі бағаланады. Бұл кезең «Индикативтік талдау» аталады.

– «Индикативтік талдау» кезеңінен табысты өту үшін мәмілеге қатысатын барлық тараптың құрылтайшылық және қаржылық құжаттары дұрыс болуы, толық топтамасын ұсынуы қажет. Сондай-ақ бизнес-жоспар, жоба­ның техникалық-экономикалық негіздемесі, орналасатын жер учаскелеріне қатысты құқық белгілейтін құ­жаттары, қызметті жүзеге асыруға рұқсат құжаттары, жобалық келісімдер, кепілмен қамту құжаттары болуға тиіс. Кәсіпорын ашыла сала жабылып қалмай, тұрақты жұмыс істеуі үшін қа­жетті шикізатты сатып алу көздері, коммерциялық ұсыныстары көрсетілуі қажет, – деді Гүлмира Жұмабаева.

Бұл кезеңнің ұзақтығы 35 жұмыс күнін құрайды. Алайда «тараптардың өзара ынтымақтастығы бұл мерзімді елеулі қысқартуы мүмкін» екен. Сондай-ақ соңғы өзгерістер, бизнес-процестерді оңтайландыру арқасында банк өтінімдерді қарастыру мерзімін 12 жұмыс күніне дейін қысқарта алыпты. Мысалы, «бизнес ұсынысы» және «индикативтік талдау» кезеңдерін біріктірді. Кейбір рәсімді алып тас­таған. Бұрын талап етілетін бірқатар қорытынды-сараптаманы жойған.

Қажет болған жағдайда ҚДБ тәуел­сіз сарапшыларды тартып, техникалық сараптама жүргізеді. Сарапшылар өтінім берушінің экономикалық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін тексереді. Терең талдау үшін «сыртқы құқықтық кеңесшілерді тарту мүмкіндігі» де қарастырылған екен. Сараптамалар нәтижесінде жоба мақұлданады немесе бас тарту туралы жазбаша ше­шім қабылданады. Жалпы, құжат көп сұралса, қаржыландырудан бас тартудың себептері де көбейетіні белгілі. 

ҚДБ өзі қаржыландырған біраз жоба экономиканың өркендеуіне, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосып жатқанын алға тартты. Мысалы, ол несиелендірген тамақ өнеркәсібіндегі стратегиялық маңызды жобалар халықты азықтан тарықтырмауға, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға қызмет етеді. Ішкі нарықтың жағдайын жақсартып, жергілікті өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, бәсекелестікті және қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, сонымен бірге елдің экспорттық әлеуетін дамыта түседі.

Банкке бұрыннан ынтымақтас­тығы жолға қойылған компаниялармен жұмыс істеу оңайырақ болса керек. ҚДБ отандық тамақ өнеркәсібін нәтижелі дамытуға үлесінің жарқын мысалы ретінде RG Brands ЖШС-ын атады, ол сусындар мен тамақ өнімдерін өндіру бойынша көшбасшылардың бірі. Сондай-ақ «Масло-Дел» ЖШС жоғары сапалы сүт және май өнімдерін өндіреді, «Баян Сұлу» АҚ-ы – кәмпит-шоколадтарын шетел тұрғындары да сүйсіне жейтін ірі кондитерлік фабрикаға айналды. Ал «Кус&Вкус» бренді бар «Макин құс фабрикасы» ЖШС салқындатылған құс етімен қазақстандықтарды қамтамасыз етіп, шетелге экспортын ілгерілетеді. 

Таңдаулылар тобына тағы кімдер кіреді?

Атап өтер жайт, мұндағы басты әңгіме – мемлекеттік банктің негізінен «сыралғы» серіктестерінің аз шоғырының жобаларын қаржыландыруында. Бір жағынан, ҚДБ арзан несие берген кәсіпорындар да жұмыс орындарын ашып, шикізат өңдеп, мол салық төлеп, Қазақстанның дамуына ықпал етеді. Бірақ мемлекеттік банкті олармен шектелмей, басқа жобаларды белсендірек қаржыландыруға иліктірген маңызды. Жоғары аудиторлық палатаның діттеген мақсаты да осы. 

Мысалы, ҚДБ-ның қызметі нәтижесінде бүгінге дейін жалпы құны 12,9 триллион теңге инвестиция салынған 182 жобаны, 131 экспорттық операцияны қаржыландыру мақұлданған. Оларға жалпы сомасы 6,9 триллион теңге арзан заем берілген екен. Банк құрылғалы 137 инвестжоба қолданысқа енгізілген. 33 990 жұмыс орны ашылыпты.

ҚДБ шағын топпен шектелмегенде, жетістігі бұдан да жоғары болар ма еді? Өйткені кредиттеген инвестициялық жобалары көбіне үш өңірде шоғырланған: Астанада – 16 жоба, Алматы қаласында – 11, Павлодар облысында – 9 жоба. Өзге өңірлерде 3-5 жоба ғана қаржыландырылды. Ал БҚО-да, Ақтөбе, Түркістан облыстарында – бар-жоғы 2, Ұлытау және Жетісу облыстарында – бір ғана жоба ҚДБ-ның шапағатын көре алды. 

Мұның сыртында ҚДБ триллиондаған ел қаржысын негізінен үш салаға ғана бағыттапты. Атап айтқанда, металлургия өнеркәсібі жобаларының үлесі – 26,92%, мұнайды өңдеу өнімдері өндірісінің еншісі – 17,52%. Тау-кен өнеркәсібіне – 12,51% тиесілі. Басқа сектордың, соның ішінде машинажасау, өңдеу және тамақ өнеркәсіптерінің үлесі мардымсыз, бірер пайыз ғана.

Қазақстанның даму банкінің сайтында 2024 жылы тек 6 жоба ма­құл­данғаны көрсетілген. Ең көп қар­жы – тұтас миллиард доллар биыл «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына берілмек. Кредиттік желі 10 жылға ашылған, қаражат доллармен және қытайлық юаньмен тартылған. Пайыздық ставкасы – құбылмалы. Бұл қаражат республикалық маңыздағы жалпы пай­даланатын автокөлік жолдарын қал­пына келтіруге жұмсалмақ. Құжаттамада айтылғандай, трассаларды салу, реконструкциялау жұмыстарына «ҚазАвтоЖол» ақша шығармайды, жобаны қаржыландыруды толығымен ҚДБ өз мойнына алып отыр.

– Президент тапсырмаларын орындау және экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі Үкімет жоспарын іске асыру үшін «Қазақстанның даму банкі» АҚ жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асатын республикалық маңызы бар автожолдарды қалпына келтіру инвестжобасын қаржыландырады. 450 миллиард теңге мөлшеріндегі ұзақмерзімді несие қаражаты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға тиісті келісім шеңберінде бөлінді. Бұл шараларды 2024-2027 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отыр, – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Аталған жоба Қазақстанның барлық аумағында іске асырылады. Облыс орталықтарын Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарының елді мекендерімен байланыстыратын ішкі жолдарды да, республикалық трассаларды да қалпына келтіру жоспарланған.

Сонымен қатар биылғы тасқын салдарлары қайталанбауы үшін жолдардағы су өткізгіш құбырлардың апат­ты көпірлері қайта жаңартылады. Сондай-ақ жаңа трассаларға ауыр көлікті жібермеу үшін жолдардың қалпына келтірілген учаскелерінде көліктердің салмағы мен көлемін өлшеудің автоматтандырылған жүйесін іске қосу көзделген.

2024 жылы ҚДБ-дан алған кредит көлемі бойынша екінші тұғырға «Қазақстанның электролиз зауыты» АҚ көтерілді. Оның қожайындары – еуразиялық үштік: олигархтар Патох Шодиев, Александр Машкевич және миллиардер Алиджан Ибрагимовтың жесірі – Мукадасхан Ибрагимова.

Оларға Қазақстанның басты қар­жылық институты 178 миллион доллар ұстатпақ (85 млрд теңгеден астам). Бұл арзан (ставкасы 5yLPR+1,99%) несиені олар асықпай 10 жыл бойы өтей­ді. Заемшы өз тарапынан жобаны жүзеге асыруға 36 млн доллар төл капиталын құяды. Осы қаржылар елі­мізде «Хромтау» жел электр стансасын салуға жұмсалады. Республикада қуат тапшылығы туындай бастағаны бі­раздан айтылып жатқанын ескерсек, бұл жоба елге маңызды болуы мүмкін. 

Биылғы жобалардың үштігін «Саламат» компаниясы» ЖШС тұйықтады. ҚДБ оған 5 миллиард теңге кредитті жылдық 6,38% ставкамен қысқа мерзімде берді. Компания қарызын 2026 жылғы 25 мамырда қайтаруға міндетті. Қаражат «Саламатқа» өз өні­мімен экспорттық нарықтарға шығу үшін қажет екен. Фирма тауарларын Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Түрікменстан мен Иракқа сатады.

Оған қарағанда «Макинский Завод Теплоизоляции» ЖШС-ның кредиті арзандау: биыл 5,7% ставкамен және 18 айға 1 миллиард теңге несие ала алды. Осы жылғы қалған екі жобаға небәрі 105 миллион теңгеден ұсынылған. Қос жобаның басшысы біреу: Бахтияр Сұлтанбекұлы Оспанов деген адам. Ресми дерек бойынша ол 2021 жылы «Бәйтерек» холдингінің еншілес кәсіпорны «Қазагроқаржы» АҚ-ының басқарма төрағасының орынбасары болып істепті. ҚДБ-ның да жалғыз акционері – осы «Бәйтерек» екені мәлім.

Жөнсіздіктер анықталды, енді шара қажет

2024 жылдың аяқталып қалғанын ескерсек, 6 жобаны азсыну әбестік болмас. Мемлекеттік аудиторлардың қатаң сынынан кейін ҚДБ-дағылар аяғын аңдап басып, несиелендіруді мүлдем азайтып жібермесе болғаны. Өйткені былтыр бұл мемлекеттік банк әлдеқайда батыл қимылдап, жыл бойы 26 жобаны қаржыландырған еді. 

2023 жылы жеңілдікті кредиттің қызығын көргендердің бірі – Alageum Group, қожайыны Сайдулла Қожабаев. Ол ҚДБ-дан бірден бірнеше кредитті қанжығалады: Орал трансформатор зауытын экспорталды қаржыландыру үшін – 7 миллиард, Кентау трансформатор зауытын экспорталды қаржыландыру үшін – 3 миллиард теңге несиені иеленді. 

Аз шоғыр топқа кіретін «таңдаулылар» қатарынан олигарх Серікжан Сейтжанов қара көрсетіп тұрады: өзге жылдарды айтпағанда, былтырғы жылы ол Қазақстанның даму банкінің талабын қанағаттандырып, төл төрт жобасына жалпы есебі 90 миллиард теңгеге жуық несиеге қол жеткізді. Мысалы, Түркістан облысында каустикалық сода, ПВХ, кальций карбидін өндіретін зауытын салуға – 64,5 млрд, натрий цианидін өндіретін зауыттың екінші кезегін тұрғызуға – 17 млрд, Talas Investment Company мен «Стандарт Цемент» компанияларын экспорталды қаржыландыруға – 3 млрд теңгеден алған. 

Былтырғы жыл қорытындысында ҚДБ-ның игілігін көрушілер қатарында Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің екі ұлы – Нұрхан мен Нұржан, «Қазақмыс» қожайыны Владимир Ким, Эдуард Огай және басқа да белгілі ығай мен сығай бар. Сарапшы О.Байділдинов Қаржы институтының саясатын түсінуге болатынын айтады: ол ірі жобаларды қаржыландыруы керек, ал ондай алып жобаларды іске асыруға тек ірі қаржылық-өнеркәсіп топтарының тісі батады. 

Жоғары аудиторлық палатасының сыны да түсінікті: ҚДБ артықшылық берілген топтарды қаржыландырады, ал өзге өтінімдерді қарау рәсімдері баяу. Палата өнеркәсіптік-инновациялық саланы мемлекеттік ынталандырудың тиімділігіне жүргізілген аудитін қорытындылады. Оның нәтижесі көңіл көншітпейді. 

Мемлекеттік аудит көрсеткендей, экологиялық және инновациялық маңы­зы бар жобаларды қаржыландыру үлесі төмен. Сондай-ақ дайын өнімдер, жеңіл және фармацевтикалық өнеркәсіп сияқты басымдыққа ие ба­ғыттар қолдау шараларымен қам­тылмаған. Бұдан бөлек, жеңілдетілген қаражат түпкі алушыларға ұзақ жетеді, бұл жалпы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне теріс әсер етуі мүмкін. 

Елдің бас аудиторы Әлихан Смайы­ловтың айтуынша, «Қазақстанның даму банкі» АҚ-ы «ала қойды бөле қырқады»: қаржыландырудың нысаналы бағыты ұқсас бола тұра, әртүрлі экспорттаушыға несиені әрбасқа пайыздық ставкамен береді. Оның бір мысалын жоғарыда айттық. Бұл Смайыловтың пікірінше, белгілі бір қарыз алушыларға негізсіз арзан кредит беру тәуекелін тудырады және тең қолжетімділік негіздерін бұзады. Мәселен, ҚДБ жекелеген қарыз алушыларға белгіленген шектен 1-2,5% төмен мөлшерлемемен несие таратқан.

Палата төрағасы әшкереленген бұ­зушылықтар мен кемшіліктерді жою үшін бірқатар нақты шара, соның ішінде квазимемлекеттік компаниялардың ішкі нормативтік құжаттарын жетілдіру бойынша шаралар қабылдау талап етілетінін атап өтті. Тиісті жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады. Бақылауы мық­ты болса, міннің түзетілуі де жеделдей түсер  еді.

Елдос СЕНБАЙ