Сарапшының сөзінше, АЭС салу ісі 5 жыл ішінде толық зерттелген.
Ел тағдырына байланысты таңдауға жауапкершілікпен қарайық – депутат
974
оқылды

 

Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолға алған басты саяси ұстанымы екені белгілі. Президент лауазымына сайланған 2019 жылы, Мемлекет басшысы ұсынған сайлауалды бағдарламада, еліміздегі аса маңызды стратегиялық проблемаларға қатысты шешім референдум арқылы қабылданады деп айтылған еді.

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту туралы алғашқы пікірлер осыдан 5 жыл бұрын сөз бола бастады. 2019 жылғы 27 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Семейде өткен кездесуде АЭС салу туралы шешім қабылдауда халықтың пікірі ескерілетінін жария етті. Ал Қазақстанда атом станциясын салу жөнінде түпкілікті шешім қабылдау үшін жалпыұлттық референдум өткізілетіні Мемлекет басшысының былтыр қараша айында ғалымдармен өткен жиында айтылды. Сондықтан Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында айтылып, 6 қазанға белгіленген жалпыхалықтық референдумның өткізілуі – жан-жақты ойластырылған, байыппен талдап-таразыланған саяси шешім.

Атом станциясын салудың тиімді тұсы осы 5 жыл ішінде толықтай зерделенді. Жобаның энергетикалық қажеттілігінен бастап, экономикалық, экологиялық, технологиялық және қауіпсіздік мәселелері түгел зерттелді.

Нақты мысалдар келтіретін болсақ, Қазақстанда халықтың 50 пайызы еліміздің оңтүстігіндегі 5 облыс пен 2 мегаполисте тұрады. Соның ішінде, Түркістан облысында республика халқының 10 пайыздан астамы шоғырланған. Осыншама халыққа электр қуатын жеткізу – үлкен стратегиялық мәні бар мәселе. Аталған өңірлерде тұратын 10 милионнан астам халықты сырттан келетін энергияға тәуелді етуге болмайтынын жақсы білесіздер.

Экономикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың мүмкіндігі көп екенін түсінеміз. Қазірдің өзінде еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Ядролық отын компоненттерін өндіруге технологиялық мүмкіндігіміз де жетеді. Қазір мұның бәрін шет елдер бізден шикізат күйінде алып отыр.

Атом станциясы салынса, бізге жаңа буын технология келеді, физик-ғалымдарымыз сыртқа кетпей, өзімізде жұмыс істейтін болады. Бейбіт атоммен жұмыс істей білетін жастарымыз білім алып шығады.

Атом энергетикасы экологияға да пайдасын тигізеді. Қазір біз тұтынатын қуаттың 70 пайызы көмір станцияларында өндіріледі. Бұл станциялардың 70 пайызы тозып, ескірген. Көмір түтіні ауаны ластап тұрса, көмір қалдықтары жерімізді ластайды. Атом станциясынан шығатын парник газының көлемі көмірмен салыстырғанда 135 есе төмен екені жайында да қазір ақпарат бар. Ғалымдар пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеудің нәтижесінде, пайдалы материалдарының 90 пайыздан астамын қайта жарамды екенін айтып отыр.

Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Соның ішінде, бұл бастаманы Семей полигонымен салыстырып жатқандар да бар. Ядролық отынды қару ретінде пайдалану мен бейбіт мақсатта қолдану – мүлдем үйлеспейтін, бір-біріне кереғар пікір. Сондықтан тұрғындардың радиациядан зардап шегу қатері жоқ екенін айтуға тиіспіз.

Кейбіреулер Чернобыль мен Фукусима апаттарын мысалға келтіреді. Біріншіден, Чернобыль АЭС-ы 1977 жылы салынса, Фукусима станциясы 1971 жылы іске қосылған. Сол кездегі ең мықты технологиялармен салынған бірінші буындағы реакторлар еді. Қазір дәуір басқа, технология содан бергі кезеңде қарыштап дамыды. Бізде салынатыны – ІІІ және ІІІ+ буындағы реакторлар. Екіншіден, Чернобыльдегі апат адам салғырттығынан болса, Фукусимадағы апат мұхиттағы цунамидің ұйытқуынан болды.

Жаңа буын станциялар 9,2 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алатындай етіп салынады. Атом станцияларының салынуы Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттік, яғни МАГАТЭнің тікелей қадағалауымен іске асады. Жобасы, салынуы, іске қосылуы және жұмыс істеп тұруы –баршасы халықаралық мамандардың бақылауында болады.

Атом станциясы туралы шындыққа сай келетін, дәлелді деректерді айтатын АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылғанын білесіздер. Штабтың халық арасындағы түсіндіру жұмыстары Түркістан облысынан басталып, Парламент Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов бастаған өкілдер облыс тұрғындарымен 13 кездесу өткізді.

Қазақстанның қуатты елге айналуы – баршамыздың мұратымыз. Еліміздің тағдырына байланысты таңдау сәтінде баршамыз болашағымызға жауапкершілікпен қарайық!