Президент еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының есебін тыңдады.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 153,3 миллиард теңге аударылған
758
оқылды

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Президент еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының есебін тыңдады. Асхат Жұмағалидың айтуынша, жоғары лауазымды тұлғалардың қатысы бар қылмыстардың жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ведомство 2022 жылдан бастап мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 триллион 90 миллиард теңге сомасында мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз еткенін айтты. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 153,3 миллиард теңге аударылған. Осы қаржыға қазірдің өзінде 50-ден астам мектеп ашылған. Сондай-ақ тағы 30 білім ошағын салу жоспарланған.

Агенттік төрағасы бұған дейін берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады:

  • Агенттік Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен бірлесіп, «Цифрлық теңге» платформасы арқылы жүзеге асыратын «ақшаны бояу» жобасын іске қосқан;
  • Президент Жолдауында жүктеген міндеттерге сай жол құрылысы мен ауыл шаруашылығы салаларында сыбайлас жемқорлықты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Асхат Жұмағали «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына мониторинг жасалып жатқанын жеткізді. Тексеру барысында қаражатты тиімсіз пайдалануға және нысандарды тапсыру уақытын кешіктіруге себеп болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талданады.

Сондай-ақ педагогтердің еңбекақы қорынан миллиардтаған қаржы жымқыруға жол берген сыбайлас жемқорлық факторларын жою шаралары туралы айтты.

Биыл Агенттіктің бастамасымен бюджет процестерін автоматтандыруға, Қазынашылықты білім беру мекемелерінің есеп жүйелерімен интеграциялауға, төлем құжаттарына қол қою кезінде биометрияны пайдалануға бағытталған цифрлық шешімдер енгізілген.

Төраға халықаралық қатынастар, кадр саясаты, нормативтік-құқықтық актілер әзірлеу процесі секілді ведомствоның басқа да басты бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.

Мемлекет басшысы еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.