Бұл туралы талқы бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшелері Қазығұрт ауданына барған жұмыс сапарында айтылды.
АЭС Қазақстан экономикасына жаңа мүмкіндік сыйлай ма?
1,386
оқылды

Атом электр станциясының құрылысы Қазақстан үшін маңызды стратегиялық қадам екенін халыққа түсіндіруді көздеген штаб өкілдері, жалпыхалықтық референдум алдында түрлі еңбек ұжымдарына барып, электоратпен мақсатты кездесулерін жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Халықтық штабтың құрамына енген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ұласбек Сәдібеков, Қазыбек Иса, Таңсәуле Серіков, Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бастаған өкілдер Сарапхана ауылдық округі, Майлыошақ ауылында орналасқан «CG Foods Central Asia» ЖШС-нің жедел кеспе фабрикасының және «Көрік-ШҚ» ЖШС-нің табиғи шырын сусындарын шығаратын кәсіпорынның жұмыстарымен танысты, жұмысшыларымен еркін форматта кездесу өткізді.

Айта кету керек, непалдық CG Crop компаниясы әлем бойынша 122 жеке компанияларды біріктіретін трансұлттық конгломерат бизнес ұйымы. 140 жылдық тарихы бар ұйым дүниежүзінде 30-дан астам елде өкілдігін ашқан, 10 мыңнан астам жұмысшысы бар және 76 атаулы брендтік өнімнің меншік иесі болып отыр. 

Компанияның қызмет мазмұны түрлі салаларды қамтиды, соның ішінде қаржылық қызмет, қонақүй индустриясы, тұтынушылық тауарлар шығару, білім беру, энергия өндіру, жылжымайтын мүлікпен байланысты бизнес, тұрмыстық электроника шығару, биотехнологиялық өнімдер ұсыну, дәстүрлі емес медициналық қызметтер ұсыну және тағы басқа бизнес түрлерімен шұғылданады. Қазақстанда аталған компания тамақ өнеркәсібі саласы бойынша жобаны іске асырып, Орталық Азия нарығын жедел әзірленетін кеспе өнімдерімен қамтуда.

Ал табиғи шырын сусындарын шығаратын кәсіпорынның өнімдері «DELIS» тауар белгісімен танылған. Тікелей сығылған шырын шығаруға арналған құрал-жабдықтар Германиядан әкелінген зауыттың өнімдері отандық нарықта өз орнын иеленген. Осы жерден шығатын Қазақстан өнімі жақын шет елдерге де экспортталады. 

Кеспе өнімдерін шығаратын кәсіпорынның өндірістік алаңында жергілікті жұмысшылармен өткен жүздесуде Халықтық штаб мүшелері энергия өндіру экономиканың маңызды шарты екенін түсіндіріп өтті. Электр қуатының көлемі жеткілікті болса, заманауи өндіріс желілерін жолға қоюға мүмкіндіктің кеңейетінін жеткізді. Штаб мүшелері Түркістан облысының экономикасы ауылшаруашылығына бейімделгеніне назар аударып, аграрлық сала өнімдерін терең өңдеуге, экономикада тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарын ұлғайтудың маңыздылығын айтты. Жаңа өндіріс орындарын ашуда энергияның жеткілікті болуы ең әуелгі міндет екенін түсіндірді.

«Атом электр станциясының құрылысы Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ол өз кезегінде еліміздің тозығы жеткен энергокешенін жаңартады, өндірісті дамытуға жол ашады. Қуатымыз жеткілікті болса, бізге заманауи технологиялар да келеді, экологиямыздың ахуалы біршама жақсарады», – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібекұлы.

Алдағы бес жылда Қазақстанның оңтүстігінде энергия тапшылығының көлемі 13 млрд кВт/сағаттан асады деп энергетик мамандар айтып жатқанын Парламент депутаттары да айтып өтті. Мемлекет басшысы бұл мәселені жан-жақты таразылай отырып, атом электр станциясы құрылысын жүргізуді қоғам талқысына салғанын Халықтық штаб мүшелері жеткізді.

«Қазақстанда атом энергетикасын дамыту туралы алғашқы пікірлер осыдан 5 жыл бұрын айтылған еді. 2019 жылғы 27 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Семейде өткен кездесуде АЭС салу туралы шешім қабылдауда, халықтың пікірі ескерілетінін жария етті. Атом станциясын салудың тиімділіктері осы 5 жыл ішінде толықтай зерделенді. Жобаның энергетикалық қажеттілігінен бастап, экономикалық, экологиялық, технологиялық және қауіпсіздік мәселелері түгелдей зерттелді», – деді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев.

Кездесу қорытындысымен, қатысушылар Қазақстанның қуатты елге айналуы баршамыздың мұратымыз екенін айта отырып, еліміздің тағдырына байланысты таңдау сәтінде, қазақстандықтар азаматтық жауапкершіліктің биік үлгісін көрсетеді деген сенім білдірді.