Пара алғаны үшін мемлекеттік кірістер органының бөлім басшысы сотталды.
Астанада салық органының бөлім басшысы кәсіпкерден 3,6 миллион теңге пара алған
Фото: istockphoto.com
450
оқылды

Пара алғаны үшін мемлекеттік кірістер органының бөлім басшысы сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мемлекеттік қызметшінің пара берушiнiң пайдасына қызметтiк өкiлеттiктеріне кiретін әрекеті үшiн айтарлықтай мөлшерде пара алу (ҚК 366-бабының 2-бөлігі) фактісі бойынша Т-ға қатысты істі қарады.

Т. Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жанама салықты әкімшілендіру басқармасының бөлім басшысы лауазымын атқара отырып, қарамағындағылар арқылы «С» ЖШС директорынан артық төленген қосылған құн салығын қайтарғаны үшін 3 600 000 теңге көлемінде пара алады.

Сотталушының кінәсі өзінің қылмыстық әрекетін мойындауымен, куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен және іс материалдарымен дәлелденді.

Прокурор қосымша жаза тағайындай отырып 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, айыппұл салуды сұрады.

ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 50-ден 60 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының шын ниетпен өкінуін, жас балаларының бар екенін және сотталмағанын жеңілдететін мән-жай деп таныды.

Сотталушының қылмысты антын бұза отырып жасауы ауырлататын мән-жай деп танылды.

Сотталушы жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстың ауырлығын, мемлекеттік қызметшілерге деген сенімді түсіргенін және оған нұқсан келтіргенін, сондай-ақ жеңілдететін және ауырлататын мән-жайдың бар екенін ескере отырып, сот оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ, сот іс бойынша анықталған ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларға назар аударылып, тиісті шара қабылдау үшін Астана қаласы бойынша МКД басшысының атына жеке қаулы шығарды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.