Сондай-ақ олардың электр энергиясы үшін 25,3 млн теңге көлемінде төлем жасамағаны анықталды.
Астанада майнингтік ферма 143 миллион теңге көлемінде заңсыз табыс тапқан
548
оқылды

Қаржылық мониторинг агенттігі елорда аумағында тиісті лицензиясыз цифрлық активтерді заңсыз өндіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Күдіктілер 2022 жылдан бастап 2024 жылдың мамыр айына дейін Астана қаласының аумағында ай сайынғы электр қуатын тұтынуы мегаполистегі бір тұрғын алабының қажеттілігімен парапар болатын, қозғалтқыштарды өңдеу орталығының түрінде жасырылған майнингтік ферманың қызметін ұйымдастырған. 

– Аталған кезеңде өндірілген заңсыз цифрлық активтердің құны 143 млн теңгеден асты.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 1 300-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен (ASIC), оларды салқындатуға арналған құрылғылар және қосалқы трансформаторлық станса тәркіленді. 

Бұдан басқа, олардың электр энергиясы үшін 25,3 млн теңге сомасына төлем жасамағаны анықталды, – делінген хабарламада. 

ҚПК-нің 201-бабы  талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Қаржылық мониторинг агенттігінің істері бойынша 2024 жылы цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында 7 үкім шығарылды, олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық жолмен алынған құны 1.2 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.  

ҚМА «ҚР цифрлық активтер туралы» заңына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында цифрлық майнинг қызметі лицензиялауға жататынын, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығару және оның айналымы, сондай-ақ осыған ұқсас биржалар қызметі «Астана» Халықаралық қаржы орталығы аумағында ғана жүзеге асырылатынын хабарлайды.