Тергеу судьялары институты мемлекетімізде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады.
Электронды білезік: Адам құқығы қоғам мен мемлекеттің қорғауында
207
оқылды

Бәрімізге белгілі, азаматты ұстау мен қамауға алудың негізділігі туралы мәселе әрқашан әлемнің барлық елінде қылмыстық процесте адам құқығын қамтамасыз етудің негізі болды және солай болып қала береді.

Адамды негізсіз ұстаудан және қамауға алудан сот қорғауының ең алғашқы және, мүмкін, ең танымал жарқын мысалы - 1679 жылы ағылшын парламенті қабылдаған "Habeas Corpus Act" Азаматтардың бостандығын жақсырақ қамтамасыз ету және теңіздерде түрмеге қамаудың алдын алу туралы Акт" заң актісі.

"Habeas Corpus Act" қамауға алу ережелерін анықтады және азаматты ұстау және қамауға алу заңдылықты бақылау құқығын сотқа берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты Қазақстан халқына Жолдауында: "Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес", - деп атап өтті.

2021 жылғы 15 қазандағы №674 Жарлығымен бекітілген "Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына" сәйкес қылмыстық процесте мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын және бұлтартпау шараларын қолдану тәртібін жетілдіру, "Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы" елдеріндегі қылмыстық-процестік қызмет саласындағы адам құқықтары мен оның заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету деңгейіне жақындауға Қазақстан Республикасының ұмтылысына жауап беретін ұлттық құқықты дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында адам мен азаматтың құқықтарын қорғау жөніндегі сот бақылауының функцияларын тергеу судьялары жүзеге асырады.

Біздің ойымызша, біздің еліміздегі тергеу судьяларының құқықтық институтының пайда болуы мен дамуына қатысты белгілі бір хронологиялық шолыма жүргізу артық болмайды.

Мәселен, заңнамалық деңгейде алғаш рет тергеу судьясының мәртебесін бірінші сатыдағы соттың судьясы ретінде қолданыстағы ҚПК белгіледі, оның өкілеттіктеріне ҚПК көздеген тәртіппен қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын жүзеге асыру жатады.

Осылайша, тергеу судьялары институты біздің мемлекетімізде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады.

Бастапқыда тергеу судьяларының өкілеттіктеріне 20 мәселені қарау кірді, оның ішінде: күзетпен ұстауды, үйқамақты, лауазымынан уақытша шеттетуді, жақындауға тыйым салуды, экстрадициялық қамақты, кепіл қолдануды, мүлікке тыйым салуды санкциялау тағы басқалары.

Алдағы уақытта тергеу судьяларының өкілеттіктері қарап-тексеруді, тінтуді, алуды, жеке тінтуді, мәжбүрлеп куәландыруды, үлгілерді мәжбүрлеп алуды санкциялау мәселелерді қарау және басқа мәселелерімен толықтырылды.

2018 жылы Елордада, Республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында сот жүйесінің кадрлық және материалдық ресурстары есебінен мамандандырылған (ауданаралық) тергеу соттары құрылды.

Осылайша, аудандық және қалалық соттардағы тергеу судьялары институты біздің елімізде 2015 жылдан бастап, ал мамандандырылған (ауданаралық) тергеу соттары 2018 жылдан бастап жұмыс істейді.

Тарихи ауқымда салыстырмалы түрде қысқа уақыт кезеңі ішінде - тиісінше 6 және 9 жыл ішінде мамандандырылған (ауданаралық) тергеу соттары және аудандық және қалалық соттардың тергеу судьялары сотқа дейінгі тергеу сатысында тиімді сот бақылауын қамтамасыз етті, сот тәжірибесі белсенді қалыптастырылды, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты "Бұлтартпау шараларын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы", "Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау туралы" нормативтік қаулылар қабылдады, "Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды соттардың қарауы туралы" нормативтік қаулыға түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізді, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы сот бақылауы мәселелеріне тікелей қатысты мәселелер бойынша түсініктемелер берді.

Жасыратыны жоқ, барлық тергеу әрекеттері, әрине, адам мен азаматтың белгілі бір конституциялық құқықтарын шектейді.

Мысалы, қамауда ұстау, үйқамаққа алу, экстрадициялық қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану Қазақстан Республикасы Конституциясының 16, 21-баптарында кепілдік берілген жеке бас бостандығы мен жүріп-тұру бостандығына конституциялық құқықтарды шектейді.

Ал қарап-тексеру, тінту, алу, жеке тінту өндірісі - жеке басына, тұрғын үйге, жеке өміріне, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылық Қазақстан Республикасы Конституциясының 18, 25 баптарында кепілдік берілген құқықтарды шектейді.

Осылайша, тергеу судьяларының сотқа дейінгі тергеу сатысындағы адам мен азаматтың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметі іс жүзінде адамның және азаматтың белгілі бір конституциялық құқығын шектейтін белгілі бір тергеу әрекетін жүргізу үшін қылмыстық іс жүргізу заңында белгіленген заңды негіздердің болуын тексеруге бағытталған.

Егер мұндай заңды негіздер болған жағдайда тергеу судьясы тергеу әрекетін жүргізуге санкция береді.

Ал тергеу әрекетін жүргізу үшін жеткілікті заңды негіздер болмаған жағдайда тергеу судьясы оның санкциясынан бас тартады.

Әрине, қылмыстық қудалау органының күдіктіге қатысты оны қолдану үшін жеткілікті заңды негіздердің болмауына байланысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту туралы тергеу судьясының шешімі сотқа дейінгі тергеу сатысында адам мен азаматтың құқықтары тікелей қорғалатын сот актісі болып табылады.

Осыған байланысты тергеу судьялары қызметінің барлық алуан түрлілігі мен жан-жақтылығы кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы сот бақылауының тиімділігі және судьялардың қылмыстық қудалау органдарының ықпалынан тәуелсіздік дәрежесі негізгі сандық өлшемдердің бірінде, атап айтқанда күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы қылмыстық қудалау органдарының өтінішхаттарын қанағаттандыру көрсеткішінде айқын көрінеді.

Осыған байланысты, 2021-2023 жылдар кезеңінде Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу соты бойынша күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы қылмыстық қудалау органдарының өтініштерхаттарын қанағаттандыру көрсеткіштері бойынша қысқаша кейбір статистикалық деректерді келтіреміз.

Мәселен, 2021 жылғы 12 айдың нәтижелері бойынша Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу соты бойынша күзетпен ұстауды қолдану туралы өтінішхаттарды қанағаттандыру көрсеткіші 90,6%, орташа республикалық көрсеткіш 87,9% құрады.

2022 жылғы 12 айдың нәтижелері бойынша Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу соты бойынша күзетпен ұстауды қолдану туралы өтінішхаттарды қанағаттандыру көрсеткіші 80,8%, орташа республикалық көрсеткіш 80,4% құрады.

2023 жылғы 12 айдың нәтижелері бойынша Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу соты бойынша күзетпен ұстауды қолдану туралы өтінішхаттарды қанағаттандыру көрсеткіші 79,5%, орташа республикалық көрсеткіш 76,1% құрады.

Осылайша, Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу соты бойынша күзетпен ұстауды қолдану туралы өтінішхаттарды қанағаттандыру көрсеткіші 2021-2023жж. ішінде: 2021ж. 90,6%-тен 2022ж. 80,8%-ке дейін және 2023ж.79,5%-ке дейін тұрақты төмендеді.

Осыған байланысты, қазіргі уақытта тергеу судьялары қызметінің нәтижелері сотқа дейінгі тергеу сатысында сот бақылауының тиімді тетігі жолға қойылғанын және нәтижелі әрекет ететінін дәлелдейді деп айтуға жеткілікті негіздер бар.

Сонымен қатар, адвокаттар қауымдастығының өкілдері тергеу судьялары қылмыстық қудалау органдарының ұстанымын жиі қолдайды және көп жағдайда бұлтартпау шарасын қамауда ұстау түрінде санкциялайды деген пікірлер жиі айтылады.

Осыған байланысты келесіні айту керек. Мәселен, күзетте ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау жөніндегі өкілеттіктер 2008 жылы прокуратура органдарынан соттарға "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қамауға алу, үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 5 шілдедегі Заңына сәйкес берілді.

Осылайша, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын соттар соңғы 16 жыл бойы санкциялап келеді.

Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қанағаттандырылған өтінішхаттарының санын азайтуға тұрақты үрдіс байқалады.

Мәселен, 2019 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі 5 жылдық кезеңде ғана ел бойынша мұндай өтініштерхаттарды қанағаттандырудың жылдық көрсеткіші 2019 жылғы 87,9%-тен 2023 жылы 76,1%-ке дейін төмендеді.

Осыған байланысты тергеу судьялары бұлтартпаудың балама шараларын қолдануға ниетті екенін атап өткен жөн.

Алайда, көптеген жағдайларда кепіл қолдану күдіктілер мен олардың туыстарының материалдық жағдайына байланысты қолданыла алмайды.

Бұл ретте қылмыстық қудалау органдары осы уақытқа дейін күдікті адамдарға қатысты үйқамақ қолдануын санкциялау туралы өтініштерді сотқа өте сирек жібереді.

Мәселен, Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу сотының қылмыстық қудалау органдарының өтінішхаттарын қарау нәтижелері бойынша үйқамақ қолдану түріндегі бұлтартпау шарасы 2021 жылы 1 күдікті адамға, 2022 жылы 3 адамға, 2023 жылы 5 адамға қатысты қолданылды.

Бұдан басқа, қылмыстық қудалау органдарының қалыптасқан ұстанымы күдікті адамдардың үйқамақ немесе ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шараларын қолданған жағдайда олардың мінез-құлқына тиісті бақылауды қамтамасыз етпейді.

Соның салдарынан күдіктілер қылмыстық қудалау органдары тарапынан олардың мінез-құлқына тиісті бақылаудың болмауын пайдалана отырып, қылмыс жасауды жалғастыра алады.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының электрондық білезіктерді қолдана отырып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану тәжірибесін белсенді кеңейту туралы бастамасы қылмыстық қудалау органдарының "Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын" орындауын нақты мазмұнмен толтырады, сотқа дейінгі тергеу сатысында сот бақылауының сапасын тікелей күшейтеді, тергеу-күзетпен ұсталған адамдардың санын және оларды ұстауға арналған бюджеттік шығыстарды азайтады.

Қазіргі шақта сот жүйесі, әсіресе мамандандырылған тергеу соттары талқыланып жатқан мәселе бойынша жанжақты, толық дайын. Енді қылмыстық қудалау органдары бұл мәселе бойынша жылдам нақты іс-әрекет жасайтын кезең келді. Демек, олар жеткілікті сапалы электронды білезіктерді сатып алу керек, сонымен қатар, күдіктілерді «тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 тәулік» режимінде электрондық білезіктер арқылы тәулік бойы үздіксіз онлайн бақылауға жауапты бірыңғай органды анықтауы керек.

Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келе, біз қойған сұрақтар мен ұсыныстар тергеу судьялары институтының қалыптасу проблемаларының тереңдігін қамтымайтынын атап өтеміз. Сонымен, біздің елімізде мамандандырылған тергеу соттары құрылғанына және жұмыс істеуіне алты жыл ғана болсада, мәлімделген тақырыпқа тікелей қатысты мәселелер, біздің ойымызша, оңтайлы және сындарлы шешімдер табуда.

Біздің ойымызша, күдіктілердің электрондық білезіктерді үнемі киіп жүруі түріндегі қадағалау құралдарын қолдана отырып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын кеңінен қолдану бүгінгі күні қамауда ұстаудың нақты баламасы болып табылады.

Шахаманов Серік Бәйекеұлы

Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы