Сот сотталушыны тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 30 млн теңге (параның 30 еселенген сомасы) мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалды.
Атырауда 1 миллион теңге пара алған тергеу изоляторының бастығы сотталды
Фото: istockphoto.com
584
оқылды

Атырау қаласының №2 сотында пара алғаны үшін айыпталғанға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігі),  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті «№75 мекеме» бастығының міндетін атқарушы пайдакүнемдік және заңсыз материалдық баю мақсатында пара берушінің інісін шаруашылық жұмыстарына қалдырылған тұлғалардың санатына ауыстырып, тергеу изоляторында қалдыру үшін 1 млн теңге көлемінде пара алған.

Қылмыстық іс сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру тәртібімен келіп түсті, сотталушы өзінің кінәсін толықтай мойындап, жинақталған дәлелдемелердің қатыстылығына және оның жол берілетініне дау келтірмей, сот отырысында оның зерттеуін талап етпегендіктен, сот талқылауы қысқартылған тәртіппен қаралды.

Прокурор сотталушыға мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, «әділет подполковнигі» арнайы шенінен айыруды сұрады.

Сотталушы кінәсін толықтай мойындап, жеңіл жаза түрін тағайындауды сұрады.

Сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы, кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі – жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сот сотталушыны тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 30 млн теңге (параның 30 еселенген сомасы) мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалды. Ол «әділет подполковнигі» арнайы шенінен айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.