Жиында АЭС-тің артықшылығын түсіндірді.
АЭС: Халыққа энергетикалық тәуелсіздік керек
947
оқылды

АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшелері Ғ.Сарыбаев пен Р.Қожасбаев және Жетісу облыстық Халықтық штаб мүшесі Р.Салыкова Талдықорған жылу сервис мекемесінің қызметкерлерімен кездесті. Келелі жиында штаб мүшелері АЭС-тің жаңа мүмкіндіктер мен экономикалық серпін беретінін түсіндірді.

– Бүгінде барлық мемлекет үшін халықты тұрақты және қауіпсіз энергиямен қамтамасыз ету – стратегиялық мәселе. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елдің энергетикалық қауіпсіздігін тек атом энергетикасы арқылы қамтамасыз етуге болады. Өйткені дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері тұрақты өндіріс бола алмайды. Сондықтан елімізде де атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесі бойынша ғалымдар көп жұмыс істеп жатыр. Елімізде атом саласында 17,9 мыңға жуық адам жұмыс істейді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да  15 мыңға жуық жұмысшы бар. Атом өнеркәсібіндегі студенттердің саны 9 000 адамды құрайды, – деді Ғ.Сарыбаев.

Өз кезегінде Р.Қожасбаев АЭС салудағы экономикалық мүмкіндіктерді тізбектей жөнелді. Айтуынша, бұрын Қазақстан ірі-ірі зауыттар саларда электр энергиясының мүмкіндігіне қарайлайтын. Ал АЭС салған соң, еш жалтақсыз өндірісті өрістетуге болады екен.

– Атом электр стансасында өндірілетін электр энергиясының құны басқа энергия көздерімен салыстырғанда жоғары болмайды. Өйткені ондағы отынның бағасы тұрақты және энергия сыйымдылығы жоғары, сондай-ақ стансаның қызмет ету мерзімі 60 жылды құрайды, оны 80 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Қазақстан табиғи уранның барланған қоры бойынша әлемде екінші орында. Барлық барланған әлемдік қорлардың 14%-ға жуығы Қазақстанның жерастында шоғырланған, оның 70%-ы экологиялық таза әдіс жерасты сілтілеумен өндіруге жарамды. Бүгінде Қазақстан әлемдік өндірістің 40%-ға жуығын өндіріп, уран өндіруден әлемде бірінші орында тұр, – деді Руслан Қожасбаев.

Атап өту керек, еліміз АЭС салу арқылы басқа елдерге энергияға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік жасамақ.