Таяуда «Алматы–Байсерке–Талғар» магистралды газ құбыры екінші тармағының құрылысы аяқталды. Іс-шараға «Самұрық–Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев және QazaqGaz ҰК АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.
QazaqGaz-дың жаңа жобасы: Алматыдағы экологиялық және экономикалық серпін
468
оқылды

Бұл – ЖЭО арналған газ инфрақұры­лы­мының төртінші нысаны. Оның ұзын­дығы – 62,4 шақырым, диаметрі – 530 мм, өткізу қабілеті – сағатына   1 000 000 тек­ше метр.

«Бүгінде барлық жұмыс аяқталды. Объектінің маңы жайластырылды. Газ құ­бырының жұмысы тексерілді. Ма­гист­рал­ды газ құбырының екінші тармағы тұ­тынушыларды және ЖЭО–2, ЖЭО–3 нысандарын табиғи газбен тұрақты түрде қам­тамасыз етуге ықпал етеді», – деді Нұрлан Жақыпов. 

Сонымен қатар газ тасымалдау жүйе­сін кеңейту қолданыстағы Алматы–Бай­серке–Талғар бір желілік газ құбырының тоқ­тап қалуына байланысты төтенше жағ­дайларды болдырмауға мүмкіндік бере­ді.  

«Мемлекет басшысының Алматы қа­ласының Жылу электр орталықтарын газдандыру туралы тапсырмасы аясында QazaqGaz ұлттық компаниясы «Алматы–Бай­серке–Талғар» МГҚ екінші тарма­ғы­ның құрылысын аяқтады. Біздің еншілес компаниямыз «Интергаз Орталық Азия» барлық жұмысты белгіленген кестеден ерте аяқтады. Осы орайда жобаның сәтті жү­зеге асуына қолдау білдірген Са­мұ­рық–Қазына қоры, Алматы қаласы, Ал­­маты облысының әкімдігіне ерекше ал­ғысымды білдіремін», – деді Санжар Жаркешов. 

Сыртқы газ инфрақұрылымын дайын­дау төрт ауқымды нысанның құ­ры­лысын қамтыды. Олар – ЖЭО–2 және ЖЭО–3 екі автоматты газ тарату стан­са­сы, олардың өнімділігі – сағатына 250 жә­не 150 мың текше метр; Алматы–Бай­сер­ке–Талғар және Қазақстан–Қытай газ құбырлары арасындағы өнімділігі сағатына 1 млн текше метрді құрайтын ТIP–04 газ құбыры жалғастырғыш және Алматы–Байсерке–Талғар магистралдық газ құбырының екінші желісі. Былтырғы қараша айында екі автоматты газ тарату стансасы мен ТIP–04 газ құбыры мерзі­мі­нен бұрын пайдалануға берілді.

Айта кетейік, Алматы жылу электр стан­саларын газға көшіру  қаланың эко­ло­гиялық ахуалының жақсаруына ықпал ете­ді. Сонымен қатар Алматы мен Алма­ты облысының газ тасымалдау жүйесін кеңейту, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптік кәсіпорындардың дамуына жаңа серпін бере­ді. Тиісінше, жаңа жұмыс орындары ашы­лып, өңір экономикасына мультип­ли­кативтік әсер етеді.