Ыстанбұлда Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының бастамасымен Түркі әлемінің мәдени мұрасын басқару бойынша тәжірибе алмасу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Түркі әлемін түлетер жоба
490
оқылды

Бұл бағдарлама Түркі әлемінің мәдени мұрасын басқарумен байланысты мекемелердің қатысуымен ұйымдастырылған. Тәжірибелік жоба 23 қыркүйекте басталып, 27 қыркүйекке дейін жалғасады.

Тәжірибе алмасу мақсатын­да іске асырылатын бағдар­ламаға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Венгрия, Өзбекстан және Түрікменстан­нан осы саладағы жоғары білікті мамандар қатысуда. Түркі мәдениеті мен мұрасы халық­аралық қорының президенті Ақтоты Райымқұлова осы аталған қор түркі мұрасының сақталуына ықпал ететінін атап өтті.

«Біздің ұйымның мақсаты – түркі әлемінің мәдениеті мен мұрасын қолдау, насихаттау және сақтау. Біз мемлекеттер басшыларының тапсырма­ларына сәйкес, жалпы түркі мұрасын, оның ішінде мате­риал­дық және материалдық емес мәдени мұра ескерткіш­терін сақтау және насихаттау бойынша жұмыс істеп жатыр­мыз. Сонымен қатар түркі ұйымдарымен бірге көптеген ғасыр тарихы бар жазушы­ларымыздың, ғалымдарымыз­дың, бүкіл түркі әлемі ақын­дары­ның жалпы түркі мұрасын басып шығаруға және насихат­тауға қатысқанымызға өте қуаныш­тымыз», – деді ол. 

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, Қордың негізгі жұмысы – каталогтау, жүйелеу, сондай-ақ түркі мұрасын сақтау мен насихаттауға ғылыми көз­қарас қалыптастыру.

Түркі әлемінің мәдени мұрасын басқару бойынша тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Баку қаласында «Фи­зули – 530 жол» кітабының тұсаукесері өтті. А.Райымқұлова Мұхаммед Физулидің шығарма­шылығына арналған Түркі мәдениеті мен мұрасы халық­аралық қорының қолдауымен шығарылған кітаптың тұсау­кесері туралы айта келе, Әзер­байжан мен әлемде ұлы ақын, ойшылдың құрметіне іс-шара­лар өтіп жатқанын атап өтті.

«Оның керемет поэзиясы бүкіл әлемге танымал. Бакуде орналасқан Мәдениет және мұра қоры Физули мұрасын насихаттауға көмектесіп, оның ғазалдарын, өлеңдерін қазақ тіліне аударғанына қуаныш­тымыз. Бұл тәжірибе бізде бар: біз түркі әлемінің барлық ұлы туындыларын түркі әлемінің барлық тілдеріне аударып жатырмыз: қырғыз, өзбек және басқа тілдерде аудармалар жарыққа шығады», – деді ол.

Қор президенті қазірдің өзінде түркі ақындары мен жазушыларының туындылары түркі тілдеріне аударылып, қолжетімді бола бастағанын негізге алды. Айта кетейік, тә­жірибе алмасу бағдарламасының серіктестері қатарында Түрік ынтымақтастық және Үйлестіру агенттігі (TIKA), Фатих муни­ципалитеті, Ыстанбұл коммер­циялық университеті және түркі бейбітшілік қоры бар.

Сымбат БЕГІМБАЕВА