13 қыркүйекте 12 жастағы қыз 13-қабаттан құлап қаза тапты. Осы оқиғаның ізін ала 16 қыркүйекте 7-сыныпта оқитын екі жеткіншек қыз көпқабатты үйдің шатырынан құлап мерт болды.
«Жүрегімде жара бар...»
573
оқылды

БАҚ бұл екі жайтты да суицид деп жазды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, себебі де сан түрлі: суицидке жетелеуі ықтимал онлайн ойындар, қиял-ғажайып сарындағы кітаптар, желідегі сілтемелер және тағысын тағы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицид – бір ғана жағдайдың салдары емес екенін анықтады, соны ескерсек, өрімдей қыздардың өлім құшуының шын себебін анықтай аламыз ба?! Елімізде өзіне қол жұмсағандар, бұл қадамға барған, бірақ аман қалғандар жайлы мардымды дерек-дәйек, суицидтің себеп-салдары турасында сапалы және сандық зерттеулер жоқтың қасы. Оқушылардың өз өмірін қиюына онлайн ойындар себеп бола қалғанның өзінде оған кім тос­қауыл қояды? Жақында «Суицидник» ойынын ойнаған бес жеткіншек жеті жасар баланы баспалдақтан лақтырып жібере жаздады, ол үшін сот ата-анасына 10 АЕК айыппұл салды. Бұл мәселеге шешім бола ала ма? Маман­дар бұған не дейді?

Аягүл МИРАЗОВА,

Еңбек Ері:

Іші бос ұрпақтың дерті

– Өз өмірін  қию – іші бос ұр­пақ­тың дерті. Әл-Фа­раби ата­мыз­дың «Тәр­бие­сіз берген бі­лім – адамзаттың қас жауы» дейтін қанатты сөзінің кебін ки­дік бүгінде, тәрбие мәселесін ақсатып ал­дық. Қандай да бір қателікке бой ал­дыр­ған бүгінгі жас аспаннан жауды ма, жер­­ден шықты ма? Қай ата-ана баласын өзін, қоғамды бүлдірсін деп туады, өсі­ре­ді? Бұл – қоғамның айыбы, бәріміздің кі­нәміз. Біз тәрбие мен білімнің тізгінін тең ұстауымыз керек едік. Алайда жас ұр­пақты ұлттық болмысымызға бойлатып, ұлт­тық тәрбиемізбен өсіру міндетінен ажы­рап барамыз. Адамгершілік, білімге ұмтылыс, тәрбие көргендік, көрегендікке қатысты мысал іздесеңіз, ұлттық мен­та­литетімізден де табамыз. Әйтсе де, біз өзі шет­елге еліктеуден, соларға ұқсаудан жа­лық­пайтын болдық. Әсіресе, осы білім мен тәрбие саласындағы өзгеріс те, елік­теу де, көшіру де қалыпты жайтқа айналып кет­ті. Біздің менталитетімізге сай ма, мі­не­зіміз қабылдай ма – оған қарамаймыз, қа­жетсіз болса да қызыққыш болып ал­дық. 

Осы тұста ұстаздың мәртебесі тура­лы айтудың да орайы келіп тұр. Бүгінде мұғалім оқушының кемшілігін кө­ріп тұрса да, оны айтудан қалды. Өйт­кені мұндай ескертпені бала түгілі, ата-ана­сының өзі қабылдай алмайды, түсін­бей­ді және айтқызбайды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейміз, оны ата-ана дұрыс қабылдауы керек. Жасөспірімнің өтпелі ке­зеңінде тап болатын түрлі келеңсіз жағ­дайы­на ұстаздар баланың ата-анасын, ал әке-шешесі керісінше мектепті кінәлап, бір-біріне сілтеп жатады. Педагогикалық ын­тамақтастық дейтін әдемі ұғым бар: ұстаз, ата-ана және баланың өзі тәрбие мә­селесінде бірігуі, бір-біріне көмекші болуы керек. Батыстың «еркіндігіне» әб­ден тойып, балаға тәйт деуге болмайды де­­генді тренд қылдық, мұның соңы жақ­сы­лыққа апармайды. Әлбетте, «еркіндік» ұғы­мы жақсы, оны тәрбие ісінде ұтымды пай­далануымыз керек, алайда оның өз орны бар. Бала тәрбиесінің бірыңғай ре­цеп­ті жоқ, әрқайсысының жан жарасын жү­рекпен сезініп, шынайы жана­шыр­лық­пен тәрбиелеуге тиістіміз. Не ата-анаға, не ұстазға сырын айта алмаған бала жал­ғыз қалады. 

Қазір әр баланың қолында түрлі гад­жет бар. Олар кез келген ақпаратты еркін тұ­тына алады. Ал оның не көріп, нені са­на­сына тоқып жатқанын бақылай ал­май отырмыз. Себебі ақпараттық алаңды, әлеу­меттік желіні, әртүрлі ойын-сауықты синтездейтін, соған ден қойып отырған ешкім жоқ. Мемлекет ұдайы балаға, жал­пы қоғамға қолжетімді ақпаратты қада­ға­лауы және оның ұрпақ үшін қауіптісіне тос­қауыл қоюы тиіс. Министрден бастап мек­теп қызметкеріне дейін алтынмен ап­тап, күміспен қаптап қойсақ та, олар бұл мәселені түбегейлі шеше алмақ емес, күші жет­пейді. Жарасы жарылғалы тұрған істі би­лік өз бақылауына алуға тиіс-ті, мәсе­лені алдымен мемлекет шешуі шарт. 

Сымбат НҰРТАЗАҚЫЗЫ,

психолог-суицидолог:

Суицид – «айсбергтің шыңы»

– Суицид мә­се­лесі бұрыннан елі­міздегі ең өзек­ті тақырыптардың бірі болып отыр. Өкі­ніш­ке қарай, бұл көрсеткіште Қазақстан әлем­дегі алдыңғы қатарда тұрған 20 елдің ішін­де 19-орында. Сондықтан адамның өз-өзіне қол жұмсауы – біздің елде ғана емес, әлемдегі үлкен мәселенің бірі. Әрбір 40 секунд сайын бір адам суицидтен қай­тыс болса, жыл сайын 800 мың адам суи­цид салдарынан өз өмірін қияды. Бұрын бұл туралы көп айтыла бермейтін, қазір әлеу­меттік желіде, басқа да БАҚ бет­те­рін­де жиі жарияланып жүрген соң суицид жа­саушылар көбейіп кеткендей болып кө­­рінеді. Шын мәнінде, мұндай көр­сет­кіш­тің деңгейі бұрыннан жоғары. 

Қазір өкінішке қарай, суицидтің ал­дын алу шаралары тек білім беру ұйым­да­рын­да, оның ішінде мектептер мен кол­ледж­дерде ғана жүргізіледі, ал жоғары оқу орын­дарында жүргізілмейді. Сонымен қа­тар баланың психологиясымен жұмыс іс­тейтін мамандардың барлығы дерлік – пе­дагог-психологтер, яғни мұғалім пси­хо­­­­логтер. Ал суицид психиатриялық бұ­зы­лыс ретінде қарастырылғандықтан, оның алдын алу үшін арнайы суицидолог ма­мандар қажет. 

Қазақстандағы суицид мәселесі тура­лы ғаламтордан дерек іздей қалсақ, көбіне суи­цид көрсеткіштері мен әскердегі суи­цид шығады. Егер контент-талдау жасап қа­расақ, осы ақпараттардан кейін бұл мә­­­селенің алдын алу туралы ешқандай ақ­парат жоқ. Ата-ана мен қоғам не істеуі ке­рек екені туралы материалдар жиі жа­зыл­ғаны жақсы. 

Ал әлеуметтік желідегі «қараңғы» ойын­­дарда суицидтік қауіп факторлары болуы мүмкін. Бірақ жасөспірімнің суи­цид­ке баруына мына екі фактор әсер ете­ді. Біріншісі – генетика. Егер арғы ата­­­­сында психикалық ауытқулар болып, өзіне қол сал­­ғандар болған жағдайда ол келесі ұр­пақ­та қайталануы мүмкін. «Галлю­ци­на­ция» деген ұғым бар – көзге біреу көрініп, құлаққа сыбырдың естілуі болатын жағ­дай­лар. Оның өзі қауіпті. Екінші фактор – бұ­рын-соңды жасалған суицидалды әре­кеттер, бала кезде алған психологиялық трау­ма (жыныстық, физикалық зорлық көруі, отбасындағы жағдай). Ойынға қай­та оралайық. Бала бір ойын ойнап, қауіп­ке басын тігуі мүмкін емес. Оның арғы жа­­ғында басқа да проблемалары бола­ты­ны анық. Егер сол ойынды мың бала ой­на­са, оның бәрі өз-өзіне қол жұмсай бер­мейді. Тек психикасы әлсіз не бұзылған ба­ла ғана сондай әрекетке баруы ықтимал. Неге? Өйткені оның психикасының мық­ты болуы үшін бастапқы база жоқ. Ол жаңа­ғы айтқаным – генетика не отбасы­лық жағдай. Содан кейін бала өзін осы өмір­де қалдыруға тиісті ішкі я сыртқы ті­ре­гі жоқ екенін сезіне бастайды. 

Жалпы, бала 18 жасқа дейін ата-ана­сының бақылауында болуы керек. Елімізде ата-ана мен бала арасында тығыз қарым-қатынастың жоқ екені бай­қа­лады. Оны балалармен сөйлесу үшін ке­мінде 15 минут бөлмейтінінен көреміз. 15 минут – ештеңеге алаңдамай тек бала­сы­мен отырып сөйлесу. Зерттеулер оның жоқтығын көрсетті. Балада үйден тыс жер­де проблема болуы мүмкін. Егер бала от­басынан жылулық көрмесе, өзін ата-ана­сының алдында қорғанышы бар бала деп сезіне алмаса, сырттан келген қауіп­тер­ге төтеп бере алмай, оңай сынады. Бала үшін суицидке бару оңай жол емес. Суи­цид­ке бару – «айсбергтің шыңы». 

Суицидке баратын адамда екі түрлі белгі байқалады. Біріншісі – сөз­бен жеткізеді: «өмірден шаршадым, ертең менен құтыласыңдар» дегенді тікелей не­месе жанама айтады немесе әлеуметтік же­ліге жариялайды. Екіншісі – іс-әре­кет­пен көрсетеді: баланың ұйқысы бұзылады, мүлде ұйықтамай не көп ұйқыға тәуелді бо­лады, бірі тамақ көп жесе, бірі мүлде же­мейді. Дімкәстік байқалады. Бұрынғы қы­зыққан дүниелеріне қызығушылығы бір­ден төмендеп, сабақ үлгерімі нашар­лай­ды. Осындай белгілер байқалған кезде ба­лаға психологиялық көмек керек екенін түсінуіміз керек. 

Санжар ТҰРСЫНМЕТОВ,

психиатр:

Санаға бағынбайтын саңылау

– Соңғы уа­қыт­та жастардың суи­циді туралы ақ­парат жиіледі. Бұл құбылысты ата-ана мен бала ара­сын­дағы қарым-қа­ты­настың нашарлауы және гаджеттердің кері әсерімен байланыс­тыруға болады. Фрейд бойынша айтсам, баланың психо-эмо­циялық қана емес, психо-сексуалды да­муында да ата-ананың рөлі жоғары. Әр ата-ананың тәрбие беру үлгісі де түрліше болып келеді. Мәселен, бірі гиперөбек­теу­мен тәрбиелесе, екіншісі авторитарлы үл­гіде тәрбие береді. Осы екеуіне үшін­ші­сін қосуға болады. Ол – ги­поө­бектеу. Бұл дегеніміз қазақтың «бала­ны бетімен жі­беру» дейтін сөзіне ұқсас дүние. Осы үш түрлі тәрбиенің негізінде бала жеткін­шек жасқа келгенде психо-эмоциялық түрде ата-анасымен жиі конф­ликтіге түсе­тін болады. Қазіргі ақ­парат таралу қар­­қыны дамыған қоғамда мұның көрі­ніс­тері баланың санасында «Мен тәуел­сіз­бін, басқаға бағынбаймын» дегенді қа­лыптастырады. 

Суицид жасау – тәуелділік құрбаны шегі. Тәуелділік белгілі бір нәрселермен шек­теліп қоймайды. Баланың жаман дү­ние­лерге әуес болып соған тәуелді болуы ем­шектегі кезінен бастап қалыптасады. Егер балада ему процесі дұрыс болмаса, ана­сы емізулі кезде агрессивті халде бола­тын болса бала сүтке қанбай өседі. Соның сал­дарынан баланың қандай да бір нәр­сеге тәуелді болуы байқала бастайды, со­ның жетіспеуі туралы санасы үнемі ха­бар­лап отырады. Одан кейін бала не істейді? Бейсаналы түрде осындай жайсыз оқиғаларға ұрына бастайды. Соңы суи­цид­пен аяқталуы әбден мүмкін. Жаңа айт­қанымдай, жан рахаты үшін қатерге бас тіккен жағдайдың кейбірінде сана оған жолатпай, оның қауіпті екенін айтса да өзін құрбан етуші санасын тыңдағысы келмейді. 12-қабаттан секірудің өте қор­қы­нышты екенін санасы түсініп тұр, бұл кез­де адам транс жағдайында болады. Транс деп отырғанымыз – сананың өзгер­ген күйі, онда ақпаратты сыни қабылдау тоқтатылады. 

Жақында баланы құрбан қылу ние­тіндегі жасөспірімдердің ата-ана­сы сот шешімімен 10 АЕК  кө­ле­мін­де айыппұл тө­леді. Мұндай жаза мә­селені шешпейді, кері­сінше ушықтырады. Се­бебі 10 АЕК-пен жазадан құтылу адам­да «кез келген нәр­­сені ақшамен шешуге бо­лады» деген ой тудырады. Керекті жаза АЕК-пен ше­шілетін болса, кез келген қыл­мыскер қа­лаған қылмысын жасай бере­ді және жасау кезінде ешқандай қор­қы­нышы бол­май­ды. Одан кейін мәселеге ақша ара­лас­қан жерде әділдіктің болуы мүм­кін емес.

Кейбір суицид оқиғалары әлеуметтік же­лідегі жасырын ойындардан басталуы мүм­кін. Ата-ана баланың ойын ойнап жүр­генін қалай байқай алады? Біріншіден, ба­ла тұйық болып, тіпті ата-анасымен дұ­рыс қарым-қатынас жасамайды, бұрын­ғы­ға қарағанда екеуінің арасындағы бай­ла­ныс 70 пайызға төмендейді. Екіншіден, түр­лі сылтаумен бейберекет ақша сұрауды әдетке айналдырады. Өз бетінше несие рә­сімдей бастайды. Қосымша үйірмелерге қа­тысуы жиілейді, бұл сабақтан босаудың, уа­қытын сыртта өткізудің сылтауы ғана. Үйден заттар ұрлануы мүмкін. Басты бел­гінің бірі бала агресивті күйде жүреді. Сон­дықтан баланың әр іс-әрекетін ата-ана жіті бақылауда ұстауы керек. Бұл – де­мократиялық тәрбие. Оның белгілері бойын­ша, ата-ана баласымен үнемі дос ре­тінде қарым-қатынаста болуы керек. Бұл баланың өз бетінше дұрыс шешім қа­был­дауына мүмкіндік береді. Ал авто­ри­тарлы тәрбие (дауыс көтеру, ұрып-соғу, күш көрсету) баланың жан-жақты дамуы­на кері әсерін тигізеді. 

Айсұлу МОЛДАБЕК,

әлеуметтанушы:

Ізсіз қалмас бұл кесел...

– Суицид ту­ра­лы ақпараттың кө­беюі суицид жа­­­­са­ғандар саны­ның артуымен ті­ке­лей байланысты. Қазір еліміз осындай көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы қа­тарда тұр. Бұл құбылыс жастарға қара­ғанда жасөспірімдер арасында өршіп тұр. Пси­хологиялық мінез-құлқы қалып­тас­па­­ған, өмірлік дағдыларға бейім емес 11-15 жас арасындағы жасөспірімдердің әре­кеті қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Осы жастағы балалар телефоннан бас алмай, ойынның қызығына кіріп кет­кен. Бұл жерде баланы белгілі уақыт ара­сын­да ойнату, қандай ойын екенін бақы­лау – ата-ананың жауапкершілігінде. Егер ойын ойнау арқылы бала рахаттанатын бол­са, өмірдегі дағдыларды ұмыта бастап, ойын­дағы әрбір пунктті қайталауға дейін ба­ра­ды. Мәселе тыйым салуда емес, сауат­ты ақпаратты беруде деп ойлаймын. Зерттеулер бойынша суицид жасау тәуе­кел­ділігі басым топтардағы оқушылар бойы­нан қызуқандылық пен агрессияның жо­ғары деңгейі көрініс тапқан, бұл екі тұл­ғалық қасиеттің суицидпен аса тығыз бай­ланысы бар екенін айтпай кетуге болмас. 

Суицид індетінің біз ойлағаннан да те­рең салдары бар. Бұл – бір адамның, яки бір баланың жарық дүниемен қош­тасуы ғана емес, қоғам үшін орны толмас әлеуметтік, экономикалық шығын. Ба­лалар мен жасөспірімдердің суициді олардың отбасы мүшелеріне айтарлықтай әсер етеді. Әркім өзіне-өзі «Мен кінәлі емеспін бе?» деген сұрақ қойып,  өзінің марқұммен қарым-қатынасын еске алып, әрбір болған жанжалда өзін кінәлі санап, «субъективті» шешім жасайды. Тағы да бір үлкен зардаптардың бірі – жасөспірімдер арасындағы суицид ел экономикасына үлкен қиындық туғызады. Жас өскіннің өз-өзіне қол жұмсауы қоғамымыздың болашақтағы белсенді халқынан айырып, ел демографиясына әсер етеді. Өзін-өзі өлтіруді ойлаған жасөспірімдерді анықтап қана қою жеткіліксіз, олардың бетін бері қайтару және емдеу үшін кешенді шаралар болуы керек. Суицидтің алдын алуға ба­ғыт­талған басқа тиімді шаралар жасөс­пірімдердің өмірлік дағдыларын арттыруға бағытталуға тиіс. Өмірлік дағдылары да­мыған балалар өздерін жеке тәуелсіз сезініп, өзінің мәселелерін айналасын­дағылардан айыра алады. Олар белсенді, бастамашыл, болып жатқан оқиғаға жауапты, өзіне сенімді, өзіне деген ішкі бақы­лауын жоғалтпайтын болып келеді және әрине, суицидке бейім болмайды. Ресми деректер бойынша Қазақстанда жыл сайын 200-ге жуық жасөспірім өзіне қол жұмсайды. Мұның тек тіркелген жағдайлар екенін айта кеткен жөн.

Балалық шақта болған түрлі соққы суицидтік мінез-құлықты қалып­тас­тыруға әсер етеді. Мысалы, суицид құр­бандарының 30%-ы отбасы жағдайын­дағы қатал қарым-қатынас пен зорлықты басынан өткізген. Өмірдегі кейбір оқи­ға­лар да жасөспірімдердің өзіне қол жұм­сауы­на әсер етуі мүмкін.

Ал баланың қауіпті ойын ойнауының алдын алу кезінде бірінші кезекте ата-ана жауапты. Егер әлеуметтік желіде қауіпті ойын­ның ішінде жүрген балалардың ата-ана­сы жауапқа тартылған жағдайда са­лын­­ған айыппұл мәселені шешпейді. Оның алдын алу үшін, біріншіден, білім беру мекемелерімен тығыз жұмыс істеу керек. Екіншіден, телефон ойындарына ата-ана бақылау жасауға тиіс.

Дайындаған: 

Айдана НҰРМҰХАН, 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ