Күнгейден теріскейге қоныс аудару бағдарламасы айналасында кезекті дау туындады. Бас прокуратура оған бөлінген бюджет қаржысының 1 миллиард теңгеден көбі алаяқтық жолмен қолды болғанын әшкереледі.
Көштің  мұңы
коллаж: Елдар ҚАБА
1,031
оқылды

Қолданылған қитұрқы схемаларын да атады. Прокуратура сынынан кейін Еңбек министрлігі өзгерістерге бастамашы болды. Онысы еңбек күшінің соған зәру аймақтарымызға көшуін күрделендіріп жібергелі тұр. 

Теріскейдегі өңірлерде қанша халық қалды?

Қолданыстағы «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына» сәй­кес, өңіраралық қоныс аударуда жұмыс күші артық об­лыс­тар – «шығу өңірлері» деп аталады. 2023 жылдан бері шы­ғу өңірлеріне 9 өңір жатады. Бұлар – Алматы, Жамбыл, Же­тісу, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары және Ас­тана, Алматы, Шымкент қалалары. Олар қалай таң­дал­ған? Критерий бойынша кейінгі 10 жылда халық саны жыл сайын 2%-дан артыққа өсіп отырса немесе халқының ты­ғыз­дығы шаршы шақырымға шаққанда 6,4 адамнан асып кет­се, ол өңір автоматты түрде «шығу өңіріне» айналады.  Ұлт­тық статистика бюросының дерегіне жүгінсек, 2024 жыл­ғы 1 тамызда осы 9 өңірде жалпы саны 12 млн 250 мың­нан аса адам тұратыны белгілі болды. 

Қазақстанда жұмыс қолы жетіспейтін өңірлер ресми түрде «қабылдау өңірлері» деген атауға ие. Олар Үкіметтің жеке қаулысымен, қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталары аясында айқындалады. Бұрын қабылдау өңірлеріне ШҚО, СҚО, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Абай және Ұлытау өңірлері жататын. Алайда Үкімет биылғы квотада тек жетеуін қалдырды. Ақмола облысын алып тастады. Бұл ірі өңірде де адам аз: 788,8 мыңдай ғана. Бұл, мысалы, Қостанай облысы тұрғындарынан (827 492 адам) аз. Сарапшылар болса, елорданың іргесінде отырғандықтан, бұл астаналық облысқа босап қалу қаупі төнбейді деген пікір айтады.

Ұлттық статистикалық бюроның мәліметінше, қабылдаушы 7 өңірде биылғы 1 тамызда небәрі 4 793 352 адам өмір сүреді. Соның ішінде еліміздегі ең кішкентай облыс саналатын Ұлытау облысында 221 620 адам ғана бар. Мысалы, шығыс көршіміз Қытайдың бір ғана Шэньян қаласында біздің 7 өңір тұрғындарынан екі есе көп, 8,3 мил­лион адам тұрады.

2013 жылдан бері шығу өңірлерінен қабылдау өңірлеріне 40 мыңнан аз адам қоныс аударыпты. Ұлан-байтақ далада далиып жатқан жеті облысқа 400 мыңның өзі де аздық ететіні даусыз. Ендеше көштің қарқынын күшейту қажет-ақ. Бұл бағытта шенеуніктер батыл қадам жасай алатын емес. Мысалы, 2023 жылы шекара жақтағы өңірлерге қоныстандыруға 6 727 адамға квота бөлінсе, квота 2024 жылы 7 050 адамға дейін шамалы артты. Соның ішінде Ұлытау облысына – 132, Қарағанды облысына 36 адам ғана. Яғни, әкімқаралар жыл бойы пойыздың тек бір-екі вагонын толтыратын адамды ғана көшіре алғанына мәз болмақ. Оның өзінде бұл квота, оның аясында нақты қанша адам қоныс аударатыны, квотаның орындалатын-­орындалмайтыны белгісіз. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасы – 9 483 адам. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 554 адамға көп.

2024 жылы өңірлік квота мынадай: қандастар үшін Павлодар облысына – 902, Қостанай облысына – 550, Ақмола облысына – 285, ШҚО-ға – 269, СҚО-ға – 207 адам, Абай облысына 220 адам. Қоныс аударушылар үшін квота СҚО-ға – 2 702, Павлодар облысына – 2 603, Қостанай облысына – 950, ШҚО-ға – 372, Абай облысына – 255, Ұлытау облысына – 132, Қарағанды облысына 36 адам бөлінген.

Жұмыс күші тапшы әрі ауылдары тұрғынсыз қалып, шетінен жабылып жатқан жеті облысқа ең құрығанда 1 миллион тұрғынды көшіру үшін мұндай қозғалыс қарқынымен 105 жыл қажет болады.

Бағдарлама қаржысы қалай ұрланған?

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, онсыз да адымы ашылмай тұрған бағдарламаның қаражатын алаяқтар «алып» жатқаны анықталды. Прокуратура органдары азаматтардың ерікті қоныс аударуы бағдарламасына бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына талдау жүргізді. Қорытындысында 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқыру фактілері әшкереленді. Бюджет ақшасын ұрлауға шенеуніктер де, кейбір бағдарламаға қатысушылар да атсалысқан. 

Осы мақсатта бірнеше схема қолданылыпты: біріншісі – «өлі жандар»: қоныс аударушылар ретінде жалған адамдар есепке алынған. Кейбір жағдайда оңтүстіктің тұрғындары өзінің солтүстікке «көшіп кеткенін» де білмеген. Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға берілетін мемлекеттік қолдау шарасы олардың сыртынан рәсімделіп, жемқорлардың қалтасына құйылған.

коллаж: Елдар ҚАБА

Тағы бір алаяқтық схема бойынша жауапты шенеуніктер жапырайған лашықтарды жаңа үй ретінде жоғары бағамен сатып алған. Тіпті, мемлекеттік тізілімде апатты үй ретінде тіркеліп, күресінге жіберілуге жатқызылған үйлерге құжат рәсімдеген. 

Келесі схеманы елордалық педагог Ж. Күләш айтып берді. 

– Бізде Елена есімді орыс тілі мен әдебиетінің жас мұғалімі болды. Күйеуі де мектепте істейді. Үш жыл бұрын олар өңірлік квота аясында СҚО-ға қоныс аударуға бел буып, мемлекеттік қолдау алды. Отбасының әрбір мүшесіне 222,6 мың теңгеден (2022 жылы 70 АЕК-ке тең) көлемінде көшуге біржолғы субсидиялар иеленді. Баспана алуға да біраз қаражат берілді. Мұның бәрін мен жақсы білемін, құжаттарын әзірлеуге өзім көмектестім. Бірақ содан кейін Елена жұбайымен бірге біздің мектепте ары қарай қалды, жұмысын жалғастырды. Бұл жерде бір шикілік барын түсініп, құзырлы органға жаздым, – дейді Күләш. Содан кейін жоғарыдан хат түсіп, мектеп Еленаны жұмыстан шығарған көрінеді.

Прокурорлардың айтуынша, қабылдау өңірлеріндегі тұрғындар қалада оқитын, сонда тіркелген баласын, туысын квотаға енгізіп, мемлекеттік қолдау алған жағдайлар кездеседі. Алайда ол адам қалада қалады. Бұған бағдарлама аясында қоныс аударушылардың өзге өңірде жұмыс істеуіне тыйым салынбауы мүмкіндік берген. Туыстар, таныстар баспананы бір-біріне сатып, көзбояу­шылық жасаған, сөйтіп мемлекеттен алған ақшаны өзара бөліскен жағдайлар жетерлік. Ауыл-аудандағы бір үйді бірнеше «қоныс аударушыға» сату сияқты сорақылық әшкереленді.

Бас прокуратура қоныс аудару­шылар үшін өте төмен бағамен са­тып алынған тұруға жарамсыз немесе апатты ғимараттарға құжаттардың рәсімделгеніне назар аудартады. 

– Кейбір жағдайда азаматтар өзінің құжат бойынша қоныс аударылғанын білмеген де. Мұндай фактілер ШҚО, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қос­танай, Абай және Ұлытау облыстарында анықталды. Мысалы, Павлодар облысының Успен ауданында «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің қыз­меткері арзан үйлерді тауып, иесімен оны қоныс аударушыларға жоғары бағамен сатуға келіскен. Мемлекеттен алынған қаражаттың бір бөлігін өзіне қалдырып отырған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, орталықтың қызметкері үйқамаққа алынды, – деп хабарлады Бас прокуратура.

ШҚО-да қоныс аударушылар мен сатушылар арасында сөз байласу жағдайлары анықталды, олар мемлекеттік көмекті алу үшін жалған шарттар жасап, қаражатты бөліскен. Азаматтар бұрынғы мекенжайында тұра берген, қоныс аудару нақты жүзеге асырылмады.

Солтүстік Қазақстан облысының Мәмлүт ауданында қоныс аударушы үйдің нақты бағасы мен мемлекеттен төленген қаражаттың арасындағы айыр­машылықты қалтасына басты. Күдікті алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығы шектелді. 

Жалпы алғанда, прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша 20 іс қозғады. Тергеу барысында барлық күдіктіні анықтау, оларды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу шаралары қабылданып жатқаны мәлімделді. Нормативтік ак­ті­лердегі олқылықтарды жою және бағдарламаны іске асыруды бақылау жүйесін күшейту үшін Үкіметке қадағалау актісі енгізілді.

Жаңа өзгерістер нені шектемек?

Қалай болғанда, жетілдіру жұмыс­тары қолға алынып жатыр. Сондықтан қара аспанды төндіріп, бәрін біттіге санап түңіліп кетуге болмайды. Бас прокуратура терең зерттей келе, 1 миллиард теңгенің талан-тараж болғанын анықтады. Бірақ бұл бағдарламаның бүкіл қаржысы ұрланғанын білдірмейді. Үлкен бөлігі шын мәнінде қоныс жаңартып, Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстанды жерсінген қазақстандықтардың игілігіне айналды, қолтығынан демеді.

Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылдың өзінде өңіраралық еңбек ұтқыр­лығы шеңберінде қоныс аударуды қамтамасыз ету (оңтүстік-солтүстік) бағдарламасына 4 млрд 507,9 млн теңге жұмсалыпты. 2021 жылы бағдарлама жүзеге асырылмады. 2022 жылы – 7 млрд 191 млн теңге, 2023 жылы – 11 млрд 520,4 млн теңге, 2024 жылы – 11 млрд 740,8 млн теңге, 2025 жылы – 11 млрд 740,8 млн теңге, жалпы алғанда, осы кезеңде 46 млрд 701,3 млн теңге бөлу жоспарланған. Бұл цифрлар жыл сайын жаңартылып, өсірілуі мүмкін.

Сондай-ақ Үкіметтің, Еңбек министрлігінің лауазымды тұлғалары өңірлерге сапары аясында қоныс ау­­дарушылардың отбасында болып, жағдайымен танысып тұрады. Мысалы, Үкімет басшысының осы бағытқа жауапты орынбасары Тамара Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысындағы Келлер ауылында болып, соған көшіп барған отбасылармен кездесіп, дастарқанынан дәм татқан еді. Бұл ауылда қалу туралы шешім қабылдаған барлық қоныс аударушы баспанамен қамтылғаны айтылды. Еңбекке қабілетті жастағы 34 қоныс аударушының 23-і тұрақты жұмыс орнына орналастырылды, 5 адам бизнесін ашты, 6 адам бала күтімімен айналысады. Қоныс аударушы отбасыларының балалары балабақша мен мектепке орналастырылған.

СҚО Тайынша ауданының Келлер ауылдық округі әкімдігінің дерегінше, 2023 жыл қорытындысында округ тұрғындарының саны 3 141 адамға жетті. Бұрын 3 мыңнан төмен түсіп кеткен. Жұртшылығының басым көпшілігі – қазақтар. 

Мәселе бұл бағдарламаны ары қарай кемеліне келтіріп, қарқынына қарқын қосуда болып тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Үкіметтің атына жіберілген Бас прокуратураның ескертулерін ескеріп, НҚА-ға түзетулер әзірледі. Ол қоныс аудару шарттарын біршама күрделендіреді. Мысалы, қабылдау өңіріне қоныстанушылар өз облысынан тыс жерде еңбек қызметін жүзеге асыра алмайды. СҚО-ға құжат жүзінде көшіп, өзі елордада отыра алмайды. 

– Еңбекмині Бас прокуратураның ескертулеріне орай азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде көшіру мәселелерін реттеу саласындағы қолданыстағы НҚА-ға түзетулердің үшінші пакетін әзірледі. Бас прокуратура қоныс аударуға қатысушылар мен еңбек мобильділігі орталығы арасындағы шарттық міндеттемелердің негіздерін, жүргізу тәртібін, нысанын және орындалуын мониторингілеу бөлігінде қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті, – деп хабарлады ведомство.

Еңбекмині 2024 жылғы тамызда коррупциялық нормаларды анықтау және нормативтік-құқықтық актілерді (НҚА) жетілдіру бойынша ұсыныстар әзір­леу мақсатында құқықтық мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде келесі өзгерістер көзделеді: біріншіден, Мансап орталықтары (бұрынғы Жұ­мыспен қамту орталықтары) қыз­мет­­керлері қоныс аударушы немесе қандас ұсынған барлық құжаттың шын-өтірігін салыстырып тексеруге міндеттеледі. Бұл ретте ұсынылған құжаттар, сондай-ақ үй құнының 50%-ына дейінгі мөлшерінде экономикалық мобильділік сертификаты бойын­ша төленген ақшалай төлемге сатып алынатын тұрғын үйдің мәліметтері «толықтығы мен дұрыстығы тұрғысынан» тегіс тексерілуге жатады. 

Тексеру барысында орталық қызметкері сатып алынғалы тұрған баспананы барып көруі, оның апатты емесіне немесе үй орнына көң-қоқыр сақталатын сарай сатылмайтынына мұқият көз жеткізуге тиіс. Кейін сол тексеріс қорытындысы үшін басымен жауапты болады. Алайда ауыл-аймақтардағы Мансап орталықтарында жұмыс істейтін қыз-келіншектердің жылжымайтын мүлікке бағалау жүргізетіндей біліктілігі жоқ. Еңбекмині оларды бірер айлық оқу курсынан өткізбегенімен, қандай баспананы лайықты деп тану керектігі туралы ортақ нұсқаулық әзірлеп, семинар өткізсе дұрыс. Қызметкерлер мәміле объектісіне теріс қорытынды берсе, тұрғындардың қарғысын алудан, тіпті соққы, қоқан-лоқы қаупінен қорқуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды. 

Екіншіден, НҚА-ға өзгерістер Еңбек мобильділігі орталықтарының құқығын кеңейтуді қарастырады. Олар енді сатып алынатын жылжымайтын мүліктің құнын бағалау нәтижелеріне шағымдануға құқылы болмақ. Егер сатушы мен сатып алушы тәуелсіз ба­ғалаушы жалдап, ол ескі үйді қымбат бағаласа, орталық оны сөзсіз қабылдай салмай, наразылық білдіре алады.

Үшіншіден, баспана алу үшін экономикалық мобильділік сертификатын беруден бас тартудың қосымша негізі бекітілмек. Егер жаңа қоныс аударушы немесе қандас бұдан бұрын экономикалық мобильділік сертификаты арқылы сатып алынған баспананы сатып алуға ниеттенсе, онда бас тартылуы мүмкін. Өйткені ол баспана бағдарлама аясында қолдан-қолға өтуде деген сөз. 

Төртіншіден, жоғарыда айтылғандай, қоныс аударушылардың қоныс­тану аумағынан тыс жерлерде еңбек қызметін жүзеге асыру құқығы жойылады. Бұдан бөлек, Еңбек министрлігі келесі 2025 жылғы наурыздан бастап, қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізудің, сондай-ақ ерікті қоныс аударуға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің мемлекеттік қызметтерін автоматтандыруды жоспарлап отыр.

Осылайша, министрлік мамандарының сендіруінше, қызмет алушылардың Мансаптық орталық қызметкерлерімен байланысы жойылады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік бе­реді. Осы мемлекеттік қызмет түр­лерін цифр­­ландыру қоныс аударуға қатысушылар мен Еңбек мобильділігі орталықтары арасындағы келісімшарттарда көрсетілген міндеттемелердің орындалуына нақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді. Шынымен солай бола ма, прокурорлық сыннан кейін Еңбекминінің міні түзеле ме, уақыт көрсетеді.

Елдос СЕНБАЙ