60 ата-ана аталған жеке балабақшадан балаларының құжаттарын ала алмай дал болып жүр.
Қонаевта балабақша қызметкерлері 2 айдан бері жалақы ала алмай жүр
1,217
оқылды

Қонаев қаласындағы жекеменшік балабақша қызметкерлері екі айдан бері өздеріне тиесілі жалақысын ала алмай жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.

Сол себепті оларға зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарнасы аударылмаған. Аталған мектепке дейінгі білім беру мекемесінде құжат жүзінде 100-ден астам бала тіркелгенімен, іс жүзінде онда 60 бала барған. Қалалық білім бөлімі мен құзырлы органдардың араласуымен осындай заңсыздықтар анықталған соң балабақша жабылды.

Қонаев қаласындағы жеке балабақшада қызмет етіп, жұмыссыз қалғандардың бірі – Гүлім Ботабаева. Айтуынша, жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемесінің басшысы оны жұмыстан шығарып жіберген.

– Мен бұл балабақшада 2018 жылдан бері жұмыс жасаймын. Оның ішінде медсестра да болдым, повар да болдым. Тәрбиешінің көмекшісі де болдым. Қазіргі таңда екі ай жалақымызды ала алмай жүрміз. Қыркүйектің басында жұмысқа орналасайын десем, мені базадан шығармаған. Соның кесірінен мен жұмысқа тұра алмадым, – дейді жекеменшік балабақша қызметкері Гүлім Ботабаева. 

– Бізде шілде айында әдеттегідей жалақымыз түсуі керек еді, бірақ түскен жоқ еңбекақымыз. Одан кейін тамыздың 26-і күні мен декретке шығуым керек болған. ЦОН-ға барып, құжатты тапсыратын кезде менің зейнетақы қорымда ақша жоқ ешқандай, бөлінбеген. Яғни, осы уақытқа дейін біздің айлығымыздан ақша ұстап келді зейнетақы қорына деп, бірақ ешқандай ақша түспей отырған. Мен қазір айлығымнан бөлек, декреттік демалысқа шыға алмай жүрмін, – деді балабақша қызметкері Айгерім Бекжанова. 

Осындай шағымдарын алға тартқан тәрбиешілер жеке балабақшаға барып, директор мен меңгерушіні орнынан таба алмады. Ұялы телефондарына қоңырау шалып еді, ешкім жауап бермеді. Қонаев қалалық білім бөлімі мен прокуратура қызметкерлері осы оқиға қатысты тексеріс жүргізіп, бірнеше заңсыздықты анықтады. 20 тамыздан бастап балабақша жабылды. 60 ата-ана аталған балабақшадан балаларының құжаттарын ала алмай дал болып жүр.

– Менің балам «Бэби сити 1» балабақшасына баратын. Жабылып қалғалы бері құжаттарын ала алмай жүрмін. Басқа балабақшаға орналастыру үшін медециналық кітапшасы керек. Бұл менің ғана емес, барлық ата-аналардың басындағы жағдай. Бізге көмектесулеріңізді сұраймыз, – деді қала тұрғыны Виктория Зырянова. 

– Бүгінгі күнде құзырлы органдар тиісті жұмыстар жүргізуде. Қалалық прокуратура тексеріс ашады. Сол тексерістің нәтижесінде 381-ші бұйрық талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Сол себепті маусым айынан бастап қаржыландыру тоқтатылды, – деп нақтылады қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева. 

Бұл оқиғаға байланысты қандай шешім қабылданары әзірге белгісіз. Сол себепті жеке балабақша қызметкерлері мен ата-аналар жергілікті атқарушы билік өкілдерінен көмек сұрап отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.